– Әңгімемізді қылмыстық іс жүргізу кодексіне енгізілген соңғы жаңалықтардан бастасақ. Біздің білетініміз, жаңа заңнамада тергеу жұмыстары біршама жеңілдетілген тәртіппен жүргізу қарастырылған. Бұл өзгеріс қандай істерге қатысты? Жаңа тәртіптің тиімділігі неде?
– Бұл өзгеріс сотқа дейінгі өндірістің уақытын айтарлықтай қысқартуға, тергеу органдарының жұмысын жеңіл әрі қарапайым және жылдам етуге, қылмыстық іске тартылған азаматтардың конституциялық құқықтарын қамтамасыз етуге мүмкіндік бермек. Бұған дейін тергеу жұмыстары 2 айдан 6 айға, тіпті бас прокуратураның шешімімен 9 айға дейін созылып кететін. Енді жеңілдетілген тәртіптегі тергеу бұл процестерді шектейді. Қылмыстың орташа ауыр, онша ауыр емес, ауыр, аса ауыр түрлері бар болатын болса, орташа ауырлықтағы қылмыстар бойынша тергеу жұмыстарында жеңілдіктер көп болады. Мәселен, мал ұрлығы орын алды делік. Ұрлаған адам қылмысын мойындап, кешірім сұраса, жәбірленуші оны растаса, бұл жерде тергеу жұмыстары не үшін керек? Сондай-ақ, жаңа қылмыстық іс жүргізу кодексінде соттардың өкілеттілігі арта түскен. Яғни, ашықтықты, жариялылықты қамтамассыз ету. Күдіктіні қамауға алуға санкцияны бұған дейін жергілікті прокуратура беріп келген болса, қазір бұл құзырлық сотқа өткен. Сотқа өткелі қамауға алу 30%-ға дейін кеміп отыр. Себебі, сотта тараптар да адвокаттар да тыңдалып, санкция солардың жауабына сәйкес беріледі. Мәселен, бір баланы екінші бала таяққа жығып, телефонын тартып алды делік. Алайда, тартып алған бала қылмысын мойындап, мүлкін өтеп беріп, кешірім сұрады. Жәбірленуші кешірімін берді делік. Оны қамаудың не қажеті бар? Осындай өзгерістерден кейін қазір судьялардың жұмысы бұрынғыдан да көбейе түсті. Бізде судьялар кезекшілікке түсіп, тіпті мереке, демалыс күндері де іс қарайды. Себебі, санкцияға қатысты материалдар 6 сағатта қаралуға жатады.
– Судьялар жүктемесінің ауыр екені ара-тұра айтылып қалып жатады. Бұған қылмыстық әрекеттердің көптігі де әсер етіп жатқан болар…
– Судьялардың жүктемесі тым артық. Бүгінде сотқа деген сенімділіктің артқаны болса керек, бізге жүгінетін азаматтар көбейді. Бұл бір жағынан жақсы да. Қаралып жатқан істердің 93%-ында жоғары жаққа шағым айтылмайды. Істердің тек 7%-ы ғана қайта қаралады.
– Қайта қаралатын істердің түрі қандай?
– Мысалы, жер дауы, мұрагерлік, ортақ мүлікті бөлуге қатысты істерді атауға болады. Қазір біздің қарауымызға жаңадан қызықты істер де жіберіліп жатыр. Мәселен, қатар тұрған екі үйдің біреуінің иесі көршісінің үйінің биіктігін алға тартып, салдарынан үйіне күн түспей жатқанына наразылығын білдіреді. Тіпті, күн сәулесі таралмай жатқандықтан балалар ауруға шалдығып жатқандарын жеткізеді. Біз мұндай жағдайда СЭС мамандарының көмегіне сүйенеміз. Біздің шешіміміз солардың шешіміне байланысты болып келеді. Егер шынымен де күн түспей жатса, соның салдарынан балалар ауруға шалдығып жатса, онда ары қарай тиісті шаралар қаралады.
– Үй бұзылуы мүмкін бе?
– Мүлік иесі бастапқы кезде жеріне мемлекеттік актісін алғанда ол жерге қандай үй салса да оған рұқсат берілген. Егер аумағына кіріп кеткен болса, басқа мәселе. Сондықтан, мұндайда басқа шаралар қарастырылуы мүмкін. Жер дауымен қоса, соңғы кездері банкке байланысты істер жиі түсетін болды. Несиесін өтей алмағандықтан, банк үйін тартып алмақ болған тұрғындардың істері жиі қаралады. Бізде соңғы кездері мүлік салығын, коммуналдық қызметтерге төлемейтіндер көп ұшырасып жатыр. Сол сияқты жылдан-жылға ажырасуға қатысты істер де көбейіп келеді. Медиация туралы Заңның пайдасын әлі күнге әжетімізге жарата алмай келеміз. Мәселен, жұбайлар бізден үйленер кезде рұқсат сұраған жоқ қой, ажырасқанда неге оған сот араласуы керек? Осындай істер бітімгершілікпен шешілсе дұрыс болар еді.
– Сотқа жүгінетіндердің көпшілігі өздеріне қажетті мәліметтерді дер кезінде ала алмайтынын айтып нарызылық білдіріп жатады. Жалпы, азаматтардың ақпаратқа қолжетімділігі сіздерде қаншалықты шешілген?
– Қазір азаматтарды ақпаратпен қамтудың жолдары көп. Бізде арнайы www.enbekshisud-uko.kz веб-сайты жұмыс істейді. Әр аптаның жұма күні біз онда алдағы аптада қаралатын істердің тізімін ілеміз. Интернет арқылы азамат ісінің қай судьяға түскенін, шешімі қалай шыққанын біле алады. Сайтта сұрақ-жауап блогы жұмыс істейді. Кез-келген азаматтың сол блогқа өзін мазалайтын сұрақтарын жолдауына болады. Ондағы сауалдар күн сайын қаралып, жауап беріледі. Қоғамдық қызығушылық туғызып жатқан істер туралы ақпаратты да сайттан қарауға болады. Сол секілді азаматтар үйінде отырып, ғаламтор арқылы сотқа талап-арыз түсіре алады. Бұрын азаматтарды сотқа шақыру мәселесі де қиындық туғызатын. Өткен айдан бастап біз азаматтарды смс-хабарландырулар арқылы сотқа шақырып жатырмыз. Бір аптаның ішінде 34 азамат сотқа осы әдіспен шақырылды.
– Сотқа жүгінетін азаматтарды жиі мазалайтын мынадай да жәйт бар. Мәселен, бір істі бір судья қарайды. Дегенмен, мағыналас бір іске әр судьяның шешімі әртүрлі шығарылуы мүмкін. Мәселен, ұрлыққа қатысты екі бірдей іс қаралып жатыр делік. Қатысушылардың жас шамасы, жасаған қылмысы, тіпті, оқиғаның өрбуі де бірдей. Бірақ, сот тәжірибесінен көріп жүргеніміздей, мұндай істерге екі судья екі түрлі үкім айтады. Мұндай жағдай азаматтар арасында күмән туғызып жататыны бар?
– Сотта жинақталған мәліметтерге баға беру деген бар. Судья тергеу материалдарымен таныса келе, анықталған мән-жайға қарап баға береді. Судьяның ішкі нанымы болады. Соған қарай ол үкім шығарады. Ол үшін судьяны сауатсыз немесе кінәлі екен деуге болмайды. Жоғарғы сот судьялардың біліктігін жетілдіріп отырады. Мәселен, ауылдарда қойларға темір-терсектермен қоршау жасап қояды. Мал соған қамалып тұрады. Ал заңда үй-жайға, қораға кіріп ұрлау және сырттан жайылымда жүрген жерден ұрлау бар. Мал қамалып тұрған әлгі шарбақ сіздіңше қора ма, қора емес пе? Сіз қалай ойлайсыз?
– Әрине, қора. Бастысы, иесі малын ашық алаңқайға тастап кеткен жоқ қой.
– Екі заңгерде бұл туралы екі түрлі ой қалыптасады. Бір судья оны қора деп есептесе, 3-10 жылға дейін бас бостандығынан айыруы мүмкін. Сырттан ұрланды, құлпы жоқ, ештеңені бұзып кірген жоқ деп қараса, судья 5 жылға кеседі. Қарақшылық жасалған жағдайда ұры жертөледен сейфті қолды етсе, бұл жерде де жертөле үй-жай болып қарала ма, қаралмай ма деген сауал туындайды.
– Қазір сот отырыстары бейнетаспаларға жазылады. Ол жазбаны кім көре алады?
– Бізде 11 судьяға 11 сот залы бөлінген. Әр отырыс арнайы дискілерге жазылады. Сот процесінде жазылған дискіні қорғаушы да прокурор да тараптар ала алады. Қазір іс жүргізу кезінде хатшылардың хаттама толтырудан қолдары босамайды. Болашақта оның орнына дискі тігілуі мүмкін.
– Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбаттасқан – Мақпал Рысбаева