Ж.Шанин атындағы облыстық драма театрында С.Балғабаевтың «Біз де ғашық болғанбыз» драмасы сахналанды.  Қоюшы режиссері Т. Жүргенов атындағы ұлттық өнер академиясының биылғы бітіруші  түлегі Берік Бейсенбай. Жас режиссердің бұл қойылым дипломдық жұмысы. Спектакль қос тағдырдан өрбіген өмірді өзек етеді. Алып ұшқан  жастық шақтың қателіктері алдынан орағыта берген өмірлерді баяндайды.

«Үйлену оңай, үй болу қиын» екендігін ескертеді. Жастай үйленіп, күйкі тірліктің күйбеңіне шыдай алмай, күйреген шаңырақ жайында айтылады мұнда. Бүгінде Ж.Шанин атындағы облыстық драма театрында оқу тәжірбиеден өтіп жүрген жас талант актерлермен жұмыс жасаудың оңай болмағандығын, тақырыпты ашуда бірлесе жұмыс жасағандығын айтады.

«Мен режиссермін деместен,  қойылымдағы кейіпкерлерді сомдайтын әртістермен тең  дәрежеде, яғни бір бірімізбен ақылдасып жұмыс істедік. Бірлескен еңбектің нәтижесі бұл. Өз кезегімде театрдың көркемдік жетекшісі Иманәлі Сапаровқа, жетекші режиссер Өтеулі Тастанбековке алғысымды білдіремін»,- дейді Б Беріктің өзі.