Қала тұрғыны шахарды көгалдандыру жұмысына белсене ат салысуда. Панзарбек қажы Ордабекұлы 30 түптен қара ағаш, алма, шие жемісін егіп, өзгелерге үлгі көрсетуде. 73 жастағы қария аптасына бір рет ұйымдастырылатын сенбілікке шығып, тіпті өз ауласын тазартуға құлықсыздық танытатын жерлестеріне таң қаламын деп қынжылады.
Зейнеттегі ақсақал бір сәт қол қусырып отырған емес. Жақында отырғызған жас көшеттердің күтімімен әлек. Мәңгі жасыл ағаштардың бірі мына еменді көршісі беріпті. Шардара ауылы Сүткент ауылынан Шымкентке көшіп келген күннен қария көше бойын көгалдандыруды қолға алды. Еңбек еш кетпей, өрік ағаштары жеміс бере бастапты. Жасыл желектің жайқалуына Панзарбек ата жағдай да жасаған. Арық қазып, шағын көпір де салыпты.
Панзарбек қажы Ордабекұлығ қала тұрғыны: «Тұрақтандырып орнатттым. Көпірді өз қаржыма салдым. Маған ештеңе керек емес, адамдардың сауабын алсам болды».
Тіршіліктен тынбайтын қария тіпті аялдамадан түсетін жолды да ретке келтіріп, су диірменін де жасапты. Құрал-жабдықты құрастыру қиынға соқпағанымен, Панзарбек ата оны тұрақты орнықтыруға әзірге тәуекел ете алмай отыр. Өйткені қондырғы қара темір ретінде қолды болып кетеді ме дейді қария. Арықта су тартылғанда оны аулаға алып келіп қояды. Өмірден тоқығанын ақсақал балалары мен немерелеріне үйретуден жалықпайды.
Зүбайра Сабирова, Панзарбек қажының жұбайы: «Таңертең намаз оқыған соң жұмысқа кіріседі. Бауда жүрсе , тынығып қалады. Ауылда тұрғанда бақшада қызанақ, қияр, көкөністің түр-түрін отырғызатын едік. Жеміс ағаштарынан шырын, тосап жасайтын едік».
Осылайша шахардың көркеюіне өз үлесін қосып жүрген қариядан есік алдындағы қоқысын тазалауға ерінетіндер үлгі алса игі.
[youtube]http://www.youtube.com/watch?v=k0GtsfZSS-Y[/youtube]