Еңбегіңіз қорғалып жүр ме?

Халықаралық Еңбек Ұйымының мәліметтері бойынша әлемде өндірісте жыл сайын 270 млн жуық жазатайым оқиғалар тіркеледі. 160 млн азаматта кәсіби ауру айқындалады. 2 млн 200 адам өндірісте қаза болады. Әлемдік экономиканың шығыны триллион долларды құрайды екен.
Халықаралық Еңбек Ұйымының мәліметтері бойынша әлемде өндірісте жыл сайын 270 млн жуық жазатайым оқиғалар тіркеледі. 160 млн азаматта кәсіби ауру айқындалады. 2 млн 200 адам өндірісте қаза болады. Әлемдік экономиканың шығыны триллион долларды құрайды екен.

Әлем халқы 28 сәуірде еңбекті қорғау күнін атап өтті. Бұл дәстүр өндірісте қайтыс болған және зақым алған, кәсіби аурудан зардап шеккен жұмыскерлерді еске алу күні. Атаулы күн түрлі өндірістік жағдайларда адам өмірі мен денсаулығына назар аударуға тағы бір мүмкіндік береді.

Сарапшылар әлемде әрбір қызметтің толық қауіпсіздігіне кепілдік беретін жүйе болуы мүмкін емес екенін айтады. Өйткені әрбір жасалған әрекеттің өз қаупі бар. Сәтсіз жағдайлар түрлі себептермен байланыстырылады. Көп жағдайда мекеме басшылары қаржы жетіспеушілігін алға тартып, еңбек қауіпсіздігін сақтауға мән бермейді. Тиын-тебенді үнемдеп жүргенде шығынға белшесінен батып қалатынын қаперінен шығарып алады. Керісінше, жұмысшыларының жағдайын жасаған жұмыс беруші бұл мақсатқа шығынданбайды. Қайта қызметкерлердің денсаулығына залал келмесе, еңбек тәртібі артып, өндірістік және қоғамдық белсенділік пен еңбек өнімділігі арта түседі. Біздің қоғамдағы мұндай еңбек қатынастары еліміздің «Еңбек туралы Заңымен» реттеледі. Бұл Заң елімізде 2000 жылдан бері жұмыс істейді.

Халықаралық Еңбек ұйымының мәліметтері бойынша әлемде өндірісте жыл сайын 270 млн-ға жуық жазатайым оқиғалар тіркеледі. 160 млн азамат кәсіби ауруға шалдығады. 2 млн 200 мың адам өндірісте қаза болады. Осыдан кейін әлемдік экономиканың шығыны триллион долларға жетеді. Өкінішке қарай, мұндай жағдайлардан біздің облыс та қалыс қалып отырған жоқ. Облыстық бас мемлекеттік инспектордың міндетін атқарушы Ғ. Шәріповтің сөзіне сенсек, өткен жылы облыс бойынша 117 өндірістік жарақат орын алып, 122 адам зардап шеккен. Оның 18-і қайтыс болған. Қайғылы оқиғалардың басым көпшілігі көлік қозғалысы кезінде орын алған.

Инспекторлар талабымен 77 қызметкер жұмыстан уақытша шеттетілсе, өрескел заң бұзушылыққа жол берген 9 лауазымды тұлға жұмыстан босатылса, 35 адам тәртіптік жазаға тартылған. Еңбек инспекторлары тексеру жүргізу кезінде облыстың аумағынан өтетін «Батыс-Еуропа Батыс-Қытай» халықаралық транзит дәлізінің құрылысын жасап жатқан бірқатар мекемелерде жұмысшыларының еңбек жағдайы жасалмағанын анықтаған. Ондағы жұмысшылар арысын айтпағанда, арнайы киімдермен, қорғаныс құралдарымен де қамтылмаған. Еңбекті қорғау талаптарын бұзғаны үшін инспекторлар компанияларға 6550024 теңге көлемінде 126 әкімшілік айыппұл салған.

Еңбек инспекторларының айтуынша, қазіргі таңда облыста жұмысшылардың жалақы мәселесі де өзекті күйінде қалып отыр. Былтырғы жылы облыс бойынша жалақыдан қарызы бар 69 мекеме анықталып, олардың осы мақсатта берешігі 227 млн теңгеге жетіпті. Әрине, жұмыс беруші мекемелердің барлығына бірдей топырақ шашудан аулақпыз. Олардың арасында жұмысшыларының жайын жасап, еңбек өнімділігін арттырып отырғандары да аз емес. Солардың бірқатары жыл сайын еңбек жағдайын жақсарту мақсатында Дүниежүзілік еңбекті қорғау күніне орай ұйымдастырылатын «Сенім» байқауына қатыстырылады.

Мақпал РЫСБАЕВА

P.S. Тәңіріміздің «Сақтансаң сақтаймын» дегені бар. Демек, жазатайым оқиғалардың алдын алу жұмысшының өз қолында. Тек басшылар жұмыскерлерге отбасын асыраушы, біреудің әкесі не шешесі, біреудің өмірлік жолдасы, ал енді біреудің бауыры деп қараса, оның қауіпсіздігін де ескеріп, маңдай тері – еңбекақысына да немкетті қарамаса керек-ті.