Ақырзаман боларда жер бетін қара қытай қаптайды деген сөз бар еді. Сол ақырындап шындыққа айналатын түрі бар. Қытай өзінің жаулап алуын Памир алабынан бастаған сыңайлы.
Тәжік оппозициясы өкілдерінің айтуынша, алдыңғы аптаның дүйсенбісінде қытай әскері Тәжікстанның Таулы-Бадахшан облысы, Мургаб ауданына иелік орнатқан, деп хабарлайды Rosbalt.ru. Дегенмен бұл ақпарат ресми расталған жоқ.
Естеріңізге сала кетейік, Тәжікстан тәуелсіздік жылдарында Қытайға даулы болып келген 1,1 мың шаршы шақырым жерін беріп құтылған болатын. 2011 жылы сол жер Қытайдың иелігіне кеткен соң, тәжік жері бір пайызға кеміген.
Ал кейбір деректерге қарағанда ол даулы аумақтың ауданы 28,5 мың шаршы шақырым болғанға ұқсайды.
Қазірдің өзінде Душанбе Бейжің алдындағы сыртқы қарызын өтеу үшін Памир тауының бір бөлігін беруге әзір екен. Бұл аймақ асыл тастарға, сирек минералдар мен уранға бай. Мұның алдында Тәжікстан депутаттары «Жер туралы» Заңға заңды тұлғалардың жер қойнауын, соның ішінде уран кеніштерін игеруге құқық беретін өзгерістер енгізген еді.
Кейбір білгіштер бұл Қытай басқыншылығының тек бастамасы ғана деп отыр. Интернет әлемі болса қытай әскерлерінің тәжік Памирын жаулап алғандығы туралы хабарлар таратып, шуласуда. Сондай-ақ аспан асты еліне өткен елдердің картасы да жасалыпты-мыс. Ол карта бойынша Ресейдің бір бөлігі, Орталық Азия түгелдей Қытайдың қол астына өткен. Мұндай у-шудың тарауына жоғарыда айтылған оқиға себеп болған. Дегенмен Тәжікстанның Мургаб ауданында тұратын бір тұрғынмен сөйлескен ресейлік тілшілер «ешқандай қытай әскерлерін көргеніміз жоқ» деген жауап алыпты.
Жуырда Орта Азияның тұрғылықты халықтарының жай-күйін кешенді түрде зерттеп жүрген ғалым, профессор С.Райт Тәжікстанда таяу жылдары қытайлану процесі белең алатынын айтыпты.
Оның пікірінше, жыл сайын Тәжікстанға жұмыс істеуге келген жүздеген «ханзу» тәжік қыздарымен отау құрады екен.
— Қытай азаматтары осы арқылы өзге елдің аумағында өсіп-өнуді көздейді. Бөтен елде өзі орнығып алып, басқа да қандастарының көшіп келуіне жағдай жасаған қытайлықтар отанында ұлттық батыр болып саналады, — дейді профессор С.Райт.
Көпбалалы тәжік отбасылары қыздарының қытайлықтармен көңіл қосуына қарсылық көрсете алмақ емес. Кедейлік қамытын мықтап киген халықтың тұяқ серпуге мүмкіндігі қайдан болсын?! Оны айтасыз, соңғы жылдары жұмыссыздық пен кедейліктің зардабын тартқан елде өз қыздарын көршілес шетелдің азаматтарына түрлі құпия жолдармен сатып жіберетін ата-аналар да көбейіп кетіпті.
Профессор С.Райттың келтірген дәйектерін осы елдің статистикалық агенттігі де растайды. Мәселен, қазіргі таңда Тәжікстан аумағындағы еңбек мигранттарының 60%-дан астамы, яғни, 1427-сі қытайлық екен. Шетелден келген жұмыс күшінің бар болғаны 136-сын нәзік жандар құрайтынын ескерсек, қалған 2 мыңнан астам еркек кіндік тәжік қыздарына көз сүзбей тұра алмасы хақ.
Әрине, Тәжікстандағы Қытай әскерінен Қазақстанға дәнеңедей қауіп төне қоймас, дегенмен етене жақын көршіміз Қырғызстанда АҚШ әскерінің базасы орналасқанын да ұмытпағайсыз…