«Сапасыз құрылыстар көбейді»

Сессия жұмысы барысында облыс әкімі Асқар Мырзахметов бекітілген бюджет үшін депутаттарға алғысын жеткізіп, әлеуметтік нысандарға бөлінген қаржы көлемін мәлімдеді
Сессия жұмысы барысында облыс әкімі  Асқар Мырзахметов   бекітілген бюджет үшін депутаттарға алғысын жеткізіп,  әлеуметтік нысандарға бөлінген қаржы  көлемін мәлімдеді
Сессия жұмысы барысында облыс әкімі Асқар Мырзахметов бекітілген бюджет үшін депутаттарға алғысын жеткізіп, әлеуметтік нысандарға бөлінген қаржы көлемін мәлімдеді

Сапасыз құрылыстар көбейді. Облыстық мәслихат депутаттары осылай деп отыр. Жуырда өткен облыстық мәслихаттың кезектен тыс 13-ші сессиясында депутаттардың қарауына үш мәселе ұсынылған болатын. Біріншісі, «2013-2015 жылдарға арналған облыстық бюджет туралы» Оңтүстік Қазақстан облыстық мәслихатының 2012 жылғы 7 желтоқсандағы №9/71-Ү шешіміне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы . Екінші мәселе, «Оңтүстік Қазақстан облысының Арыс қаласының, Арыс және Отырар аудандарының әкімшілік шекараларын өзгерту туралы». Соңғысы «Түркістан қаласының аумағында орналасқан республикалық маңызы бар тарихи-мәдени мұражай ескерткіштерін қорғау аймақтары мен қорғалатын табиғат ландшафты аймақтарының шекаралары туралы».

Күн тәртібіндегі «Облыстық бюджетті нақтылау» мәселесі тұрақты комиссияларда жіті қаралғандықтан бірауыздан мақұлданды. Айтпақшы, сессиядан бір күн бұрын өткен кәсіпкерлікті қолдау, құрылыс және коммуналдық саланы дамыту жөніндегі тұрақты комиссиясының отырысында бірқатар мәселе көтерілгенін айта кеткен жөн. Депутаттар аймақтардағы құрылыстың сапасыздығын сынға алды. Мектеп, балабақша, тұрғын үй құрылысында сапаға жауапты маман жоқтығын алға тартты. Құрылыстың сапасын бақылайтын мамандардың біліксіздігінен пайдалануға берілген нысандардың арада көп уақыт өтпестен апатты күйге түсуі ашындырды. Әсіресе, Арыс қаласынан сайланған депутат Пернебек Райымбековтың ұсынған мәселесі әріптестерін ойландырса керек, бұл мәселенің анық-қанығына жету мақсатында комиссия құру жөнінде ұсыныс айтылды. Бірақ, ертеңіне бұл мәселе сессияда көтерілген жоқ. Керісінше құттықтаулар басым болды. Облыстық мәслихаттың хатшысы Құдайберген Ержан облыстың қоғамдық өміріне белсене қатысқан азаматтарға ОҚО Грамотасын табыс етті. Олар облыстық мәслихаттың депутаты Оңалбай Аяшев, Спандияр Бекжігітов, зейнеткер Мәлік Жүнісбеков, Қазығұрт ауданы бойынша салық басқармасының бөлім бастығы Нұрполат Мүсірәлиев.

Сессияның қарауына ұсынылған Арыс және Отырар аудандарының әкімшілік шекараларын өзгерту туралы шешімге Түркістаннан сайланған депутат Рақым Тәңірберген Балтакөл елді мекенін Түркістан қаласына қосу туралы ұсыныс берді. Тағы бір ұсыныс Лесбек Тәшімовтен түсті. Ол Бәйдібек, Ордабасы аудандарымен шекаралас Қызылкөпірдегі жердің бірқатар бөлігі Арысқа өткеніне тоқталды. « Бұл мәселені былтыр да көтерген едік. Осындағы жер көлемін қайта қарау қажет», деді халық қалаулысы. Өйткені, онда жайылым жерлер, медициналық бекет сияқты маңызды нысандар бар.

Сессия жұмысы барысында облыс әкімі Асқар Мырзахметов бекітілген бюджет үшін депутаттарға алғысын жеткізіп, әлеуметтік нысандарға бөлінген қаржы көлемін мәлімдеді. Ол апатты жағдайдағы №1 мектептің құрылысына – 160 млн теңге, №58 мектептің жөндеу жұмыстарына 200 млн теңге қарастырылған. Облыс бюджетінің көлемі 311,2 млрд теңге.

Шынар ОРАЗОВА

Пернебек Райымбеков
Пернебек Райымбеков

Пернебек Райымбеков, облыстық мәслихаттың депутаты

– Арыс қаласындағы  канал құрылысын комиссия  қабылдады, 430 млн қаржы бөлінген. Алайда, оның жартысы жоқ. Тек қағаз жүзінде бәрі керемет. Мен өзім құрылысшымын, сапасыз тірлікті көріп қынжылудамын. Арыстан Шардараға  барар жолдағы көпірмен қыс мезгілінде қатынау мүмкін емес. Балабақша құрылысы да оңып тұрған жоқ.  Ғимараттың  қабырғалары жарылып, сылағы түсуде.  Өз басым баламды да, немеремді де  мұндай балабақшаға бермес едім. Енді мектептің жайын айтайын. «Реалстрой» салып жатқан мектептің құрылысында «оптимизация» деген себеппен  ақша алынды.Қазір мектеп апатты жағдайда.  Бұл  келеңсіздіктерге  кім жауап береді? Әр нәрсенің шегі бар шығар. 

 

Абай Көмекбаев
Абай Көмекбаев

Абай Көмекбаев, облыстық мәслихаттың депутаты

– Құрылыс және тендерлерді өткізу төңірегіндегі былықтар жөнінде айтуын айтамыз. Алайда  құлақ асатын ешкім жоқ. Бұрынғы компаниялардан ешкім қалмады. Клугман, Хлебовтар қайда? Мықты құрылысшылар жоқтың қасы. Маманы жоқ компаниялар тендерлерден қалай ұтып кетуде? Құрылыс басқармасында мамандар  үнемі ауысады да жатады. Осы басқармада зоотехник пен ветеринарлар отырғасын  не дейсің?!