Алма гүлдегенде…

Баудағы алмалардың сұрыпына келетін болсақ 8 түрі бар

Биіктігі 100-150 сантиметрді ғана құрайтын алма ағаштарының жайқала гүлдеп тұрған сұлулығына бей-жай қарау мүмкін емес. Көз тігіп қалғанымызды байқады білем, бағбан-аграном «Бойының кішкентайлығына қарамаңыз жартылай карлик тұқымдас бұл ағаштың әр-қайсысы мол өнім береді» – деді.

Абай Сатыбалдиев
Абай Сатыбалдиев

Несін жасырамыз, аты дардай Түлкібастың алмасын жемегелі көп болды. Алма бауымен атағы шыққан өңірде бау-бақша өсіріліп жатқанымен, жиналған өнім сұранысты толық қанағаттандырмай отыр. Неге? Бұған көз жеткізу үшін алма бауды көзбен көріп, аралап қайтуға арнайы жолға шықтық.

Бізді ауданның кәсіпкерлік және ауылшаруашылығы бөлімінің бастығы Мұстафа Желдібаев қарсы алды. «Түлкібас апортының өсіп-өну тарихын зерттегіңіз келсе, мен сіздерді біздің агроном Абай ағаларыңмен таныстырайын» дейді ілтипатпен.

Абай Сатыбалдиев бізді Асқар Төлешев басқаратын «Көктал» шаруа қожалығына бастап барды. Тау етегіндегі гүлдеп тұрған алма бауды көргенде сұлулығына қарап тосылып қалдық.

– Анау әдемі тау шатқалдарында орналасқан «Ақсу-Жабағылы» қорығында он жылдан аса қызмет атқардым, –дейді Абай аға сөз бас-тап. – Міне енді тағдыр тағы да бау-бақшалық кәсіпке жетеледі. Бұдан он екі жыл бұрын бұл шаруашылық 5 гектарды ғана құраса бүгінде 230 гектарға жетті. Қазір бұл үлкен алқаптағы алма бауларының өзін біраз бөліктерге бөліп тастағанбыз, Мәселен мына бір бөлігінде жаңадан жас талдар отырғызылса, келесі бөлігінде былтыр отырғызылған көшеттер. Ал мынау үлкен бөлігі 5 жылдан бері өнім беріп тұрған жеміс талдарын қамтып тұр.

Бағбанның жайқала гүлдеп тұрған алма ағаштарына деген қамқорлығы ерекше аңғарылады. Барлық талдардың бойы біркелкі етіп қырқылған.

– Осыншама ағаштың түбін қолмен әктеп шықтыңыздар ма?-деймін білмеккке құмартып.

– Әрине, осы кәсіптің арқасында біз қазірдің өзінде жиырмадан аса азаматты жұмыспен қамтып, уақытылы жалақыларын беріп отырмыз. Айта кетері әрбір талдың түбі қарапайым әкпен емес құрт-құмырсқа, зиянкестерден қорғау мақсатында «мысты купорос» қосып әктеп шығамыз, – деді. (Әр ағаштың түбі неге көкшіл рең беріп тұрғаны бізге енді түсінікті болды.)

Баудағы алмалардың сұрыпына келетін болсақ 8 түрі бар
Баудағы алмалардың сұрыпына келетін болсақ 8 түрі бар

Тағы бір байқалған ерекшелік, алма ағаштарының бір-біріне жақын орналасқаны еді. Бұл жәйтқа агроном алма ағаштарының тұқымы «жартылай карликтер» болған соң, бойы тәпелтек бұл ағаштар үлен аумақты қажет етпейтінін түсіндірді. Тек қара күзде ағаштар күзеліп, қарама-қайшы өскен өскінді бұтақтары ғана оталып отырады екен. Ал алма бауының суғару әдісі заман талабына негізделген ерекше тиімді әрі үнемді – тамшылатып суғару әдісі бойынша жүргізіледі екен.

Баудағы алмалардың сұрыпына келетін болсақ 8 түрі бар. Олар: «Қырғыз апорты», «Жаңа таң», «Голден деличес» (бізге «золотой превосход» атауымен белгілі) «Семиренько», «Заилийский», «Ренат Бухарде» (немесе «лимонник»), «Мельба», «Розмарин». Ал алмұрттың «Талгарская красавица», «Лесная красавица» деген 2 түрі өсіріледі. Жүзімнен: «Ркацителли», «Саправи», «Розовый тайфий» бар.

– Жақсы күтіліп бапталған жағдайда алма ағашы 30 жылға дейін өнім беру керек, – дейді Әбекең ынты-шынтысымен бізге алма өсірудің қыр-сырын түсіндіріп. – Әрине оңай жерде өнім жоқ. Табиғаттың тосын мінезіне де төтеп беруіміз қажет.

Әсіресе бір басталса бірнеше күн бойы соғып тұратын осы өңірдің тұрғындарына аян «шақпақ» желі. Жайқалып тұрған жеміс талдарын сындыра суырып, түбін кептіріп жіберетін осындай желге де қарсы шаралар әбден қарастырылған екен.

– Мынау теректерге қараңыздаршы – деген агроном көңілімізді тізбектелген теректерге аударды. Бау-бақшаның жел жақ өтінде тізіліп тұрған теректер жеміс ағаштарына қалқан ретінде отырғызылған екен.

 

Вильям Габрильян
Вильям Габрильян

Қызықты да тартымды әңгіме мұнымен біткен жоқ. Сәл алға қарай оза ұмтылған Әбекең баудың тағы бір үлкен бөлігін көрсетті. Бұл алқапты «интенсивный сад» яғни «қарқынды бау» деп атаймыз. Өйткені баудың бұл бөлігі ерекше минералды қоспалар мен, тыңайтқыштармен қоректендіріліп, жыл сайын демалмай өнім беруіне ықпал етеміз.

Біз өнім алу үшін бар ықыласын салып жүрген бағбан қауымның жұмысына қанық болдық. «Көктал» шаруа қожалығында өнімді сақтау «камералары» мен қоса 1700 тоннаға есептелінген орасан зор, арнайы тапсырыспен алынған тоңзатқыш камерасы да орнатылыпты.

Әбекең енді бір мезетте бізді бастап канал соғылып жатқан жерге алып барды. Шөл даланы суармалы егіске айналдыратын бұл каналдың маңызы ерекше екені айтпаса да түсінікті. Облыс көлемінде 2012-2015жж арнайы бағдарламаға енген бұл жобадан ауданның күтері көп. Осы мамыр айында каналдың үш километрі қолдануға берілуі қажет.

Иә, канал салу жұмысы қызу жүріп жатыр. Дарылдаған техниканың дауысынан бір-бірімізді әрең естіп, әрі қарай жол тарттық.

Келесі табан тіреген « Кентау» ЖШС-нің иелігіндегі 420 гектар жерге отырғызылған алма көшеттерін көріп тіпті таң қалдық. Бойы жерден сәл-ақ биік алма ағаштары бір қарағанда жерге қадай салған бұтақшалар сияқты. Соған қарамастан өне бойы жапырақтап, тіпті, кейбіреулері гүлдеп те тұр. Осы таңқалысты байқап, өзін Вильям Габрильян деп таныстырған (жоғары санатты ғалым, ауылшаруашылығы саласының білгірі) кісі сөзге араласты.

– Бұл алма ағаштары биыл ғана арнайы тапсырыспен Түркиядан және Украинадан әкелінді. Бойының кішкентайлығына қарамай келесі жылы өнім береді деп отырмыз.

Келесі табан тіреген  « Кентау» ЖШС-нің иелігіндегі  420 гектар жерге отырғызылған алма көшеттерін көріп тіпті таң қалдық
Келесі табан тіреген « Кентау» ЖШС-нің иелігіндегі 420 гектар жерге отырғызылған алма көшеттерін көріп тіпті таң қалдық

Тірліктің қай саласы болмасын өз маманын қажет ететіні сөзсіз. Өте ширақ қозғалып алма талдарына мәпелей қараған Вильям Габрильянның жасы 77-де дегенге сену қиын.

Алма көшеттерін тым ұзақтан әкелгендеріңіз қалай? Түлкібасты олар жерсіне ме? – деймін көңілімдегі дүдәмал сауалды қойып. – Сіз білесіз бе, Қазақстанда өзіміздің баяғы апорттың жақсы сортын сатып алудың өзі қиын. Кезінде атағы жер жарған «Алматылық апорттар»мен «Александр»сорттары да құрып кетудің сәл-ақ алдында тұр. Ал мына сырттан әкелінген алма талдары біраз елде бақыланған. Біздің Түлкібастың жеріне де, ауа-райына да тез үйренісіп кететін түрі бар,-деді Вильям Габрильян.

– Бойы бір тұтам екен, алма ағашы соншама өнімді қалай көтеріп тұрады? – деген сұрағыма күле қарап, – Сіз бізге алма піскенде келіңіз өз көзіңізбен көресіз. Бұл алмаларды жинауға маңайдағы ауылдардан 1500 ден астам адам жұмылдырылды. Яғни осыншама адам жұмыспен қамтылып жалақысын алады» – дейді Вильям бағбан.

Жалпы Түлкібас ауданы бойынша алма бауы 2500 гектарды құраса, жүзімдік аумағы 734 га. Оның бағдарлама (субсидия) бойынша егілгені алма – 494 га, жүзім – 105 га.

Осылайша Түлкібас ауданының бүкіл алма бағын аралап тауыса алмайтынымызға көз жеткізген біз кері қайтуға ыңғайланғанда, соңымыздан аудандық ауылшаруашылығы бөлімінің басшысы Мұстафа Желдібаев та жетті.

Дүкен, базарларда тек шетелдік алмалар. Түлкібастың тәтті алмаларын қашан жейміз?-дейміз кқөптің көкейіндегі сауалды қойып.

– Бұл нарық заманы ғой. Ешкімге сырттан әкелме, қымбат сатпа деп айтуға құқымыз жоқ. Бірақ өзіңіз айтпақшы көкейде жүрген жақсы тың ойлар да жоқ емес. Түлкібас алмаларын сататын дүкендер желісі ашылып тұтынушыларға тікелей жол тартса дейміз. Алманың ең тиімді сортының көшеттері, тіпті мынадай бау күтіп-бағудағы арнайы мамандарымыздың ақыл-кеңестері берілген методикалық кітаптарын халық осы дүкендерден сатып алса, нұр үстіне нұр болар еді-ау, – дейді Мұстафа Желдібаев. Біздің де арманымыз осы. Тек сол күн тезірек келсе екен.

Ләззат Нарымбек