«Қазақстан 2050 — жастар болашағы» деп аталған облыстық жастар форумы еліміздің әнұранын әуелетіп шырқаудан бастау алды. Жаcтолқынның жетістігі мен атқарған жұмыстарын сарапқа салған жиынға өңіріміздегі жастар орталықтары мамандары, жоғарғы және арнаулы оқу орнындағы белсенділермен қатар, жастар қоғамдық ұйымдары өкілдері мен аудан-қала әкімдері және басқарма басшылары қатысты. Биыл қаламыздағы №65 мектеп-гимназияға «Жастар практикасы» бағдарламасы аясында жұмыс жасап, нәтижесінде тұрақты жұмысқа қабылданған жас ұстаз Ұлдана Әбшенова ортаға шығып жоспарымен бөлісті.
Ұлдана Әбшенова, жас маман: «Елбасымыздың Ұлы бастамаларын бірауыздан құптап, нәтижеге жетуде бірлесе, жұмыла жұмыс атқару арқылы дәлелдегіміз келіп отыр. Кез келген жаңалыққа жаны құмар, асқаралы асулардан жүрексінбей өтетін жастардың легінде жүрген жас ұстазбын. Ұлысымның ұйытқысы – Оңтүстіктің жүрегі үшінші қала Шымкентте Елбасымыздың бастамасымен Назарбаев мектептері ашылуда. Менің тәрбиелеп, білім нәрімен сусындатып отырған оқушыларым сол мектепте оқуды қазірден бастап өзіне мақсат қойды. Орта білім беретін мектепті аяқтаған соң, білім қуып, арман қуып «Болашақ» бағдарламасы арқылы білімін жетілдіріп келсе, «Дипломмен ауылға» бағдарламасы арқылы «қарашыңарығымыз» ауылдың көркеюі жолында адал еңбек ететініне сенім білдіремін. Келешек ұрпақ лайықты қызметке қол жетуі арқылы болашақты баянды етері анық».
Бұл — жұмыссыздықпен күрес шарасының жемісі. «Дипломмен ауылға» мемлекеттік бағдарламасы да талай жастың жолын ашса керек.
Қанат Асанов, жас маман: «Патриотизм, ұлттық идея дегеніміз не? Ол қара бастың қамы емес, не тайпаның зары емес, адамзаттың баласы- ұлтымыздың ұлықтығы үшін теңдігі мен елдігі үшін өтейтін әр пенденің қарызы мен парызы болса керек. Намыс деген осындай еркіндік қолға тигенде бел шешіп іске кірісу, жан аямай еңбек ету. Құрметті жасампаз жастар! «Ел мен үшін не істей алады»- деп сұрамаңыз «ел үшін өзім не істей аламын» деп сұраңыз! Бүгінгі таңда да мемлекет тарапынан жастар мәселесіне көп көңіл бөлу қажеттілігі жалпы мемлекеттік саясат басымдылықтарының бірі ретінде қарастырылып, маңызды орынға ие. Бүгінгі «Дипломмен ауылға» бағдарламасы Елбасымыздың бастамасымен жүргізіліп отырған салиқалы саясатының бір жемісі. «Дипломмен ауылға» бағдарламасы еліміздің әлеуметтік-экономикалық инфрақұрылымдарын жақсартуға, жас мамандардың өздерінің кәсіби саласымен ауылдың жағдайын жақсартуға бағытталғаны айқын».
Дипломмен ауылға барған жас маман осылайша қағаздағы сөзін мүдірмей оқып шықты. Өзінің ұтқаны мен ауылға қосар үлесін айтуға құлық танытпады десті келгендер. Айтпақшы, статистикаға жүгінсек жыл басынан бері облысымызда 21 мыңнан астам жұмыссыз жас тіркеуде тұр. Бұл тіркелгені ғана. Жұмыссыздық, еңбек шарты – жастар саясаты жүзеге асуы үшін жастолқын өз міндетін білуі керек дейді ағабуын. Бірақ оларды жастардың кей әрекеттері таң қалдырды.
Өмірзақ Мелдеханов, «НұрОтан» ХДП Шымкент қалалық филиалының төрағасы: «Мынау енді облыстық жастар форумы жақсы тақырыпта өтіп жатыр. Елбасының 2050 стратегиясы. Бұл халықтың жүрегінде жүрген халықтың әңгімелері. Бұны жастарға тағы бір ұғындырып өту артық етпейді. Ұйымдастыру жағы өте жақсы. Бірақ мені бір мәселе таң қалдырды. Жаңағы әкімнің орынбасары Берік Оспанов және басқалары әнұранды айтып тұр. Ал жанындағы жастар әнұранды айтып тұрған жоқ. Ал елдің, жастардың патриоттық сезімі елдің әнұранынан басталады. Елді сыйлайтын болсаң, халықты сыйлайтын болсаң, елдің ұлы боламын десең, Қазақстан мемлекетінің әнұранын айта білуің керек. Төрде тұрған жүргізуші жігіт пен жаңағы Жандос Қалтаев ауыздарын ашқан да жоқ. Мен соған көңілім біртүрлі болды жаңағы. Бұндай жерде жаттанды сөзбен емес, өзіңнің жүрегіңнен шыққан сөзбен сөйлеу керек. Себебі барлығы қазақ тілінде сөйлеп жатыр. Өзіңнің ана тіліңде, ия осы тілде сөйлегесін жаттанды сөзсіз өз жүргіңнен шыққан сөзбен айтатын болсаң, жүректен шыққан сөз жүрекке жетеді дейді. Ал енді жаттанды сөз жүрекке жетпеуі мүмкін. Бүгін жастардың бәрі жаттап алған жаттанды сөздермен айтты. Оқыды. Маған ол нәрсе тағы да ұнамады. Сондай бір-екі ескерту. Бірақ ұйымдастыру жағы және әңгіменің тақырыбы жақсы. Бұл жастарға нақты түсіндіруіміз керек. Бірақ жастардың ішінде мынау төрдегі отырған жастардың патриоттық сезімі жоғары болуы керек. Ол сол жерде отыруға өзі де, сөзі де, іші де тұратындай азамат болуы керек. Дәл қазіргі уақытта форум аяқталмай жатып, залдан шығып кетуімнің бір себебі осы десем де болады. Сонымен қоса мынау жастардың жұмыстарына көңілім толмайды. Олар тек әдемі киініп, көзбояушылық жасауды қоюы керек. Құрғақ сөз емес, іспен көрсетуі керек деп ойлаймын. Көпке топырақ шашпаймын, кеше ашылған жастар басқармасына айтарым жоқ. Бірақ одан алдын жұмыс істеп келе жатқан мекемелер бар емес пе?! Олар өздерін күшті жұмыс жасап жатқандай сезінеді, көпшілікті олай алдаудың қажеті жоқ. Тындырған жұмысын ұсынсын одан да. Бастық болуға, кеуде керуге асықпау керек. Одан да сол атқа, сол орынға лайық болуы үшін жемісті жұмыстар жасауы керек деп ойлаймын».
Жаттанды сөздер айтылды делінген Форум Оңтүстік жастарының атқарған еңбегін ғана емес, бағытын да бағамдағандай болды. Сонымен қоса , Елбасының жолдауына сәйкес алдағы 10 жылда елімізде 370 мыңнан астам жұмыс орындары ашылатыны айтылды. Ендеше жұмыссыздар саны азаяды деген үміт те жоқ емес.