Тұрақты айдарымыздың бүгінгі кейіпкері Шымкент қаласының тұрғыны, алтын құрсақты ана – Алтынгүл Бекқожаева.
Әр отбасының өзіне тән ерекшелігі бар. Соған сай тәлім-тәрбиесі, ұрпақтар сабақтасытығы жалғасын таппақ. Алтынгүл апа 42 жасында 7 баламен жесір қалып, тағдырдың тауқыметін көрген жан. Дегенмен отбасы құндылығын көзінің қарашығындай сақтай білген ана қиындыққа қайыспады. Жетектеп жүріп бағып, ұл-қызы «жетімек» деген сөзді естімесін деп барын балаларының ауызына тосып жетілдірді. Бүгінде 4 ұл, 3 қызынан өрбіген 24 немере мен 13 шөберені бауырына басқан бақытты әже. Апаның айтуынша, балалары өмірінің мәні де сәні, мақтанышы, көз қуанышы.
Алтынгүл апа-ның әңгімесін тыңдау бір ғанибет. Өмірдің ащысы мен тұщысын қатар көрген әйелдің пайым-парасаты кім-кімге болмасын ой салады.
– Шеттей бала-шағамен 42 жаста жалғыз қалу оңай дейсің бе, қарағым, – дейді Алтынгүл апа кешегі қиындыққа толы күндерін еске алып. – Бір менің ғана емес, бүкіл елдің қиналып жатқан кезі еді ғой. Тоқырау заманның куәсі ғана емес, қиындығын да бастан өткердім. Өзім қарабайыр шаруаның отбасында өстім. Әкем Сырман мен анам Құлханыс шаруашылықтың жұмысына жегіліп жүрді. Ішерге ас, киерге киім болмаған күндер де болған. Есімді білгелі әке-шешеме қолғабыс болуға тырыстым. Сөйтіп жүргенімде 15 жасымда анамнан айырылып қалдым. 1955 жылы әкем де бақилық болды. Сол жылы ағайындар ақылдасып 17 жасымда Оспанға күйеуге берді. Тағдырдың жазуымен, ағайын-туыстың қалауымен жұбайлық өмірге қадам басып, өмірдің ыстық-суығын Оспан екеуміз бірге көрдік.
Осылайша тағдыр маңдайынан сипай қоймаған Алтынгүл апа үлкен шаңыраққа келін болып түседі. Атасы – Бекқожа мен енесі Жәмиләның сүйікті келіні болған. Себебі, ағайын-туыс, қайынжұрты әлі күнге дейін Алтынгүл апамен ақылдасып отырады екен. 1957 жылы тұңғыштары –Мүсілім сосын Әнипа, Шарипа, Ілияс, Закира, Өскемен, Мұхтар ілесіп, дүниеге келіп жатты.
«Ерлі-зайыпты тату болса, шырағы жанар» дейміз. Расында, шаңырақтың шаттығы мен ырысын асырған сыйластыққа толы жұбайлық өмір кез келген отбасыға бұйыра бермейді. Бүгін үйленіп, ертеңіне ажырасып жататындар, бір баланы бағудың өзін қиындыққа балайтындар барын Алтынгүл апа жақсы біледі. «Жастарға ата-ене сүйеніш, қамқоршы болуы керек деп ойлаймын. Жастықпен сәл нәрсеге бола өкпелесіп, ренжісіп ажырасып кететін жағдайлар жиі болады. Сондай келеңсіздікке ата-ене жол бермеуі қажет. Ақылын айтып, сабырға шақырып, қолынан келсе ұл-қызын бағысып, қиындықты бөліскені абзал. Жанұя өздігінен құралмайды. Екі жас бақытты болуы үшін ата-ананың көмегін көп қажет етеді», – дейді өнегелі сөз айтып.
Отағасы марқұм Оспан мектепте мұғалім болатын. Ал, Алтынгүл апа ата-енесінің айтқандарын екі етпей, солардың қас-қабағына қарап, үй шаруасын дөңгелетіп, балаларын бағып, тәрбиеледі. Онысына еш өкінбейді.
Жастайынан ата-анасынан айырылып, қиындықты көргендіктен де болар Алтынгүл бар байлығым отбасым деп ұғынды. Жылуды да жақсылықты да тек отбасынан іздеді. Сөйтіп жүргенде өмірдің тоқпағына тағы да түседі. 1971 жылы атасы Бекқожа, 1979 жылы өмірлік жары, отағасы Оспан мәңгілік сапарға мезгілсіз кете барады. Сүйеніші, тірегі болған енесі Жәмилә да 1983 жылы дүниеден өткен. Өз Отаным-отбасым деген Алтынгүл үшін қиындықта сүйеу болған, қамқоршысы болған жандарды бірінен соң бірін жоғалту үлкен соққы болғаны ақиқат.
– Қайтыс боларында жұбайым Оспан мені шақырып алды. «Алтеке, менің арманым балаларымды оқыту болатын. Міне, сол арманыма жете алмай барамын. Балаларым өзіңе аманат. Оқыт. Көзі ашық, көкірегі ояу жан болып өссін. Оқымағанның күні қараң болады, соны ұмытпа. Ұрпағымды жақсылап тәрбиеле, саған сенемін» деді. Қайғыдан ес жия алмай жүрсем де жұбайымның осы бір аманаты маған күш берді. Соны қалайда орындауым керек деп бекіндім. Белімді буып, жігерлендім, – дейді Алтынгүл апа.
Алтынгүл апа жұбайы Оспанның жете алмай кеткен арманын жүзеге асырды. Ұл-қызын жетілдірді. Оқытты. Шаңырақтың түтінін түтетіп, жеті баласының мықты азамат болып қалыптасуына ұйытқы болды.
– Ана атанып, ұрпақ тәрбиелеу менің міндетім болса да, мемлекет тарапынан «Алтын алқа» тағынып, құрметке бөленіп отырғаныма ризамын. Балаларымның әрқайсысы елдің өркендеуіне өз үлесін қосатынына сенімдімін, – дейді бүгінде 85-ті алқымдаған апа.
Оспан мен Алтынгүлден тараған ұрпақ өркен жайып, өз алдына бір-бір шаңырақ құрып, өсіп-өніп отыр. «Біз жетпеген жетістіктердің дәмін балаларым татсын» деген ана тілегі олардың бағдаршамындай. Олар бір-біріне қамқоршы, қорған. Ата дәстүрінен таймаған қарапайым қазақ отбасы осындай. Ал Алтынгүл Сырманқызының өмірі, жомарттығы мен парасаттылығы, еңбекқорлығы өзгелерге үлгі боларлықтай.
Айжан Ермекқызы