Мүгедектер жиі баратын қоғамдық орындар ыңғайластырылатын болады

904
мүгедектерге жағдай жасалмаған

Шымкентте мүгедектерге арналған қолжетімді орта жоқтың қасы. 2012-2018 жылдарға арналған Үкімет қаулысының бірінші кезеңінің түгендеу жұмыстары осыны айқындап берді. Шымкентте 20 мыңнан астам мүгедек өмір сүреді. Бұл көрсеткіш қала халқының 3 пайызын құрайды. Мүмкіндігі шектеулі жандар баратын 751 нысан бар қалада, оның 525-інде мүгедектердің жүріп-тұруы үшін қажетті жағдай жасалмаған.

мүгедектерге жағдай жасалмаған
мүгедектерге жағдай жасалмаған

Владимир Торопов, қалалық мүгедектер қоғамының төрағасы: «Біздің қалада мүмкіндігі шектеулі жандардың қоршаған ортаға қолжетімсіз екені баршаға аян. Бір ғана Гайдар кітапханасындағы пандус жақсы, стандартқа сай деп айта аламын. Ал халыққа қызмет көрсету орталығындағы ыңғайсыз, оған Опера және балет театрындағы пандусты қосыңыз. Қалған жерлердегі көзбояушылық үшін салынған. Аты бар, құры тұр. Көп мекемелерде жоқ тіптен жоқ».

Түгендеу жұмыстарын әлеуметтік бөлім өзі отырған ғимараттан бастап, кемшіліктерін анықтады. Мұнда пандус пен қызмет көрсететін терезелер стандартқа сай келмейтіні анықталды. Яғни, пандустардың ені стандартқа сай келмейді, ал терезелер тым биік. Бөлім басшысының орынбасары Мақсат Жолдасбеков алдағы уақытта оның сметалық-жобасы жасалып, тым болмағанда екі терезе мүмкіндігі шектеулі жандарға арналып, қайта жөнделетіндігін жеткізді.

пандустардың кемшілігі анықталып жатыр
пандустардың кемшілігі анықталып жатыр

Мақсат Жолдасбеков, қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі бастығының орынбасары: » Ғимараттардың басым бөлігі кеңес Одағы кезінде соғылған. Оларда мүгедектер үшін жағдай жасалмаған. Құрылысқа қосада алмайды, өйткені кезінде лайдан тұрғызылғандары бар. Ал кейінгі 2-3 жылда салынған аурухана, мектеп, балабақшаларда мүгедектерге жағдай жасалған. Енді бірінші кезең бойынша, барымызды саралап, 18 беттен тұратын паспорт жасап жатырмыз. Бағасын шығарып, бюджетке ұсынамыз. Біздің негізгі мақсат, барымызды жинақтап, жоғымызды жобаға енгізу».

Сондай-ақ, мойындау керек, шым қалада мүмкіндігі шектеулі жандарға қоғамдық орындарда жағдай жасалмаған. Оған мысалды алыстан іздеудің керегі жоқ, жерасты өтпелерінің мүгедектер мұқтаждығы үшін жабдықталмағаны, дыбыстық дабылдары бар бағдаршамдардың болмауы — олардың күнделікті кездесетін кедергісінің бір бөлігі ғана. Мүгедек арбасына таңылған мыңнан астам мүмкіндігі шектеулі азамат өмір сүреді. Олар үшін кейбір мекемелерде пандустар мүлдем қаралмаған. Енді бірінде қарастырылған, бірақ ол тым ыңғайсыз жасалған, биік. Мүгедек тұрмақ, сау адамның өзі үшін қауіпті. Әсіресе, қыс мезгілінде пандуспен жүру қиын.

Мүгедектер жиі баратын ауруханалар, емханалар, дәріханалар ыңғайластырылатын болады. Мемлекеттік әлеуметтік нысандардың реконструкциясының шығыны республикалық бюджеттен қаржыландырылады. Ал коммерциялық нысандар-дың басшылары шығынның жартысын өз қалталарынан шығаруға міндетті. Қалған жартысы жергілікті бюджет есебінен.

Сонымен Үкіметтің арнайы бағдарламасы аясында 2018 жылға дейін көру мүмкіндігінен айырылған азаматтарға дыбыстық белгімен жарақталған арнайы бағдаршамдар орнатылмақ. Көше, мекеме атауы, пәтер мен үй нөмірлері, лифттердегі арнайы тетіктер брайль әріптерімен де қатар жазылады. Сондай-ақ, қоғамдық көліктер, аялдамалар, жол белгілері кезең-кезең бойынша ыңғайластырылады деген жоспар түзілді. Жоспар орындалғанша бүгінгі «ыңғайдың» ыңғайсыздығына төзуге тура келеді.

[youtube]http://www.youtube.com/watch?v=ysYJhJPXEcg[/youtube]