Қазақшаңыз қалай?

Татьяна КОРЯКИНА
Татьяна КОРЯКИНА

«Оңтүстік Рабат» газеті елімізді мекен еткен өзге ұлт өкілдерінің мемлекеттік тілді білуі мәселесіне жіті көңіл бөлуде. Газетте Наурыздан бастап «Сөздік» айдары тұрақты түрде әр бетте жарияланып тұрады. Ал 1- Мамыр Қазақстан халқының бірлігі күніне орай, «Бір-халық, бір-Отан, бір-тағдыр» дегенді ұран еткен бірнеше отандасымыздың мемлекеттік тілге деген көзқарасын ұсынып отырмыз.

Татьяна КОРЯКИНА, тележүргізуші: «Мен қазақ тілін мектепте оқып жүріп-ақ, меңгердім. Қазақ тілі пәнінен сабақ берген ұстазым өте жақсы болды. Оның әдістемесі арқылы тіл меңгеруге деген ынтамыз артатын. Қазақ тілінде сөйлеп қана қоймай, жазып, әдеби шығарманы да еркін оқуға баулыды. Бүгін тіл біліп, сөйлеп жүргенім сол ұстазымның арқасы деп айта аламын. Сондай-ақ, араласатын достарымның көбі қазақ ұлтынан. Жолдасымның да достары қазақтар. Сондықтан болар, қазақ тілін оңай түсініп, жақсы сөйлейтінім. Отбасымда да қазақ тілін насихаттап, балаларымыздың мемлекеттік тілді жетік меңгеруін қадағалап отырамыз. Ал өзім қазақ тілді әріптестеріммен бірге тікелей эфирде жүргізген көптеген бағдарламаларымда қазақ тілін меңгергенімнің көп көмегі тигенін мойындаймын.  Тіл білгеннің арқасында досың да көбейетіні сөзсіз».

Анна ЗАРУБИНА
Анна ЗАРУБИНА

Анна ЗАРУБИНА, жарнама менеджері: «Мен қазақ тілін балабақшада жүріп үйрендім. Қазақ тобына бардым. Мектепте де құрбыларымның көбі қазақ қыздары еді. Отбасымда өзімнен өзге ешкім қазақ тілін меңгермеген. Оларға әрдайым үйретіп, аударып жүремін. Менің ойымша қазақ тілін әрбір қазақстандық білуі керек. Ұлтымыз өзге болғанымен, отанымыз бір. Сондықтан ортақ тілді меңгеріп, қазақша сөйлеп, қазақша ойлауымыз керек деп есептеймін. Екі қыз тәрбиелеп отырған ана ретінде, қыздарымды қазақ мектебіне беруді жоспарлап отырмын. Болашақтың барлығы мемлекеттік тілімізбен байланысты. Мен Қазақстаннан ешқайда көшіп кетпеймін. Бұл менің Отаным. Олай болса, ұрпағымның болашағы қазақ тілін жетік меңгеруіне байланысты екенін жақсы түсінемін.  Өзгелердің де осыған мән бергені  дұрыс шығар деп ойлаймын».