Ынтымағы жарасқан жанұя

Абдраимовтар жанұясының тірегі Қалмұрат аға мен Зәуре апа бүгінде 1 ұл, 4 қыз тәрбиелеп, 17 немере сүйіп отыр

Отан шын мәнінде отбасынан басталады. Отбасында адамдардың өмірге көзқарастары қалыптасып, олардың болашаққа деген арман, үміттері оянады, жан дүниесі халқымыздың рухани мұрасынан сусындайды. Біз газетіміздің әр нөмірінде алпысқа келгеннен ақыл сұрап, қарияларын айрықша қадір тұтқан, әкелерін асқар тауға, аналарын шаңырақтың алтын арқауына теңеген, отбасылық құндылықтарды қадір тұтатын үлгілі жанұялардың беріктігі мен ымырашылдығы жайында сөз етіп келеміз. Жетімін жұбатып, қиналғанда қол ұшын беріп, сүрінгенді демеп, халықтық салт-дәстүрлерімізді жаңғыртып, «сүттей ұйып отырған» Шымкент қаласындағы Абдраимовтар отбасы бүгінгі әңгімемізге арқау болып отыр.

Абдраимовтар жанұясының тірегі Қалмұрат аға мен Зәуре апа бүгінде 1 ұл, 4 қыз тәрбиелеп, 17 немере сүйіп отыр
Абдраимовтар жанұясының тірегі Қалмұрат аға мен Зәуре апа бүгінде 1 ұл, 4 қыз тәрбиелеп, 17 немере сүйіп отыр

Абдраимовтар жанұясының тірегі Қалмұрат аға мен Зәуре апа бүгінде 1 ұл, 4 қыз тәрбиелеп, 17 немере сүйіп отыр. Ұлын ұяға, қыздарын құтты орнына қондырған Зәуре апа мен Қалмұрат ағаның отандасқандарына биыл 43 жыл толыпты. Зейнеткерлікке шыққан Зәуре апа бүкіл еңбек жолын оқыту мен бала тәрбиесіне арнаған жан. Сонау 1969 жылы Келес өңіріндегі орта мектептердің бірінде алғаш еңбек жолын бастаған ол кейіннен Төлеби ауданында, Шымкент қаласындағы №7 Сыпатаев атындағы мектеп-интернатында (қазіргі лицей) абыройлы жұмыс істейді. Ал, 1986 жылдан зейнеткерлікке шыққанша қаламыздағы №1 саңырау балалар мектеп-интернатында алғашқыда тәрбиеші, сосын директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары қызметтерін атқарған. «Мүмкіндігі шектеулі жандармен жұмыс істеу аса қиын емес, ең бастысы олардың ішкі жан-дүниесін түсіне білу қажет. Кемтар болғандықтарына қарамастан өмірге деген құлшыныстары өте жоғары, және саңырау балалардың арасында талантты, дарынды балалар өте көп. Мен өзімнің еңбек жолымда осындай жарымжан балалардың бойына аз да болса білім нұрын сеуіп, саналы тәрбиемен сусындатуға септігімді тигізгенім үшін қуанамын», – деп зейнеткер-ұстаз ішкі сырымен бөлісе кетті. Үлкен жауапкершілікті мойымай арқалай білетін аяулы ұстаздарымыздың еңбегі әрқашан елеулі. Өзінің өмір жолында өнегелі қызмет ете білген Зәуре апаның отбасындағы келіні де педагог.

Таулы мекен Түлкібастың таза ауасын жұтып өскен Гүлчехра Құлжанова 1993 жылы Абдраимовтар босағасын оң аяғымен аттап, басына ақ орамал жауылып, келін болып түскен. Бүгінде 3 ұлдың аяулы анасы, қара шаңырақта үлгілі келін атанып жүрген Гүлчехра жеңге де енесі секілді көпке сыйлы. Үйлеріне барғанда қонақжайлылығын көрсетіп, бірден дастархан қамына кірісе кеткен Гүлчехра жеңгені де әңгімеге тартқан едік. «Мен бұл отбасына келін болып түскеніме өте бақыттымын. Жанұя құндылығы мен ауызбіршілігін сақтай білетін бұл шаңырақтан ешқашан ырыс-береке кеткен емес. Білмегенімді үйретіп, отбасында да, қызметте де маған әрдайым демеу болып отыратын апамнан үйренерім әлі де көп. Бұл кісілер тұнып тұрған бұлақтай нағыз тәрбие көзі ғой», — деген келіннің көзінен-ақ ыстық ықыластың лебі байқалды. Осындайда, «Келін ененің топырағынан жаралады» деген сөздің растығына көз жеткізгендей боласың. Тек адамгершілік шынайы қасиеттері мен көргендігі ғана емес, тіпті сыртқы келбеттері де бір-біріне ұқсаған апалы-келіннің ауызбіршілігіне қызыға қарадық.

Әрбір отбасы – шағын бір мемлекет. Әрбір мемлекеттің өзінің ішкі саясаты болатыны іспетті, отбасында да рухани, адами құндылықтарды ескере отырып тәрбие беру үрдісі сақталады. Абдраимовтар отбасынан қияға қанат самғап ұшқан ұл-қыздарының барлығы да бүгінде ел алдында абыройлы қызмет атқарып, бірі әкесінің, бірі анасының жолын қуып көптің алғысына бөленуде. Олардан тараған ұл-қыздар да, яғни Зәуре апаның немерелері оқуда озат, талапты балалар. Әсіресе, ақындық қасиеті бар немересі Аянның дарындылығын ерекше атап өткен Зәуре апа: «Менің анам өнерге жақын адам болған еді. Жүрген жерінде өлең айтып, өзі жыр-шумақтарын жазып жүретін. Аянның бойындағы қасиет осы анамнан дарыған ба деп те ойлаймын» – деді. Биыл 11-сыныпта оқып жүрген Аянның осы уақытқа дейін көптеген өлең-жырлары мен түрлі тақырыптағы мақалалары басылым беттеріне жарияланып келген екен. Сондай-ақ, «Шалқар шабыт шыңында» атты жеке кітабы да шығып үлгеріпті. Міне, отбасы тәрбиесі деп осыны айтыңыз. Ата-әженің, әке мен шешенің жақсы тәлімін көріп бой түзеген баланың жаман қадамға бара қоюы екіталай.

Отбасы үйлесімділігі тағылымды тәрбиеде. Ендеше елдігіміздің түпкі негізі қаланып, ұрпағымыздың дүниетанымы қалыптасатын жанұяда желкілдеп өсіп келе жатқан балалардың бойында адамгершілік пен имандылық рухын егуге баршамыз мүдделі болсақ, болашағымыз жарқын, келешегіміз кемел болары сөзсіз.

Гүлнұр Сәтбаева