Албастысайдың айтары көп

Ату жазасына кесілгендердің барлығы да бұрынғы «Албастысай», қазіргі «Қасіретте» жатыр
Ату жазасына кесілгендердің барлығы да бұрынғы «Албастысай», қазіргі «Қасіретте» жатыр

Шымкент қаласындағы «Қасірет» мемориалдық ескерткіштер кешені орналасқан жер бұрын «Албастысай» аталып келгені белгілі. Айтары көп осы бір атаудың астарында талай сырдың жатқаны анық. Дегенмен, белгілі шежіреші, тарихшы Момбек Әбдіәкімұлы «Албастысай» атауы 1932 жылға дейін де болғанын айтады. Ну қамыс басқан, батпақты алқапта Қоқан хандығы кезінде қарсыласқан қазақтарды дәл осы жерде өлтіру жүзеге асқан екен.

– Кейіннен НКВД-ның бастығы Н.И.Ежовтың әйгілі №00447 «оперативті» бұйрығы негізінде жазаланғандардың да қаны дәл осы сайда төгілді, – дейді М.Әбдіәкімұлы. – Сталиннің 1932 жылғы шілдедегі бұйрығы бойынша НКВД-ы антисоветтік азаматтардың көзін төрт айдың ішінде толық жойып бітуі керек болатын. Осының кесірінен Оңтүстікте І-этапта 1711 адам, ІІ-этапта 1311 адам атылған. 12 мыңға таяуы 8 жылдан 12 жылға дейін сотталды. Ату жазасына кесілгендердің барлығы да бұрынғы «Албастысай», қазіргі «Қасіретте» жатыр.

31-мамыр – саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні

Ұрпақтары келе жатыр!

Ұлтымыздың рухын бәрінен биік қойған ардақтыларымыз кешегі саяси қуғын-сүргіннің құрбаны болды. Қазақтың қазақша сөйлегені үшін де жазаға тартылған заманы еді ол жылдар. Облыстық қуғын-сүргін құрбандары мұражайының ұйымдастыруымен мамырдың 31-і күні өтетін елім деп өткен есіл ерлерді еске алу іс-шарасына Ұлыдан қалған ұрпақтар келе жатыр. Жазықсыз жапа шеккендердің артында қалған тұяқтары да талай теперіш көргені белгілі. Дегенмен, асылдың сынбасы аян. Сол асылдарымыз ортамызда болып, оңтүстікқазақстандықтармен кездеспек. Сонымен…

Астанадан:

Бақыткерей Бейсенованың қызы Роза Бейсенова;

Алматыдан:

Асылбек Сейітовтың қызы – Клара Сейітова;

Ілияс Жансүгіровтың ұлы – Саят Жансүгіров;

Жұмат Шаниннің ұрпағы – Болат Шанин;

Құдайберген Жұбановтың қызы – Қызғалдақ Жұбанова;

Ғабдулхакім Бөкейхановтың ұлы – Диас Бөкейханов;

Сәкен Сейфуллиннің туысы – Рымжан Сейфуллин;

Ташкенттен:

Садықбек Сапарбаевтың қызы – Сара Мұхаммедова;

Искандер Саттархановтың ұлы – Абдуғани Саттарханов келмекші.

Сонымен бірге Арабаев университетінің ректоры Төлебек Абұлы, ғалым, Шәріп Амантай да осы игі-шараның қонағы болмақ.

 

Не? Қашан? Қайда?

Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күніне арналған «Тарихтан тағылым – өткенге тағзым» атты халықаралық жобаның аясында өтетін «Тарих қасіреті» акциясын өткізудің

БАҒДАРЛАМАСЫ:

З0-мамыр, бейсенбі

7.00 дейін – Акцияға қатысатын қонақтардың келуі

15.00-17.00 – Тақырыптық ашық «Тарих сабақтары» (облыстың оқу орындарында)

17.00-20.00 – Шымкент қаласының көрікті жерлеріне экскурсия

20.30 – Кешкі ас

31-мамыр, жұма

08.30-09.30 – Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу митингі («Қасірет» мемориалы)

10.00-11.00 – «Кінәсіз құрбандар қасіретінің сабағы» атты саяси қуғын-сүргін құрбандарының ұрпақтарымен кездесу (Саяси қуғын-сүргін құрбандары мұражайы)

11.00-12.40 – «Тарих қасіреті» («Трагедия истории») шарасы (Ж.Шанин атындағы драма театры)

13.00-15.00 – Саяси қуғын-сүргін құрбандарына арналған ас («Алтын сарай»)

15.30-18.00 – «Тарихи қатал шындық және ортақ тағдыр» тақырыбындағы «Дөңгелек үстел» (М.Әуезов атындағы ОҚМУ)

20.00 – Облыс әкімі – ОҚО Казақстан халқы Ассамблеясы төрағасының қабылдауы