Спорт бәсекелерінің төресі – Олимпиада. Ал ғаламдық ойындардың шыңына шығу екінің біріне бұйыра бермейтін бақ. Қазақ спортының тарихында тұңғыш олимпиада чемпионы атану Жақсылық Үшкемпіровтың маңдайына жазылыпты. Тұңғыштың тұғыры биік. Жақсылық ағамен газетіміздің «Сіз қайда жүрсіз?» айдарына арнап сұхбаттастық. Ел сүйген азамат академик Мардан Сапарбаевты еске алуға арналған күрес бәсекесіне арнайы келген екен. Әңгімеміз балуандық өнердің бүгінгі хал-ахуалы, күрмеулі мәселелер жөнінде өрбіді.
– Жақсылық аға, бүгінде қайда қызмет істеп жатқаныңызды өз аузыңыздан естісек.
– Менің бағымды ашып, атымды әйгілеген балуандық өнер. Сол себепті, күрестен алшақтап кете алмайтыным анық. Мақсат -мүддем, ой -жоспарларымның бәрі де еліміздің спорт саласын өркендету. Қазір ҚР спорт және денешынықтыру істері агенттігі төрағасының күрес бойынша кеңесшісі, республикалық күрес федерациясының мүшесімін. Одан бөлек, Алматы облысы күрес федерациясының тізгіні менің қолымда. Бір айта кететіні, менің негізгі мамандығым зоотехник. Қызметіммен қатар, кейінгі кездері мал тұқымын асылдандыруды қолға алған жайым бар. Алматы облысының Балқаш ауданында мал тұқымын асылдандыру шаруашылығын құрғанмын. Негізінен ірі қара мен жылқы малын асылдандыруға көңіл бөліп жатырмыз.
– Әсілі, балуандардың ұрпағымыз деп кеуде қағамыз. Қазіргі қазақ жастарының күреске деген қызығушылығы қалай? Сізді қуандыра ма, әлде.
– Шынын айтқанда, өмірдің өзі күрес емес пе?! Балғын уағында белдеспеген бала жоқ. Бәріміз де күресіп, алысып жүріп ер жеттік. Күрес — бағзы дәуірден келе жатқан өнер. Кейінгі кездері ерлерден бөлек, нәзікжандардың да белдесуге ойысып жатқанын білесіздер. Атағы алысқа жайылған бұрымды балуандарымыз да жетерлік. Бұл нені аңғартады? Яғни, бекзат өнеріміздің аясы тарылмақ емес. Жастарымыздың да желпінтер күні таяу. Мені қуандыратыны — Олимпиада ойындарында белдесетін өз қандастарымыздың қатары көбейіп жатқандығы. Әсіресе, Кебісбаев пен Тінәлиевтің қарымы бәрімізді қуантып отыр. Қос балуан да әлем біріншілігінің екі дүркін жүлдегері. Әттеген-айы, Лондон ойындарында балуандарымыздың бағы жанбай қалды. Ал Ақжүрек Таңатаров көптен бері кетіп жүрген есемізді қайтарды. Бозкілемде тек жеңу емес, жеңіле білу де ерлік. Азаматтық қасиет дер едім. Әрине, бәрі де өздерінің дайындықтарына байланысты. Мен келесі олимпиадада бір қазақтың баласы чемпион атанған сәтін көргім келеді.
– Лондон ойындарында Ақжүрек балуанымыздың құлағын үндіс балуаны тістеп алғанын бүкіл әлем көрді. Төрешілер бұзақы балуанның жазасын бере алған жоқ. Неге балуанымызды қорғап шыға алмадық?
– Сол сәтте өзім де Ақжүректің қасында болдым. Енді кілемде түрлі жағдайлар кездеседі. Біз ондай жағдайды қазақшалап айтқанда «бастан құлақ садаға» дейміз. Бәріміздің құлағымыз сынған, көзімізді шұқыған. Кімге ренжисің? Балуансың ба, барлық қиыншылыққа төзе біл. Бастадың ба, аяғына дейін жеткізуің керек. «Жеңілгеннің сөзі құрысын» деген сөз бар ғой. Ал неге жеңіске жеткенде ондай әңгімелер айтылмайды?
– Сіздің пайымыңызша, кейінгі жылдары қай елде күрес жақсы дамып жатыр?
– Күрес түрлері қарыштап дамып жатқан ел Иран. Еуропа елдерінде де алға ілгерілеушілік байқалады. Азия құрлығын да айтпай кетуге болмас. Тәубе, біздің де жеңісті дәстүріміз үзілмей келе жатыр. Осыдан бір ай бұрын өткен Азия чемпионатында үшінші орын алдық. Бұл — қуантарлық көркеткіш. Дегенмен, біздің жігіттер әлі де болса әлеуеттерін толық көрсете алар емес. Әйтпесе, күрестің көсегесін көгертуде барлық жағдай жасалынған. Балуандардың тамағы тоқ, көйлегі көк. Біздің кезімізде мұндай қамқорлық түсімізге кірмейтін. Үкімет, федерацияның спортқа бөліп отырған қаржысы қомақты. Кеңпейіл, бақуат азаматтарымыз да қолдан келер көмегін аяп жатқан жоқ.
– Қазақ топырағында Әлем чемпионаты қашан өтуі мүмкін? Осы сауал көпшілікті мазалайды.
– Біз де әлемдік бәсекені өткізуден үміттіміз. Шаруаны ширықтыра алсақ, ол мақсатымызға да жетерміз таяуда. Әрине, көп мәселе пейіл мен ниетке байланысты. Мәселен, жетінші Қысқы Азия ойындарын өткізу үшін қаншама сәулетті спорт кешендері салынды. Бізге ең әуелі керегі де осы. Халықаралық стандарттарға сай спорт кешендеріміз болса, әлем біріншілігіне ұялмай тапсырыс берер едік. Қазірдің өзінде күрестен бірқатар халықаралық бәсекелер өтіп жатыр емес пе?! Бұйырса, 2015 жылғы әлем кубогі алаш жұртымен қауышады деген сенім бар. Осы мақсатта шаруаны дөңгелетуді қолға алдық.
– Қазақ күресінің мықтыларын анықтайтын «Қазақстан барысы» турнирі жалпыхалықтық додаға айналды. Дегенмен, бәсірелі бәсекеден грек-рим, еркін күрес балуандарын кезіктіре алмай жүрміз.
– Қазақ күресі — қазақтың өмірімен біте қайнасып келе жатқан дегдар ойын. Біз төл өнерімізді төрге оздыруымыз ләзім. Жыл сайын өтіп жатқан «қазақ барысы» турнирі өте сәтті жоба дер едім. Мінеки, берері мол бәсекенің басына «Нұр Отан» ХДП келді. Жылдан жылға ауқымы кеңейе беретініне сенім мол. Біз ең әуелі ұлттық күресімізді дамытуға күш салсақ. Біле білсек, қаншама дарынды балуандар ең әуелі қазақ күресін серік еткен. Мені де бозкілемге жетектеп әкелген қазақ күресі болатын. Ендігі кезекте, әрбір ауылда, әрбір ауданда, әрбір облыста, күресімізді дамытсақ.
– Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбаттасқан – Тағабай ҚАСЫМ