Арыс қаласына кіре берістегі аспалы көпірдің пайдалануға берілгеніне екі жыл болды. Бірақ жергілікті жұрттың пайдасына асып жатқаны шамалы. Шырғалаңы көп көпірдің жыры арыстықтардың шамын келтіріп отыр.
Бауыржан, тұрғын: «Бір жарым жыл бұрын пайдалануға берілген көпір өте тік салынған. Қыс мезгілінде көпірмен қатынау мүмкін емес, Тайғақ, көліктер бір-бірімен соғысып жатады. Нысанды мемлекеттік комиссия қалай қабылдаған. Жол қауіпсіздігін көпірде сақтау мүмкін емес».
Тауар тасымалымен айналысатын Сергей теміржол депосын таба алмай әлек. Оған қоса ауыр жүк көлігімен мына көпірмен қатынау тәжірибелі жүргізушінің өзін де абыржытары аны.
Сергей, көлік жүргізушісі: «Мен Астанадан келемін. Жол белгілерінің жоқтығынан адасып та кеттім. Көпірден әрең түстім, ортасы биік салынған. Түсу траекториясы да сақталмаған. Жылдамдықты бәсеңдетіп, тежеуішті қосуға мәжбүр болдым. Қыста түсіп шығу мүмкін емес шығар».
Қыста құрысып, жазда жандарын шүберекке түйіп жүретін жол жүргіншілер үшін көпірдің әлегі расында да қиын. Мәселе бір шешімін таппаса іс насырға шабары да анық.
Заманхан, тұрғын: «Мен өзім Газельмен жолаушылар тасимын. Көпірден өту қауіпті. Қалай болса солай салынған. Адамдардың өмірі ойыншық па? Қыста мұнда жиі жол апаты орын алады. Сұмдық қой».
Сапасыз салынған көпір мәселесін депутаттар бір емес бірнеше рет көтерді. Алайда нәтиже жоқ. Оның құрылысына бюджеттен 430 млн жұмсалған.
Пернебек Райымбеков, облыс мәслихатының депутаты: «Бөлінген қаржының жартысы жоқ. Көпірді «ЖБС» компаниясы салған. Қыста мұнда жарыс өткізуге болады. Жол трамплинге айналады. Көпірді қайта салу қажет».
Көпір қайта салынады ма жоқ па ол уақыт еншісінде. Тек сол уақытта төтенше жағдай орын алмаса игі еді.
[youtube]http://www.youtube.com/watch?v=6hPGYBdPGuw[/youtube]