Шымкентте пара алған полицейлер құрықталды. Оларды облыстық ішкі істер департаменті және қаржы полициясының қызметкерлері бірігіп тұтқындаған. Бұл туралы департаменттің баспасөз қызметі хабарлайды.
16-мамыр күні жергілікті тұрғын екі жол полициясының өзінен 30 мың теңге пара талап еткені туралы шағымданады.
«Сол арыз бойынша ішкі істер департаментінің өзіндік қауіпсіздік басқармасының қызметкерлері тексеру амалдарын жүргізген болатын, — дейді департаменттің мемлекеттік тіл және ақпарат басқармасының бастығы Салтанат Қаракөзова. — Нәтижесінде біздің қызметкерлер қаржы полициясындағы әріптестерімізбен бірлесе отырып, екі жол полициясының қызметкерін пара алу барысында тұтқындады. Олар 1979 және 1984 жылы туған старшина мен сержант болып шықты.»
Қазір қолға түскен жол сақшылары уақытша тергеу абақтысында қамауда жатыр. Олардың үстінен қылмыстық іс қозғалған.