Назарымыз Назарға ауды

Сөз жоқ, кейінгі кездері тасадан жарқ етіп шыққан бірден бір балуан - Назар Ерсұлтанов

«Қазақстан барысы» бәсекесінде Оңтүстіктің намысын қорғайтын балуан белгілі болды. Жетісайда өткен облыстық іріктеу сайысында Назар Ерсұлтанов пен Самат Есеннің бағы жанды. Қос балуан да қарсыластарын жұмарлай жеңіп, жолдамаға иелік етті.

Сөз жоқ, кейінгі кездері тасадан жарқ етіп шыққан бірден бір балуан - Назар Ерсұлтанов
Сөз жоқ, кейінгі кездері тасадан жарқ етіп шыққан бірден бір балуан — Назар Ерсұлтанов

Өңіріміздің түкпір-түкпірінен кең иықты, құрыш білекті жігіттер «Оңтүстіктің барысы» атануға үмітті болып, Жетісайға жиылған-ды. Облыстық «Оңтүстік Қазақстан» газетінің жүлдесі һәм «Қазақстан барысына» жол ашатын турнирде балуандар барын салып, жанын салып күресті. Облыс спортының ыстығы мен суығына көндігіп жүрген Полат Қырықбаев жарыстың ауқымы жылдан-жылға кеңейіп жатқандығын сөз етті.

Бұл жолы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық институтының балуандары тыңғылықты дайындықпен келгендей. Барлық салмақта пединституттың жігіттері алымдылау көрінді. Мәселен, 60 келіде Бауыржан Әбілқас, 80 келіде Әділжан Ыстыбаев қарсылас шақ келтірмей, институттың атағын әйгіледі. Мұнан бөлек, 70 келіге дейінгі салмақта ордабасылық Еркебұлан Байжігітовтің айы оңынан туса, 90 келіде отырарлық Самат Есен мықтылық танытты.

Оңтүстіктің бас балуаны уәде берді
Оңтүстіктің бас балуаны уәде берді

Қай жарыс болмасын түйе балуандардың сайысы тартысты өтеді. Расында солай. Алып денелі, етжеңді балуандардың текетіресін тамашалаушылар көптеп табылады. Оның үстіне, «қазақ барысы» атануға үмітті балуандар осы салмақта белдеседі. Бір айта кетерлігі, бұған дейін белдескеннің белін бүгетін түйе балуандарға «іздеу салып» келген едік. Енді міне, өңірімізден бірқатар қарымды балуандар бой көрсете бастағаны көңілді марқайтты. Жаңа есімдерге қанықтық. Сөз жоқ, кейінгі кездері тасадан жарқ етіп шыққан бірден бір балуан — Назар Ерсұлтанов. Салмағы 156 келі тартатын алып жігіттің бір ай бұрын «Шымкент барысы» атанғанын білесіздер. Ерсұлтанов әлі де болса бабында екен. Жетісай төріне төселген бозкілемде тағы да мықтылығына ел жұрт сүйсінді. Ол жартылай финалға емін еркін жетіп, финалға шығар жолда әккі Сабыржан Әбілдаұлын тырп еткізбей ұтып кетті.

Ал екінші топтан 19 жасар Самат Есен суырылып шықты. 19 жасар бозбаланың ширек финалда әлем чемпионы Нұрзат Бегасыловты сан соқтырып кеткенін айта кетуге тиіспіз. Сонымен, көпшіліктің делебесін қоздырған шешуші белдесуде Назар Ерсұлтанов пен Самат Есен шеберлік байқасты. Естеріңізде болса, қос балуан Шымкенттің бас барысын анықтау кезінде де жолыққан еді. Салмағы, әрі шеберлігі басым Назар Ерсұлтанов шешуші кезеңде де жүйкесі сыр берген жоқ. Ә дегеннен өзінен 50 келі жеңіл қарсыласын 3 минутқа жеткізбей жығып, «Оңтүстіктің барысы» атанды. Сөйтіп, жүзден жүйрік шыққан апайтөс ұлға Мақтарал ауданының әкімі Серік Тұрбеков пен «Оңтүстік Қазақстан» газетінің бас редакторы Бақтияр Тайжанов жеңіл автокөліктің кілтін тапсырды.

Енді Астанадағы алапат айқаста Назар Ерсұлтанов пен Самат Есеннің жолына үмітпен қараймыз. Екеуі де талай құқайды көрген әбжіл балуандар. Жарыс соңында журналистермен жүздескен облыстың бас балуаны Елордадан жүлдесіз қайтпайтынына уәде берді. Ердің сойы ғана өзіне сенімді сөйлемейтін бе еді?! Біздің де тілейтініміз сол. Жолың ақ болсын Назар балуан!

Тағабай ҚАСЫМ