Жарамсыз!

15 мың сарбазды қайдан табамыз?
15 мың сарбазды қайдан табамыз?
15 мың сарбазды қайдан табамыз?

Елімізде көктемгі әскерге шақыру науқаны басталды. Биыл республика бойынша 15 мың жас жауынгер сапқа тұруы тиіс. 1 сәуірде басталған науқандық шара 30 маусымға дейін жалғасады. Оңтүстік жастары да абыройлы міндетті атқаруға құлшынып отыр. Алайда бәрінің ой-жоспары орындалуы мүмкін бе?

Дені сау, ақыл-ойы жетілген әрбір азамат Отан алдындағы борышын өтеуге міндетті. Облыстағы қорғаныс саласының қызметкерлері науқандық шараға ерте бастан кірісті. Былтыр облыс-та 2020 сарбазға әскери өмірдің қызығы мен шыжығын көру «бақыты» бұйырыпты. Бұл көрсеткішпен өңіріміз республикада екінші орында. Ал кемшілігіміз деп кейбір аудандардың жұмысты қожыратып алғандығын айтар едік. Мемлекеттен қолдау бола тұра тындырымды тірлік көзге көрінбеген. Облыс әкімінің орынбасары С. Қаныбековтың жетекшілігімен өткен жиында айтылғандай Созақ, Отырар ауданы шақыру пункттеріне бөлінген қаражатты игілігіне жарата алмаған. Оған қоса, медициналық бақылау-тексеру жұмыстары да көңілдегідей емес екен. Жиын барысында Сәкен Әсембекұлы тиісті азаматтарды сұрақтың астына алған еді, бәрі де күмілжіген күйі уәде берумен шектелді. Қызығы сол, өз кемшіліктерінен ұялған болу керек, кейбір ауданның тиісті өкілдері қорытынды жиында төбе көрсеткен жоқ.

Әскерге құлшынысы бар азаматтардың денсаулығында кінәрат көп. Көпшілігі медициналық сынақтан омақаса құлап жатқандығы жасырын емес. Қолына қару ұстап, елдің тыныштығын күзетеді деген зіңгіттей жігіттердің әскерге жарамсыздығы қоғамды алаңдатып отыр. Оған кім кінәлі? Қаны таза қазақпыз деп кеуде қағамыз. Сайып келгенде, медсынақтан сүрініп жатқан қазақтың баласы. Мәселен, өткен жылғы тексерудің қорытындысында талапкерлердің 70% жарамсыз болғандығы жадымызда. Көбісінің бойынан урологиялық һәм хирургиялық аурулардың белгісі байқалған еді. Әлі де солай.

Бізді қуантатыны, әскери борышын өтеушілердің қатары жыл сайын көбейіп жатқандығы. Облыстық қорғаныс істері департаментінің мамандары бұл пікірді қуаттайды. Жарамсыздардың көптігі жабырқатқанымен, ынта-тілек білдірушілердің саны артып жатқандығы сүйсінтеді. Сала басшылары биылға түзілген жоспарды артығымен орындауға ниетті. Қазірден бастап 18-27 жас аралығындағы ер-жігіттер шақыру пункттеріне қарай ағыла бастапты. Өңіріміздегі 16 шақыру пункті үміткерлерді қабылдауға сақадай-сай.

Тағабай ҚАСЫМ