Шымкентте 20 мыңға жуық дискі және 600 бөтелке судың көзі жойылды

248
Қоқысханаға жеткізілген тауарларды ДТ тракторы таптады

Шымкентте соттың шешімімен контрафактілі тауарлардың көзі жойылды. Әділет департаментінің қызметкерлері мен сот орындаушылары 19 мыңға жуық контрафактілі дискі және 600-ге тарта бөтелке суды жойды.

Бұл бөтелкелердің барлығы "Алаш" базарында сауда жасаған кәсіпкерден тәркіленген
Бұл бөтелкелердің барлығы «Алаш» базарында сауда жасаған кәсіпкерден тәркіленген

Естеріңізге сала кетсек, 19 мыңнан астам заңсыз басылған дискілер сәуір айында жүргізілген рейд барысында тәркіленген болатын. Ал 600-ге тарта бөтелке су «Алаш» базарындағы бір кәсіпкерден алынған. Ол баклажкаға арнайы тазаланған судың орнына кәдімгі құбырдың суын құйыпты. Бұл фактіні қаржы полицейлері және Әділет департаментінің қызметкерлері әшкерелеген. Олардың айтуынша, кәсіпкер белгілі маркалы бөтелкеге кәдімгі құбырдың суын құйып, сатып келген.

Тауарлар әділет департаментінің қоймасынан жүк көлігіне артылуда
Тауарлар әділет департаментінің қоймасынан жүк көлігіне артылуда

Департамент мамандарының айтуынша, бір ғана мына дискілердің жалпы құны 4 миллион теңгеге жуықтайды. Бұл — өңірде анықталып отырған ең ірі контрафакті оқиғаларының бірі. Заңсыз басылған дискілердің контрабандалық жолмен көрші Қырғызстаннан жеткізілгені анықталған болатын.

Қоқысханаға жеткізілген тауарларды ДТ тракторы таптады
Қоқысханаға жеткізілген тауарларды ДТ тракторы таптады

Осылайша заңсыз кәсіпкерлікпен айналысып келгендерден тәркіленген тауарлардың барлығы соттың шешімімен жойылды. Әділет департаментінің мамандары мұндай тексерулер алдағы уақытта да жалғасады деп сендірді.

Сот орындаушысы істің барысын өзі бақылап тұр
Сот орындаушысы істің барысын өзі бақылап тұр