Көкпар десе ішкен асын жерге қояр азаматтар Оңтүстікте жетерлік. Ел чемпионаттарында топ жарып, үнемі қанжығалары майланып жүргендер де біздің жерлестеріміз. Өңірімізде тақымы мықты білекті жігіттермен бірге аттың бабын бірден байқайтын атбегілер де аз емес. Кейінгі жылдары атбегілік өнерге қызығушылардың қатары көбеймесе азайған жоқ. Оңтүстікте сәйгүлігін бәйгеге қосып, көкпар тартқызып нәпақасын тауып жүрген атбегілер де бар. Осындай ұлттық ойынды жандандыруға атсалысып жүрген азаматтардың бірі Жамалбек Тұрапбеков. Қай жерде көкпар беріп жатса, сол маңнан Жамалбек ағаны кездестіресіз.
– Мен бала кезімнен атқа құмар болып өстім. Сайрам ауданының «Ленин жол» ауылында дүниеге келгенмін. Ағам Дәулет Тұрапбеков кезінде ауылда көкпар тартып, мықтылығымен танылған азаматтардың бірі. Сол кісінің артына мінгесіп алып, әйтеуір, қай жерде көкпар болса қалмайтынмын. Көп жәйтті осы ағам үйретті.
Қазір қорамда 9 тұлпарым бар. «Лашын» деген қара тұлпарым қай жерге барса да жүлдесіз қайтпайды. Бақтыбай деген шабандоз «Браслет» сәйгүлігіммен екі мың аттың ішінен топты жарып, қазандыққа екі рет салым салды. Ал Шаянда Арман Исмаилов деген азамат мешіт ашып, көкпар бергенде осы тұлпарым кезекті рет топ жарған еді. Түлкібаста да олжаға кенелтті. «Самара» деген тұлпарым да түрлі жарыстарда алдына қара салмай келеді. Шынын айтсам, аттан пайда көрейін деген ой жоқ менде. Менікі, тек атым салым салса, көңілденіп үйге қайту ғой. Кейде үйге көңілсіз оралғанда, үйдегі жеңгең олжасыз қайтқанымызды бірден байқап қояды.
– Көпардан бөлек бәйгеге қосатын тұлпарларыңыз бар шығар..
– Жоқ, мен тек көкпардың аттарын дайындаймын. Бәйге, қыз қуу деп бөліп жатқым келмейді. Тек көкпардың аттарына деген қызығушылығым зор. Көкпар десе барлық ісімізді кейінге ысырып қойып, атшабарға қарай бет аламыз. Өзіміз аш болсақ та, сол сәйгүлігіміздің жем-суын дайындап жатамыз.
– Осы сәйгүліктердің бағасы темір тұлпармен тең тұрады дейді. Сол рас па?
– Кейде, одан да қымбат тұрады. Жақында теледидардан бір сәйгүлікті байқап қалып, осы тұлпар менің қорамда болуы керек деген ой келді. Содан ештеңеге қармай ниетімді іске асыруға кірістім. Аңдап қарасам, ол ат Шығыс Қазақстанда екен. Ол да кедергі бола алған жоқ. Көлігімді дайындап жолға шықтым да кеттім. Екі мың шақырым жол жүріп, әйтеуір, жаңағы тұлпарды сатып алдым ғой. Қорама алып келгенде бір рахаттанып, көңілім орнына келді. Осындай жағдайлар көп болады. Жақсы тұлпарларды көрсек, бірінші болып сатып алғымыз келеді де тұрады. Оның ақшасы да аз емес. Мәселен, «Бойтұмар» деген атымды 21 мың, ал, «Арыстан» деген тұлпарымды 22 мың АҚШ долларына саттым. «Король» деген атым бар. Қазір оған да сұраныс көп түсіп жатыр.
– Тұлпарларға жем-шөпті өзіңіз бересіз бе?
– Күнделікті күтіп, баптайтын адамдар бар. Дегенмен, кейде өзім де қараймын. Ат та бала секілді ғой. Оны да тәрбиелеп, күтіп баптау қажет. Сағат сайын жем-шөбін тиісті мөлшерде беруіміз керек. Оның да машақаты аз емес.
– Енді қандай сәйгүлік сатып алу жоспарыңызда бар?
– Қазіргі 9 тұлпарымның бәрі де командалық көкпар тартуға жарамды. Осының өзіне тәубә деймін. Дегенмен қай жерде жақсы ат болса, сатып алуға тырысамыз.
– Әңгімеңізге рахмет. Сәйгүліктеріңіз қанжығаңызды майлай берсін!
– Сізге де рахмет.
Сарбиназ АЛДАБЕРГЕНОВА