Әйелі бұрынғы күйеуінен кек алмақ болған

335
Жәбірленуші өзіне оқ атқан сезіктіні бірден таныды

Шымкентте жас жұбайларға оқ атқан бұзақы құрықталды. Ол — Шымкент қаласының 30 жастағы тұрғыны болып шыққан. Бұл туралы облыстық ішкі істер департаментінің баспасөз қызметі хабарлады. Осылайша бүтіндей бір отбасының шырқын бұзып, бір айдан бері бой тасалап жүрген күдіктінің қолына кісен салынды.

Тергеу абақтысы
Тергеу абақтысы

Бұл оқиға 11-сәуір күні орын алған. Сол күні үйленіп, қаладағы дендросаябақта қыдырып жүрген жас жұбайлардың тобына белгісіз жігіттер қосылады. Алғашында күйеу жігітті неке тойымен құттықтаған олардың бірі кенет қалтасынан жарақат салатын тапаншаны суырып алып, оқ жаудыра жөнелген.

Жәбірленуші өзіне оқ атқан күдіктіні бірден таныды
Жәбірленуші өзіне оқ атқан күдіктіні бірден таныды

 

«Біз саябақтың ішімен асықпай келе жатқанбыз, деп есіне алады сол күнгі оқиғаны күйеу жігіт. — Қасымызға бір жігіттер келіп, қосылды. Оның біреуі менің қолымды қысып, неке тойыммен құттықтады. Содан кейін іле-шала қалтасынан тапанша алды да менің аяғымнан ата бастады. Қанша рет атқаны есімде жоқ, бірақ, үш оқ менің аяғыма тиді. Құлап бара жатып көргенім, қасымдағы күйеу жолдас болып жүрген досым оқ атқандарды қуа жөнелді.»

 

 

Бұзақылар өздерінің соңдарынан қуа жөнелген күйеу жолдасты да оңдырмаған. Оны да тапаншамен атып тастайды. Соның салдарынан күйеу мен оның жолдасы ауыр жарақат алып, ауруханаға жеткізілген. Бұл оқиғаның жаға ұстатар тұсы сол — оқ атқан сезіктіні күйеу жігіттің бұрынғы әйелі жұмсапты. Осыдан біраз уақыт бұрын жұбайынан ажырасқан ол осылайша кек алмақ болса керек.

Салтанат Қаракөзова, ОҚО ІІД баспасөз қызметінің жетекшісі
Салтанат Қаракөзова, ОҚО ІІД баспасөз қызметінің жетекшісі

 

«Сол күні жәбірленушінің бұрынғы әйелі сезікті жігітке қоңырау шалған, — дейді ОҚО ІІД баспасөз қызметінің жетекшісі Салтанат Қаракөзова. — Ол өзінің бұрынғы күйеуінің басқа қызға үйленіп жатқанын, тойдың қай күні өтетітін анық білген. Сөйтіп, осы күдіктіні жұмсаған. Ал ол дендросаябақта жүрген жас жұбайлардың тобын аңдып жүріп, қастарына келіп, оқ атқан. Содан кейін қашып бара жатып тапаншасын лақтырып жібереді.»

Шұғыл уәкілдер қаруды тауып алды. Ал күдіктінің өзі бір айдан кейін қашып жүрген жерінен құрықталған. Полицейлер оның кім екені сол күні-ақ анықталғанын айтады. Алайда, барлық мәліметтер күдікті шетелге қашып кетпесі үшін құпия сақталған. Қазір тергеу амалдары жүргізіліп, күдіктінің өзге де сыбайластары іздестірілу үстінде. Алдағы уақытта оның үстінен «Бұзақылық» фактісімен қоса «Адам өлтіруге оқталу» оқиғасы бойынша тағы бір қылмыстық іс қозғалуы мүмкін.

[youtube]http://www.youtube.com/watch?v=usYaVZtZtNQ[/youtube]

[youtube]http://www.youtube.com/watch?v=bkG59tmu5NA[/youtube]