20 жылға дейінгі кезек жоқ

ОҚО филиалының директоры Самат Байдуанов

Үкімет бекіткен «Қолжетімді баспана-2020» бағдарламасы жайлы бүгінде қызу пікірталас жүріп жатыр. Бұл бағдарлама тұрғын үй нарығындағы жағдайды реттей отырып, баспанаға зәру азаматтарды тұрғын үймен қамтуға бағытталған. Алайда, былайғы жұрт бағдарламаны жүзеге асыратын «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің» кейбір талаптарынан бейхабар. Сондықтан, біз аталған акционерлік қоғамның ОҚО филиалының директоры Самат Байдуановпен сұхбаттасып, бағдарламаға қатысуға ниетті азаматтарды жиі мазалайтын сауалдарға жауап алдық.

ОҚО филиалының директоры Самат Байдуанов
ОҚО филиалының директоры Самат Байдуанов

– «Қолжетімді баспана – 2020» бағдарламасы бойынша салынатын тұрғын үйлерге кезекке тұрудың тәртібін тағы бір рет түсіндіре кетсеңіз.

– Алдымен, тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесінің қатысушылары үшін салынатын тұрғын үйлердің қалай бөлінетіндігіне түсінік берейін.Тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесі арқылы «Қолжетімді баспана–2020» бағдарламасының екі бағыты жүзеге асырылады. Біріншіден, жергілікті атқару органдары (ЖАО) тұрғын үйді салуды және оны халықтың барлық санаттары үшін тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесі арқылы жүзеге асырады. Соның ішінде кейіннен сатып алумен тұрғын үйді ұзақ мерзімді жалға алу мүмкіндігі қарастырылған. Аталған бағыт бойынша кейіннен сатып алумен тұрғын үйді жалға алу мүмкіндігі бағдарламада атап көрсетілгендей, 2013 жылдың 1 қаңтарынан бастап жүзеге асырылып отыр. Екіншіден, ЖАО тұрғын үйді сатып алу арқылы жас отбасыларға жалға береді. Бірінші бағыт бойынша тұрғын үй сатып алуға өтініш берушілер тізімін құрастыру қашан да нақты бір үйдің құрылысын салу кезеңінде басталады. Тұтас алғанда, процедура мынадай. Тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесінің қатысушылары үшін нақты үй құрылысын салу туралы жергілікті әкімдікпен келісімге келгеннен кейін, банк баспасөзде және өзінің веб-сайтында нақты бір үй бойынша тұрғын үй сатып алушылар пулына қатысуға өтініштер қабылдау басталғандығы туралы хабарландыру жариялайды. Өтініштер қабылдау 2 айға созылады. Берілген өтініштердің ішінен тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесіне қатысудың ұзақтығы мен сапасы есепке алына отырып, балл жүйесіне сәйкес қатысушылар саны іріктеліп алынады. Яғни, алдымен үй кезегіне ең көп балл жинаған қатысушылар қойылады.

– Мәселен, 200 пәтерлік үй салынып жатыр делік, ал түскен өтініш саны одан артық. Айталық, 270 азамат үй кезегіне өтініш берген болса, қалғандары бұл мүмкіндіктен шет қала ма?

– Айта кетейік, көп балл жинаған қатысушылар баспанаға зәрулігі мен төлем қабілеті жоғары азаматтар деп танылады. Әлгіндей жағдайда қалған 70 адам «резервтік» тізімде қалады. Ең көп балл жинаған 200 өтініш беруші пәтерді сатып алу үшін төлем қабілетін растайтын тиісті құжаттарды тапсырады. Егер кімде-кім өзінің төлем қабілетін растай алмаған жағдайда, өтініш берушілер санын толықтыру «резервтік» тізімнен жүзеге асырылады. Әрі қарай тұрғын үйді бөлу процедурасы жүргізіледі. Төлем қабілетін растағандардың тізімі құрылады, пәтер таңдауда басымдық тағы да ең көп балл алған адамдарға беріледі. Белгіленген күні өтініш берушілер тізім бойынша өздері тұрғын үйден сатып алғысы келетін пәтерді жобалануына, орналасуына, қабатына және т.б. қарай таңдайды. Бұл параметрлердің барлығы клиент пен банк қол қоятын бағдарламаға қатысу туралы қосымша келісімге енеді. Және осы сәттен бастап бағдарлама қатысушысына ЖАО тапсырысы бойынша құрылысы жүзеге асырылатын үйдегі нақты пәтердің сатып алушысы мәртебесі беріледі. Енді клиентке тек тұрғын үй құрылыс жинақтарын әрі қарай жинақтау және үй құрылысының аяқталуын күту ғана қалады. Тұрғын үйді сатып алу үйдің құрылысы аяқталған соң және ол пайдалануға берілгеннен кейін жүргізіледі. Ел арасында айтылып жүргендей «20 жылға дейін алынып қойылған кезек» жоқ. Екінші бағыт бойынша бағдарламаға қатысу үшін жас отбасыларын іріктеуді және тұрғын үйлерді бөлуді жергілікті әкімдіктер жүргізеді. Тек тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесінің салымшысы ғана бағдарлама қатысушысы бола алады. Бұл бағыттағы банктің рөлі әлеуетті жас отбасының, яғни жалдаушылардың төлем қабілетін бағалау, жалдау кезеңінде қаражат жинақтауға мониторинг жүргізу, сондай-ақ кейіннен жалдамалы тұрғын үйді сатып алу үшін тұрғын үй заемдарын беру болып табылады. Тұтас алғанда, бағдарламаның бірінші бағытында былтырдан бастап 2020 жылға дейін 3 млн ш. метрге жуық, екінші бағыт аясында – 1,5 млн. ш.м. тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарланып отыр.

– Бағдарлама аясында азаматтар пәтерді қашан сатып алуға немесе жалға алуға болады? 

– Бағдарлама барысын қадағалап отырғандар біршама хабардар. «Қолжетімді баспана–2020» бағдарламасының бірінші бағыты шын мәнінде, 2011-2014 ж.ж. арналған тұрғын үй құрылысы бағдарламасының жалғасы болып табылады. Бұл бағдарлама 2011 жылы басталған болатын. Бүгінгі таңда мынадай нақты мысалдар келтіруге болады. Бүгінде Шымкентте — 129 пәтерлі 3 үй, Таразда 64 пәтерлі 2 үй, Қызылордада 100 пәтерлі 2 үй салынып жатыр.

– Ай сайынғы төлемдер қалай есептеледі? 

– Отбасы кірісі алдын ала заем алуға жетпеген жағдайда, тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесі арқылы жүзеге асырылатын бағдарламаның бірінші бағыты бойынша төлемдерді есептеудің үлгісімен танысуды ұсынады. Мысалы: шаршы метрі 90 000 теңге деп есептегенде, ауданы 60 ш.м. 2 бөлмелі пәтердің құны — 5,4 млн. теңгені құрайды. Қаражат жинау бойынша ай сайынғы жарна 8 жыл бойы – 28 620 теңгеге тең. Ал жалдау төлемі – 8 жыл бойы 6 000 теңгеге тұрақталып отыр. Жалдамалы тұрғын үйді сатып алуға тұрғын үй заемын өтеу бойынша төлем 18 900 теңгені құрайды Тұрғын үй заемы 15 жылға дейін мерзімге, теңгемен жылдық 4 % мөлшерлеме бойынша беріледі.

– Сонда отбасы 8 жыл бойы ай сайын 34 620 (жалдау+жинақтау) теңге төлейді және бір мезгілде пәтерде тұратын бола ма? 

– Иә, дәл солай. Жалдамалы тұрғын үйге кіру үшін сіз өзіңіздің банктегі жинақ шотыңызға салымға ай сайынғы жарналардың 6 еселенген мөлшерінде кепілдік жарна салуыңыз қажет. Біздің үлгі бойынша бұл сома 28 620*6 = 171 720 теңгеге тең. Ал 50% жинақтаған соң және жинақтау талаптарын орындағаннан кейін сіз тұрғын үй заемын ала аласыз және тұрғын үйді сатып аласыз. Тұрғын үй заемын өтеу бойынша төлем 15 жыл бойы 18 900 теңгені құрайды. Енді пәтер сіздің жеке меншігіңіз болып табылатындықтан, жалдау төлемін бұдан кейін төлемейсіз. Жалдаушылар ақша жинақтау бойынша төлемдерді ұқыпты түрде салып отырулары қажет екендігін ескерткім келеді. Салымға жарналар уақтылы енгізілмеген жағдайда, жалдамалы тұрғын үйде нақты тұрғаны үшін өтемақы төлей отырып, жалдаушы жалдамалы тұрғын үйден шығуға мәжбүр болады.

– Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан – Мақпал РЫСБАЕВА

Анықтама:

Бағдарламаға қатысуға қатысты сұрақтар бойынша «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ ОҚО филиалына мына телефон арқылы 21-38-58 немесе 8-800-080-1880 телефоны (қоңырау шалу тегін) бойынша хабарласуға болады. Сондай-ақ Банктің www.hcsbk.kz сайтын пайдаланыңыз.