Сұм соғыстың аяқталғанына, биыл 68 жыл. Сонау сұрапыл қантөгіс жылдары майданда миллиондаған адам көз жұмды. Бүгінде Ұлы Отан соғысына қатысқан ардагерлеріміз қартайып, олар жыл өткен сайын азая түсуде. Сондай ардагердің бірі – Шымкент қаласының тұрғыны Абылай Қазыбаев.
– Аспаннан оқ қарша борап, қан сасыған майдан даласында жүргенде осы күндерді көремін деп кім ойлаған? – дейді Абылай ата өткен күндерін еске алып.
Абылай Қазыбаев 1925 жылдың 1-шілдесінде дүниеге келіпті. Майдангердің балалық шағы мен жастық дәурені қиын кезеңге тап келген. Бала күнінде елді жайлаған ашаршылық талай үйдің түтінін өшірсе, одан кейін 37-нің зұлматынан халық көз ашпай жатып, Ұлы Отан соғысы басталып кетті. Елімізге зор ауыртпалық әкелген Ұлы Отан соғысының зардабы тимеген шаңырақ кем де кем шығар. Әкелеріміз бен ағаларымыз қан майданда толарсақтан саз кешіп, жанкешті қаһармандығымен басқа ұлыстар алдында өздерінің ерлігін көрсете білді.
Соғыс жайлы айтуды аса ұната бермеймін, – деп ардагер әңгімесін жалғады. – Әуелі соғысқа ағам Ақтай кетті. 1938 жылы әскери борышын өтеп, елге қайтарында, соғыс басталып майданға аттанды. Ал, 1942 жылдың наурыз айында ағаларым Төлек, Жұмай, әкем Қозыбай үшеуі соғысқа кетті. Сол жылдың желтоқсан айында 17 жасымда мен де өз еркіммен майданға аттандым. Бізді Ташкент қаласындағы «Сталин лагеріне» әкелді. Онда біз ант қабылдап, үш ай бойы соғысқа дайындалдық. 2-гвардиялық дивизия жасақталып, 218-219 полк құрамы бекітілді. Сөйтіп, 1943 жылдың наурыз айында бізді Воронеж қаласына алып кетті. Ол жер қайнаған соғыс. Зеңбіректердің атылып жатқанына қарамастан, алдыңғы шепті бастап жүрдік. Көрініс жан түршігерліктей еді. Қас-қағым сәтте 500 жауынгердің 42-сі ғана қалды. Талай жас жігіттің өмірі қиылды. «Ертеңгі күнді қарсы аламыз ба?» деп алаңдаумен таңды атырдық. Ертеңіне бізді Харьков қаласын азат етуге алып кетті.
Кескілескен шайқас бір аптаға созылып, ақырында қаланы алдық. Сөйтіп, Украинаға келдік. Мұндағы 4-ші украин майданында жүріп Ақмешіт (Белоцерковь), Донбасс, Ворошилград, Киев, Днепр, Таганрог қалаларын азат етіп, Белорусияға өттік. 3-ші белорус майданында жүргенде Минск қаласына жақын Орша деген жерде 4 тәулік бойы табан тірескен ұрыс болып, Минск қаласын босатып, Германия жеріне бет түзедік. Каунас, Вильнюс қалалары үшін қиян-кескі ұрыстарға қатысып, немістердің қоршауына түсіп қалдық. Әлі есімде, қолымда 4 граната бар. Капитан Шеробушкин маған «тұтқынға түс», деп бұйрық берді. Мен оның бұйрығына бағынбадым. Қолымдағы бір гранатаны неміс әскеріне лақтырып жарып жібердім де, капитан екеуміз орманға қарай қаштық. Көп ұзамай бізге көмек келді.
Қазіргі Калининград бұрынғы Кенигсберг қаласы үшін 9 тәулік бойы ұрыс болды. Сөйтіп, 1945 жылы 1-мамырда Кенигсбергке кіріп, немістерді тұтқынға алғанбыз. 1945 жылдың 2-мамыры бүгінгідей көз алдымда. Жеңіске жеткен кезде біз Кенигсберг қаласында едік. Германия жеңілгенін мойындап, көп ұлттан құралған жауынгерлер құшақтасып, мәз-мейрам болып жатты. «Рейхстагқа алғаш ту тіккен қазақ жігіті екен» дегенді сол жерде естідім,- дейді ардагер ата.
Миллиондардың демін тауысқан соғыста үш ағасы да қаза тауып, елге тек әкесі екеуі ғана оралыпты. Абылай атаның айтуынша, әкесі 1945 жылы елге қайтса, ол туған жерге 1950 жылдың мамыр айында ғана келіпті. Сол кездегі Құрылыс-монтаж басқармасына құрылысшы, 1952 жылы Қорғасын зауытына аға машинист болып орналасады. 1951 жылы Нарайым есімді қызға үйленіп, отбасын құрады. 2008 жылы атаның жары қайтыс болады. Бүгінде ақсақал 1 ұлдан өрбіген 4 немерені бауырға басқан бақытты жан.
Жеңіс мерекесі – бұл әлемде теңдесі жоқ, елдік пен ерліктің, шыдамдылық пен қаһармандықтың мерекесі. Бұл халқымыздың мызғымас бірлігінің, беріктігінің арқасында келген қуаныш пен шаттыққа толы мейрам.
Елді қорғау, бейбітшілікті сақтау – бәріміздің борышымыз. Жеңіс үшін барын беріп, Отанымызды қорғау үшін кеудесін оққа тосқан ерлердің есімдері мәңгі есте сақталмақ!
Айжан Ермекқызы