Өңіріміздегі А.Гайдар атындағы қалалық орталық балалар кітапханасында Отан қорғаушылар күні айрықша тойланды. Кішкентай бүлдіршіндер сұрапыл сұм соғыс кезіндегі ел басына туған күнді көз алдымызға елестетіп, әсерлі көрініс қойды. Фашист деген аты суық сөздің де кесірін түсіндірді. Жеңістің бізге оңай келмегінін арқау еткен қойылымда немересі қарт атасынан жаудың жөнін сұрайды, ақсақал ІІ дүниежүзілік майданды баяндауымен өрбиді.
Айтпақшы, маңызды шараға мектеп оқушылары, ұтаздар және ҰОС ардагері Қалтай Рысбекұлы арнайы шақырылған. 11 жасар Даяна Төлеген майданға кеткен әкесін сағынған арудың «Әкеге сағыныш» монологын нақышына келтіре оқыды.
Даяна Төлеген, №50 А.Байтұрсынов атындағы мектептің оқушысы: «Мен бұл монологқа 2 апта көлемінде дайындалдым. Алғашында ойдағыдай оқып шыға аламын ба дегенде күмәнді ойлар келді. Сыныбымның сенімін ақтағым келді бір жағынан. Бірақ дайындығым мен сомдаған образға ене білуім — менің шеберлігімді танытты десем де болады. Ал өзіме жас алып, тебіреніп, дәл сол рөлге кіруімнің құпиясы — менің де әкем ұзақ сапарға жол жүріп кетті жуырда. Мен расында да әкемді сағынып жүрмін. Сондықтан болар, монологты сәтті оқып шықтым деп ойлаймын».
«Ерлік ұрпаққа мұра» тақырыбында өткен шарада шәкірттер ҰОС ардагері Қалтай Рысбекұлымен кездескеніне қуанышты. Бірі сұрақ қойып атайдың өткенін білуге асықса, енді бірі батыр ерлігіне құрметін білдіруге асықты. Ардагердің бастан өткерген қиыншылығын өз аузынан естіген олар ерекше әсерде болғанын айтады.
Айжан Уайда, оқушы: «Қалтай ата нағыз батыр! Тіпті қасында жау тұрсада тайсалмай қарсы тұра білді. Отаны үшін отқа түскен адам! Қандай қиындықтар болса да жеңіп, бізге үлгі көрсетіп отыр. Айтып отырған сөздеріне қарап, біз де көзімізге жас алдық. Бейбіт өмірдің бізге қандай қиыншылақтар арқылы жеткенін де түсіндік. Біз үшін, біздің болашағымыз үшін соғысқан азаматтар — үлкен құрметке лайық адамдар. Біз ешқашан бұл жеңісті ұмытпаймыз. Ал мен өзім отаныма деген сүйіспеншілігімді қазір оқып, білім алып, жоғарғы оқу орынында білімімді жетілдіріп, сосын мектепте ұстаз болып, шәкірттеріме білім беру арқылы жеткіземін деп ойлаймын».
Асылбек Монтаев, оқушы: «Мен әлі 6-сыныпта оқимын. Сондықтан болашақта жоғарғы білім алып, еліме адал қызмет ететініме сенімдімін. Ардагер Қалтай ата жеңіс үшін, осы азаттық үшін қан майданда соғысты. Дәл осылай өзге де біздің ата-апаларымыз жауға қарсы тұрып, көбісі мерт болды. Әрине, елі, Отаны үшін қандай қасіретті болса да төзген оларды, олардың есімін де құрметтейміз! Кездесуде байқағаным — біздің ата-апаларымыз Отанын шын сүйген. Осы қасиеттері бізге де аманат болуда».
Жеңіс күнін патриоттық ән айтып, айрықша тойлауды жөн көрген оқушылар батыр ата-апаларының ерлігін ешқашан ұмытпайтындарын айтады. Болашақта туған жерге қызмет етеміз дейді. Осылайша Отанға деген сүйіспеншілігін білдіруге асық.