"Жас түлек - 2013"

Алтын ұя. Жас түлек. Соңғы қоңырау. Бүгін қаламыздағы №8 М.Х.Дулати атындағы гимназияда 120 оқушы үшін соңғы қоңырау соғылды. Олардың 28-і «Алтын белгіге» үміткер. 5 -уі үздік аттестат алуға ниет білдіріп отыр.

Биыл ОҚО-да
Биыл ОҚО-да 37 мыңнан аса шәкірт түлек атанды

17 жастағы Айжан Кәрімжанова да бүгін 11 жыл білім алған мектебімен қоштасады. Жас түлек алға қойған жоспарымен бөлісті.

Айжан Кәрімжанова, жас түлек: «Өте қатты қобалжып, уайымдап тұрмын. Мектебімді, сыныптастарымды, ұстаздарымды қимаймын. Бірге өскен достар болғандықтан, көп естеліктер көз алдыма келуде. Кеше ештеңе байқай қойған жоқ едім, ал бүгін таңертеңнен бері көзімізге жас келуде. Мектеп бізге тек білім берумен шектелген жоқ. Қызықты балалық шақ сыйлады, естеліктер, достасуды үйретті. Алғашқы махаббат та осында орын алды. «Үлкенге құрмет, кішіге ізетті» болуға тәрбиеледі. Ия, айта берсем көп. Алда бізді жауапты күндер күтіп тұр. ҰБТ тапсыруымыз керек. Сол үшін күндіз-түні дайындалудамыз. Әрине, ата-анамыз бен мектебіміздің мақтанышы болуға тырысамыз. Мен жуырда тестілеуден ойдағыдай көрсеткішке жетіп, болашақта қаржыгер болғым келеді. Астана қаласындағы ЖОО-на тапсырамын деп ойлаймын. Бұл менің арманым».

Шымкенттегі №8 гимназияда
Шымкенттегі №8 гимназияда 120 оқушы білім ошағымен қоштасты

«Тарыдай болып кіріп, таудай болып шыққан» жас түлектердің мектеппен қоштасу сәтіне куә болған жоғары сыныптың оқушылары да қобалжып жүр. Мектепті қимаймыз дейді. Балалықтың әрбір сәтінен естеліктер сыйлайтын білім ұясы – сыныптастардың алтын шаңырағы.

Жұлдыз Әлімбек, 9-сынып оқушысы: «Әне-міне дегенше біздің де мектеп бітірер жылымыз жақындап келеді. Әйншейінде улап-шулап жүретін, байқалмай өтетін күндерді сағынатынымызды ойласам, көзіме жас келеді. Тіпті елестеткім де келмейді. Мен мектебімді жақсы көремін. Ал бүгінгі түлектерге тек сәттілік тілеймін! ҰБТ-ны жақсылап тапсырып, ел болашағына өз үлестерін қоссын деп тілеймін».

Соңғы қоңырау шарасында барша оқушы қобалжып жүр
Соңғы қоңырау шарасында барша оқушы қобалжып жүр

Самат Мұстапаев, 9-сынып оқушысы: «Қазіргі әсерімді сөзбен айтып жеткізе алмаймын. Себебі мектеппен қошатсу – бұл үлкен өмірге қадам басуды білдіреді. Қимаймын, әрине. Мен де болашақ жас түлекпін. Дәл қазір бітірушілерге қарап, олардың жайын сезінудің өзі бізге үлкен әсер беруде. Сондықтан мектеп өмірін қызықты өткізуге, мұндағы сыныптастарымды, достарымды бағалап-құрметтеуге тиіспін деп санаймын».

Айта кетейік, «Сыңғырла соңғы қоңырау» шарасы аясында мектеп ауласында Ұлы Отан соғысына аттанып, ерлікпен қаза тапқан мектеп түлектеріне де ескерткіш қойылды. Мектеп басшылығы көптен бері ойда жүрген жоспардың бірі осы – ерлікке тағзым еді дейді.

Оқушылар батыр ерліктеріне арналған ескертшікті құрметтейді
Батырлар ерліктерін еске салатын ескеркіш қайта жаңғырды

Шолпан Асылбекқызы, №8 М.Х.Дулати атындағы гимназияның директоры: «Бала жас күнінен жақсы білім алса, аспанға бәйтерек сияқты биік бойлап, үлкен армандарына жетсе, үлкен адам болса дейміз. Бұл ұстаздардың ғана емес, әрбір ата-ананың да ізгі ниеті. Сондықтан биылғы оқу жылы біз үшін ерекше. 28 оқушымыз «Алтын белгі» үміткерлері болып отыр. 5 үздік аттестат үміткер бар. Әрине, баршасы қобалжып жүр. Небәрі 3 сағатқа созылатын 5-маусым күні ҰБТ өтеді. Баршамыз түлектерге жолдары ашық болсын, ұлттық бірыңғай тестілеуден жақсы өтсін, Ұлы данамыз Абайдай болсын, есімі үлкен әріппен жазылатын тұлға болсын дейміз! Сонымен қоса, бүгін 1963 жылы мектептің ауласында орнатқан ескерткіш монумент биылғы 2013 жылғы және 2012 жылғы түлектердің арқасында қайта жаңғырып, міне қайта жарқ ете қалды. Осылайша тек қана париоттық сезім, дара жігіттік сезім толғандырады».

Биылғы статистикаға жүгінсек, Оңтүстікте мектеп бітіргенін куәландыратын аттестат 37 148 шәкіртке тапсырылды. Оның 21 139-і ҰБТ-ға тестілеуге қатысуға ниет білдіріп отыр. 16009-ы дәстүрлі емтихан тапсырып, мектеп аттестатын алмақ.