Оқушылардың мектептен, мұғалімнің қадағалауынан босап, арқаларын кеңге жаятын кезі де таяп қалды. Санаулы күндерден соң биылғы оқу жылы аяқталып, мектеп оқушылары жазғы демалысқа шығады. «Жаз жайнатып, күн күйдіріп» демекші балғындар жазғы демалысын қайда өткізбек? Қай жерде қандай лагерь бар? Осы сауалдарға жауап іздеп көрген едік.
Бүгінде лагерьлердің қала сыртындағы, туристiк, сауықтыру, мектеп жанындағы күндiзгi, шатырлы сияқты көптеген түрлерi бар. 2013 жылы облыстық бiлiм басқармасы мектеп оқушыларының демалысын тиiмдi ұйымдастыруды мықтап қолға алмақшы.
Биыл жазғы маусымда облыс бойынша 20 сауықтыру лагері жұмыс істейді деп жоспарланып отыр. Сондай-ақ 250 мектеп жанындағы лагерьлер ұйымдастырылмақ.
Осы мақсатқа жергілікті бюджеттен 137 млн теңге бөлiнген. Жетiм және әлеуметтiк жағдайы төмен отбасынан шыққан облыс бойынша 10 мыңға жуық балаға лагерьге тегін жолдама берiлсе, облыстағы балалар үйінің 350 тәрбиеленушісі «Самал» лагерінде демалатын болады. Сонымен қатар кәсiпкерлердiң демеушілігімен әлеуметтік жағынан аз қамтылған, тұрмыстық жағдайы төмен отбасылардың балаларын тiзiмге енгiзу жоспарланған. Облыстық білім беру басқарамасы мамандарының айтуынша, балалар сондай-ақ, көркейту-көгалдандыру, құрылыс-жөндеу бригадаларына, клубтар мен үйірмелерге, экскурсия мен туристік саяхатқа, көшпелі және шатырлық лагерьлерге тартылады.
Сонымен бірге Шымкентте 1 мемлекеттік демалыс орны бар.
2012 жылы шымкенттік 1700 жас жеткіншек жазғы сауықтыру лагерьлерінде демалған болса, 9050 бала мектеп жанынан ашылған 322 топта демалыстарын өткізіпті. Ал, биыл қаладағы 2500 оқушы сауықтырылады деп жоспарланған. «Ақсу» лагерінде 1000 оқушы тынығатын болса, мектеп жанындағы 322 топқа 20 мың оқушы тартылады. Ал оқушылар сарайы жанынан ашылған «Балдәурен» лагерінде 700 оқушы бос уақытын тиімді өткізеді екен. Үш ай жазда оқушылардың сауығып, көңіл көтеріп демалуына қалалық қазынадан – 28 млн 869 мың теңге бөлініп отыр.
Мамандардың айтуынша, жаздық демалыс орындары мен мектеп жанынан ашылған топтар толығымен залалсыздандырылып, балақайларды қабылдауға дайын тұр.
Қалай дегенмен дәл қазiр балақайлардың нағыз рахатқа кенелетiн кезi. Десек те лагерьге баруды біреулердің қалтасы көтергенімен, біреудікі көтермейді. Сол себепті де, кейбір балалар лагерьде отрядтарға бөлiнiп, күн сайын түрлi ойын-сауық iс-шараларын өткiзiп, таулы өлкеде серуендеп жүрсе, базбіреулері, ауылдағы ата-әжесiне барып, табиғатта демалып, өзен-көлдерге суға түседі. Ал қалған балақайлар жазда өз беттерінше демалады. Оқушылардың арасында жаз айында жұмыс істеп, табыс табатындары да бар. Қалай айтсақ та, балақайлардың демалысын дұрыс ұйымдастыру әрбір ата-ана үшін маңызды. Балаңыз демалысын қызықты етіп өткізсін десеңіз қазірден жоспарлай беріңіз.
Айжан ЕРМЕКҚЫЗЫ
Айгүл Текебаева, Шымкент қалалық білім бөлімінің сектор меңгерушісі
– Қалалық білім бөлімінің құзіретіне қала сыртындағы жалғыз ғана лагерь тиесілі. Ол «Ақсу» лагері. Қалған лагерьлер жекенің меншігінде болғандықтан көп ретте оларға тегін жолдама бере алмаймыз. Ал, әлеуметтік жағынан аз қамтылған, тұрмыстық жағдайы төмен отбасылардың балаларына ата-анасы мүгедек, көп балалы отбасыдан шыққан балаларға тегін жолдама беріледі.