Ұлттық бірыңғай тестілеу. Айтулы күн жақындаған сайын шәкірттердің мазасы қаша бастайды. Жоғары оқу орнына түсу үшін жоғары көрсеткішке жетуді көздейтін оларға қоғам көмегі ауадай қажет. Ал биылғы тестілеу науқаны маусымның 2-нен 15-не дейін жалғасады.
Медет Әліпбеков – қаламыздағы №33 мектептің 11-сынып оқушысы. Жас түлек оқушылар арасындағы президент қызметін де абыроймен атқарған. Бүгінде ҰБТ-ға тыңғылықты дайындалуда, мектебінің үмітін ақтауға тырысып жүр. 17 жасар бозбала өзін үздіктердің қатарында болған соң, жоғары көрсеткішке ие болуға міндеттімін деп санайды.
Медет Әліпбеков, оқушы: «Кез келген мектеп бітіруші оқушы қорқады деп ойлаймын. Сол сияқты мен де қорқыныш, қобалжу сезімдері бар. Қорқамын, әрине. Күн-түн демей дайындалып жатырмын. Тіпті мектепте кейде түнгі сағат 23-30-ға дейін қалып дайындалатын кездеріміз көп. Мен 5-ші пәнге ағылшын тілін таңдап отырмын. Халықаралық қатынастар мамандығын меңгергім келеді. Өзімнің грантқа оқуға түсетініме сенімдімін. Және егер айтқан көрсеткішке жете алмасам мен үшін бұл өте ауыр жағдай болмақ».
Ал биылғы статистикаға жүгінсек, Оңтүстікте мектеп бітіргенін куәландыратын аттестат 37 148 шәкіртке тапсырылады. Оның 21 139-і ҰБТ-ға қатысуға ниет білдіріп отыр. 16009-ы дәстүрлі емтихан тапсырып, мектеп аттестатын алмақ. Ал «Алтын белгіге» үміткерлер саны әзірге 1158-ді құрап отыр.
17 жастағы Жұлдызай Әділ биыл 11-сыныпты тәмамдайды. Сабақ үлгерімі де жақсы. Бірақ бойжеткен ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысудан бас тартып отыр. Өйткені ол қорқады. Айтуынша, ата-анасы мен ұстаздарының, достарының үмітін ақтауда осалдық танытудан қорқады. Біліміме сенемін, бірақ сары уайымға салынудың соңы жақсылыққа әкелмейді. Бұған қоса, қоғамдағы орын алып жүрген түрлі келеңсіз оқиғаларды ескере келе шешім қабылдадым дейді ару.
Жұлдызай Әділ, оқушы: «ҰБТ тапсырудан бас тартып отырмын. Себебі тестілеуге қатысып, одан өте алмай қалған жағдайда жоғарғы оқу орнына түсу мүмкіндігінен айырылып қаламын. Одан гөрі мектеп аттестатымен орта арнаулы оқу орнына түскенімді дұрыс деп есептеймін. Әрине, менің де қатарымнан қалмай ҰБТ тапсырып, жоғарғы оқу орнының студенті атанғым-ақ келеді. Алайда мен қатты қорқамын, 11 жылдық білімім уайым мен сол сәттегі қобалжудың құрбаны бола ма деп. Сол үшін ата-анаммен ойласа келе осындай шешімге келдік».
Ал психолог мамандар оқушылардың ҰБТ-дан қорқуын жеңу үшін алдымен оқушы өзіне жоғары талап қоюдан аулақ болғаны дұрыс дейді. Ата-ана мен ұстаздар қауымы оқушы қабілетінен жоғары көрсеткішті талап етпеуі керек. Тесттен бірнеше күн бұрын мидың демалуы маңызды, кітап ақтаруды қойып, оның орнына жақын туыстарымен қызықты тақырыпқа әңгіме-дүкен құрудың өзі рухани демалыс сыйламақ. Маман талапкерге арналған 24 сағат тәуліктің жұмсалу тәртібін ұсынды.
Гүлнәр Алибекова, психолог: «Біз ҰБТ-ға психологиялық дайындықты былай жүргізгеніміз жөн дер едім. Яғни6 24 сағат – тәулікті 3-ке бөлуді маңызды деп санаймыз. Мәселен оның бірінші бөлігіне ҰБТ-ға дайындалу, кітап оқу, тесттерді ақтаруына жұмсауы кіреді. Ал екінші бөлігі — 8 сағатқа, ол оқушының тамақтануы, серуендеуі, музыкамен демалуы және дене еңбегімен айналысуы жатады. Ал 3-шісі – ұйқы. 8 сағат уақытын ұйқыға арнауы тиіс. Олар көп оқығаннан кейін, көп шаршайды, көздері талады. Негізі көзді әрбір жарты сағат сайын демалдырып тұрған дұрыс. Сонымен қатар теледидарды аз көргені абзал. Дене еңбегі де талапкерлерге көп көмегін береді. Оған әртүрлі жаттығулар мен баспенен тіке тұру көмектеседі. Мұндай спорт жаттығуларын жиі орындап тұру өте маңызды. Ал қорқынышты жеңуі үшін олар өздерінің ішкі резервтерін білуі керек. Мысалы, адам іштей дайын тұрады. Ол сол нәрсенің болатынын білген соң, өз жауапкершілігін сезінеді. Дайындалады дегендей. 1-ден 10-ға дейін санау, 10-нан кері қарай санау деген сияқты жаттығулардың да көмегі орасан. Мәселен емтихан тапсырар кезде де оқушы орнына жайғасқанға дейін жұдырығын қатты жұмып, оны қайтадан ашып – осындай жаттығуды бірнеше мәрте қайталағаны дұрыс. Бір жағынан емтиханға келіп отырғаннан кейін, «Мен өзіме сенімдімін, мен бәрін жеңіп шығамын, менің білімім әрине дәлелденеді» деген демеу сөздерді іштей қайта-қайта қайталап, көтеріңкі көңіл күймен жүру қажет. Бұл да жақсы әсер етеді. Ал ата-аналармен де тікелей жұмыс жасаймыз біз. Олар баладан оның қабілетінен жоғары талапты қоймаулары керек, себебі бұл қадам балаға үлкен «стресс» әкеледі. Сол үшін мұқият болуларына кеңес беремін».
Айта кетейік6 биыл ұлттық бірыңғай тестілеуде бар мамандық бойынша шектік бал — 55. Тек медицина саласын таңдағандар ғана 60 баллдан жоғары жинауы маңызды. Бұған қоса, еліміздегі ұлттық жоғарғы оқу орындарына түсу үшін талапкер өткен жылдағыдай, кемінде 70 балдық көрсеткішке жетуі керек.