Жастар арасындағы кәсіпкерлікті қалай дамытамыз? Осы сұрақтың жауабын бүгін Алматы қаласы, Алматы, Жамбыл, Қызылорда және Оңтүстік Қазақстан облыстарының жастары талқылады. Президент жанындағы Жастар саясаты жөніндегі кеңестің 15-көшпелі отырысында сондай-ақ, өңіріміздегі жастардың өзге де проблемалары сөз болды.
Бұл «Жас Отан» жастар қанатының жиыны. 5 аймақтан келген осындай 11 ұйымның көшбасшылары атқарылған іс пен болашақ жұмыстары жайлы сөз қозғап жатыр. Пікірлесу барысында жастардың арасында кәсіпкерлікті қалай дамытуға болатыны да естен шыққан жоқ.
Тақан Ғиззатов, «Жасыл ел» жастар еңбек жасақтарының штаб жетекшісі: «Қазіргі таңда жастардың кәсіпкерлікпен айналысуына мемлекет тарапынан өте үлкен қолдаулар болып жатыр. Сондықтан біздер жастардың кәсіпкерлік туралы ұсыныстарын тыңдамақпыз. Осыған қарап, қай сала бойынша жұмысты бастауға болатынын білеміз».
50 пайыздық жол жүру билетімен қатынау Оңтүстіктегі студент біткеннің басты арманы. Облысымызда аты жер жарар жастар ұйымдарының көп болғанын қайтейік, осы мәселенің шешімін ешкім таппаса. Мүмкін, көшпелі отырыста түйткіл тарқайтын шығар. Үкілі үмітпен студенттердің құқығын қорғайтын ұйымға жүгіндік.
Арман Абдоллаев, «Қазақстан студенттерінің Альянсы» қозғалысының көшбасшысы: «Бұл проблема тек шымкентте емес, барлық аймақтарда бар. Мысал ретінде былтыр Атырау облысында біз көздеген мақсатымызға жеттік. Ол жақта да осындай проблема болды. Біз жергілікті әкімшілікпен келісіп, проблема шештік. Қазіргі таңда Атырауда студенттер 50 пайыздық жеңілдікпен жүреді. Осы кездесуді пайдаланып, біз де Шымкент жастарының осы проблемасын шешуге атсалысамыз».
15-ші көшпелі жиын 3 күнге созылады. Осы аралықта олар жұмысшылармен және ауыл жастарымен кездеседі. Айта өтейік, республика бойынша 5 млн.нан астам жас бар.
[youtube]http://www.youtube.com/watch?v=MEtUaqukpH0[/youtube]