Сайрам-Өгем табиғи паркі

Бүгінде әлемдегі Испания, Түркия, АҚШ, Франция, Грекия, Италия, Таи-ланд сынды елдердегі ішкі жалпы өнімнің бестен бірі, кейбірінде тіпті 30%-ы туризм саласына тиесілі екен. Туризмнің экономиканы аяқтан тұрғызуға қабілетті екенін әлдеқашан білген аталмыш елдер шетелден келетін туристер мен ішкі туризмді дамытуға барлық жағдайды жасап қойған. Шекарасына өткен замат қызмет көрсетудің неше атасын ұсынатын олар қалайда қыдырымпаз халықтың көңілінен шығуға тырысады. Олардың қасында мақтануға бейіл қазақтың қонақжайлығы жолда қалар ма дерсің.

Сайрам-Өгем табиғи паркі
Сайрам-Өгем табиғи паркі

Ал енді өзінің сан алуан табиғи комплекстері мен тарихи орындары бар Қазақстан секілді елде бұл сала қаншалықты дамыған, бағасы құбылмалы келетін мұнай, металдан әлдеқайда табысы қомақты саналатын бұл бизнес көзін біздегілер тиімді іске асырып, дұрыс жолға қоя алған ба?

2004 жылдан бастап елімізде бәсекеге қабілеттілік пен кластерлік даму бағдарламасын жүзеге асыру үрдісі басталғаны белгілі. Бұл бағдарламаның пилоттық жобасын туризм саласына енгізу сол кезде бірауыздан шешілген-ді. Тиімді кластерлік жобаларды анықтаумен айналысатын американдық J.E.Austin Associates inc (JAA) консалтингтік фирмасының вице-президенті Мартин Вебер мырза: «Нақ осы туризм Қазақстан экономикасындағы ең табысы мол салаға айналуының үлкен мүмкіндігі бар», – деп үлкен істің басын шалған болатын сол кезде.

Ақсу-Жабағылы  қорығы
Ақсу-Жабағылы қорығы

Қазақстанның Статистика агенттігінің деректеріне сүйенсек, жыл сайын елдегі туризм индустриясының қарқынды дамып келе жатқанын байқауға болады. Сырттан келетін туристердің саны да біршама артқан. Алайда бұл көрсеткіш анау айтқандай көңіл көншітерлік емес. Ашығын айту керек, Қазақстандағы туристік бизнестің негізгі табысын бүгінгі күнге дейін сыртқы туризм құрап келеді. Ал сыртқы туризм жекелеген компаниялар үшін ғана тиімді. Мемлекет қалтасына пайда түсіру үшін сырттан келетін саяхатшылардың саны артып, елдегі халықтың ішкі туризмін дамыту керектігі айтпаса да түсінікті.

Дәл қазір елімізде 1000-ға жуық туристік компания тіркеліп, әлемнің 90 елімен байланыс орнатқан. Осылардың тек 25%-дайы ғана елге тікелей туристер тартумен айналысады екен. Әзірге сырттан келетін саяхатшылардың үлесі елдегі туризм нарығында шешуші рөлге шыға алмай отыр. Мұны есепке алған ел үкіметі сырттан келетін туристерді арттыру мен ішкі туризмді дамыту үшін осы мақсатта жұмыс істейтін туроператорларды салықтан босатып, еркін әрі жағымды орта қалыптастырып та берген. Бірақ әлі оң нәтиже жоқ.

Тау самалы
Тау самалы

Нәтиженің болмай отырғанын таяуда Оңтүстік Қазақстан облысына іс сапармен келген «Нұр Отан» ХДП-ның бірінші орынбасары Бауыржан Байбек те айтты. «Түркістан мен Отырардағы көне тарихи ескерткіштер мен өңірдегі табиғи туризмді дамыта алмай отырмыз. Оған себеп жетіп артылады деді», – ол. Шындығында өткен жылы елімі­зге шетелдік 39 мың турист келсе, соның 324-і ғана Оңтүстік Қазақстан облысына ат басын тірепті. Дегенмен, бейресми мәлімет көздері өздіг­і­нен әулие аралап келетін туристер саны жы­лына 150 мыңға жуық дегенді айтады. Ішкі туризмді алсақ, өткен жылы туристік фирмалардың қызметін елімізде 158 мың адам пайдаланса, Оңтүстік Қазақстан облысына бар­ға­ны небәрі 1309 адам. Статистика агент­ті­гі­не тиесілі жоғарыдағы мә­­­лі­мет­тер оңтүстік өңірінің өз мүмкіндігін толыққанды пай­­далана алмай отырғанын аңғартады.

Осыдан бірнеше жыл бұрын Қазақстанның Туризм және спорт агенттігі бүкіләлемдік туризм ұйымымен бірлесіп, сыртқы және ішкі туризмді дамытудың тиімді бағыттарын айқындап, соның бірі ретінде экологиялық туризмді атаған болатын. Туризмнің осы түріне қатысты елдегі мүмкіндігі жоғары аймақтар белгіленіп, «Жібек жолы» атауына ие болған бағыт – Алматы, Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан және Ақмола облыстарын қамтыды. Әсіресе Оңтүстік Қазақстан облысы аумағында экотуризмнің дамуына үлкен табиғи қор бар делінген болатын. Мысалға, «Тау самалы», «Сайрам-Өгем» табиғи паркі, Қазығұрт тауы, Шардара көлі мен «Ақсу-Жабағылы» қорығы секілді айрықша жұмақ мекендер шетелдегі кез келген танымал табиғи комплекстерімен тайталаса алатыны белгілі. Дегенмен сол бастама түбінде аяқсыз қалды. Қызмет көрсету сапасының төмендігі мен жарнаманың аздығынан аталмыш орындарға шетелдік туристер түгілі еліміздің тұрғындары да аса көп қызығушылық танытпай отыр. Бір сөзбен айтқанда келгісі келмейді.

Қазығұрт тауы
Қазығұрт тауы

Айтса айтқандай-ақ қызмет көрсету сапасының төмен екені рас. Тіпті қонақ үйлердің өзі қарапайым қызмет түрін ұсына алмай қонақтардың алдында ұятты күйде қалатын кездеріміз аз болмайды. Сосын көрсететін қызметтері удай қымбат. Мәселен, ашылғанына бір-екі жыл болған «Тау самалы» демалыс аймағындағы қонақүйді жалдаудың бір күндік құны 20-30 мың теңгеден асып кететінін естіп, жағамызды ұстадық. Одан қалса жейтін ас-ауқаттың қымбаттығын қоссаңыз тек бай-бағландар мен шен-шекпенділерден өзге қарапайым халықтың бұл жерде тынығуға шамасының жетпейтінін көресіз. Көресіз де көңіліңіз қалады. Сосын арзан жер іздей бастайсыз.

Осы мақаланы жазбас бұрын Шымкенттегі бір туристік фирмаға бас сұққам. Сұрастыра келе Қазақстанның кейбір курортты, демалыс аймақтарында демалысыңды өткізгеннен гөрі Түркияның Антальясына барып 10 күн жатып, теңізге шомылып келген әлдеқайда арзан екеніне көзім жеткендей болды. Турфирма өкілінің айтуынша Антальядағы ортаңқол 3 жұлдызды қонақүйде 10 күн жатып, теңіздің суына шомылып, денеңізді қызартып келу үшін ары кетсе 1-2 мың АҚШ доллары жететін көрінеді. Тіпті ұшақ билеті мен қонақүйдегі жейтін тамағыңыз да соның ішіне кіреді екен. Осындай жағымды әрі арзан орта қалыптастырып берген соң халық Антальяға ағылмағанда қайтсін?

Көптеген сарапшылар Қазақстанның өз мүмкіндігін толық пайдаға асыра алмай отыр дейді. Туризмнің дамуы бірінші кезекте саяхаттауға ыңғайлы жердің пайда болуына қатысты. Себебі әлемдегі дәстүрлі саяхат орындары бүгінде өзінің маңыздылығын жоя бастаған. Осы тұрғыдан алғанда Қазақстанның, соның ішінде Оңтүстік Қазақстанның мол мүмкіндігі бар деп есептеледі және әлемдік туризм нарығының биігіне көтерілуі мүмкін. Ол үшін әрине қызмет көрсету саласын жақсылап дамытып, әлгі туристік орындарды мейлінше демалуға ыңғайлы ете білу керек. Ол үшін қыруар қаражат пен қажырлы еңбек керек. Ал мемлекет болса бұл саланы қарқынды дамыту ісіне аса пейіл танытпай отырғанын байқап жүрміз. Тек анда-санда естеріне түскенде бір сөз етіп қоюдан ары аса алмай келеді.

Анығында, туризм тікелей және жанамалы түрде экономиканың 32 саласы мен елдің инфрақұрылымының дамуына тигізетін әсері мол екен. Қазір әлемдік туризм өзінің ең бір сәтті кезеңін бастан өткеріп жатқан жоқ. Бұған бірінші кезекте жыл сайын әртүрлі елдердегі саяси тұрақсыздық пен терроризм, сепаратизм мен тұтанып жатқан соғыстар да әсер етуде. Алайда бұл құлдырауларды осы саланың басы-қасында жүргендер уақытша құбылыс деп қарастырған жөн деген пікірде.

Ал бізге керегі елдегі туризм саласының қарқынды дамуы. Түркия мен Испаниядағыдай 50-60 млн турист келмесе де 4-5 миллион қыдырымпаздың өзі ел қоржынына әжептеуір ақша салып кетері сөзсіз. Мұншама адам келу үшін жағымды атмосфера мен көрікті жерлердің кең көлемді насихаты қажет. Мұны жасауға келгенде әзірге сылбыр қимылдаудамыз. Мемлекет бұл іске шындап кіріспейінше саланың оңала қоюы да екіталай секілді көрінеді.

Дәурен ӘБДІРАМАНОВ

P.S. Туризм болашақта Қазақстандағы табысы мол индустриялы салалардың ішінде үшінші орынға шығуы мүмкін. Бұл – сарапшылардың пікірі. Бүгінгі таңда Қазақстанда қажетті инфрақұрылымның болмауы – елдегі туризмнің дамымауының негізгі себепкері болып отыр. Десек те, соңғы жылдары бұл бағытта едәуір жұмыстар жасалғанын мойындаған жөн. Бірақ туризмнің дамуы қомақты инвестицияның тартылуына да байланысты екенін ұмытпау керек сияқты. Қазақстан туризм отанына айналуы мүмкін бе? Аман болсақ, ол күнді де көріп қалуымыз ғажап емес.

 

Артық болмас білгенің…

Туризмнің экономикаға мынадай үш түрлі әсері бар:

1 Шетелден тікелей қаржы құйылады

2 Экономикадағы төлем балансы мен экспорттық саудаға жағымды әсер етеді

3 Халықтың жұмыспен қамтылуына септігі тиеді

 

Қайрат Мұсабаев
Қайрат Мұсабаев

Қайрат Мұсабаев, «Әзірет Сұлтан» қорық мұражайының қызметкері

– Халықаралық туристік нарық бүгінгі таңда үлкен қаражат көзі болып табылады. Жүздеген миллиард долларлар айналымда жүріп, өзімен бірге үлкен бәсекелестікті де туғызған. Бізде туризм индустриясының нашар ұйымдастырылуы — ішкі туризм дамуының аяғына тұсау болып келеді. Көптеген отандастарымыз елдің басқа өңірлеріне тек жұмыс бабымен немесе туыстарын көріп қайту үшін ғана барады. Ал демалу аймағын таңдау кезінде мүмкіндігінше елден тысқары жерге шығуды жоспарлайды. Себебі халықтың көпшілігі Қазақстанның қай жерінде толыққанды демалатын орындар барын білмейді немесе қызмет көрсету саласының мүлдем төмендігінен солай жасайды-ау деп ойлаймын. Бір жағынан демалыс бағасының шетелдегідей қымбатқа түсетінін білетіндер одан да сол теңіз жағалауы бар елдерге қыдырғанды дұрыс санайды.