Шымкентте миллионер би тобы анықталды

518
"Бұраң бел" би байқауы мәресіне жетті

Республикалық «Бұраң бел» би байқауы мәресіне жетті. Екінші рет қолға алынған өнер сайысына еліміздің түкпір-түкпірінен 14 би ұжымы қатысқан, 5-уі – біздің облыстың намысын қорғады.

Республикамыздың ең таңдаулы 14 өнер ұжымы қатысты
Республикамыздың ең таңдаулы 14 өнер ұжымы қатысты

Екі кезеңнен құралған байқаудың бірінші бөлімінде қазақтың халық биін билеу міндеттелген. Күрделі орындалатын би қимылдары да олардың ұпай санын арттырары сөзсіз. Ал қазылар алқасының құрамында ҚР еңбек сіңірген әртісі Ізім Тойған Оспанқызы, ҚР мәдениет қайраткері Есікеев Абдурасул, ҚР мәдениет қайраткері Зәуре Әжібекова болды.  ҚР халық әртісі Гүлжамал Талпакова төрайымдық етті.

Би байқауы республикалық көлемде биыл екінші рет қолға алынып отыр
Би байқауы республикалық көлемде биыл екінші рет қолға алынып отыр

Күлия Айдарбекова, ОҚО мәдениет басқармасының бастығы: » Байқау өте қызық әрі тартысты өрбіді. Ең бастысы шын таланттар суырылып шықты. Әділ өтті. Себебі қазылар алқасының құрамында тек өнер майталмандары, нағыз мамандар отырды ғой. Біз де осы өнер ұжымдарының еңбегі еленсін деген оймен, облыс әкімінің бұйрығымен жасалған бағалы сый-марапатымызды ұсынып отырмыз».

 1 млн. теңгені сарапқа салған бишілер сайысы тартысты өтті. «Бұраң бел» арнайы жүлдесін (200 мың теңге) Маңғыстаудың «Шұғыла» би ансамбілі жеңіп алды. Облыс әкімінің арнайы сыйлығы (200 мың теңге) Қызылордадан келген «Бұраң бел» би ансамбіліне берілді. «Шұғыла» номинациясы (200 мың теңге) ОҚО облысы, Төлеби ауданының «Меруерт» би ансамбіліне бұйырды. Ал «Үміт» аталымын (200 мың теңге) Қазығұрттың бишілері «Жұлдыздар» иемденді. Болат Мейірбеков атындағы жүлдені (200 мың теңге) кентаулық «Шабыт» ұжымы еншіледі.   3-орынды (300 мың теңге)  Тараздық «Ақкербез» бен көкшетаулық «Гәкку» өнер ұжымдары иемденді. 2-орынға (500 мың теңге) шымкенттік «Қаракөз»дің бишілері мен Ақтаудан арнайы келген «Жорға» би тобы лайық деп табылды. 1-орын (700 мың теңге) Қызылорда облысының үздіктері «Дидарлықтарға» бұйырды. Бас жүлде — 1 млн. теңге қаржылай сыйақыны Түркістанның таланттары «БиСұлтан» ансамбілі қанжығасына байлады. Ал ұйымдастырушылар, жылдар бойғы үзілістен кейін қолға алынған байқау дәстүрлі шараға айналады деп жоспарлап отыр.