Жалдамалы пәтерді қалай алуға болады?

Алдағы уақытта 126 пәтер пайдалануға беріледі
Шымкент қалалық тұрғын-үй секторының меңгерушісі Гүлнар Әшірбаева
Шымкент қалалық тұрғын-үй секторының меңгерушісі Гүлнар Әшірбаева

Қазіргі таңда жүзеге асырылып отырған «Қолжетімді баспана — 2020» бағдарламасы 9 бағыт бойынша жүзеге асырылып отыр. Аталған бағыттардың біріншісі — жергілікті атқарушы органда (ЖАО) кезекте тұрған азаматтарды жалдамалы тұрғын үймен қамтамасыз ету болып табылады. Бұл бағыт кімдердің баспаналы болуын қамтамасыз етеді, бағдарлама қатысушысына қандай талаптар қойылады? Редакциямызға оқырмандардан жиі түсіп жататын осындай сауалдарға жауап алу үшін Шымкент қалалық тұрғын-үй секторының меңгерушісі Гүлнар Әшірбаеваны әңгімеге тарттық.

– Облыс басшысы осы жылды «Тұрғын үй жылы» деп жариялағаны белгілі. Бұл хабар баспанаға мұқтаж азаматтарға үміт отын жаққандай болды. «Қолжетімді баспана-2020» бағдарламасында қамтылған жергілікті атқарушы органда кезекте тұрған азаматтарды жалдамалы баспанамен қамту қалай жүзеге аспақ? Бұл бағыт бойынша кімдердің үй алуға мүмкіндігі бар? 

– «Тұрғын үй қатынастары туралы» Заңының 67-74 баптарына сәйкес, коммуналдық тұрғын үй қорынан баспанаға мұқтаж азаматтардың кезегі төрт тізім бойынша жүргізіледі. Олар: Ұлы Отан соғысының мүгедектері мен қатысушылары және халықтың әлеуметтiк жағынан әлсіз топтарына жататын азаматтары. Айта кетейік, бұл санаттағылардың (жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды, мүгедек-балаларды қоспағанда ) құжат тапсырған уақытта орташа айлық табысы отбасының әрбір мүшесіне ең төменгі күнкөріс деңгейінің 3,1 еселенген мөлшерінен төмен болуы тиіс. Үшінші тізімде – мемлекеттiк қызметшiлер, яғни, бюджеттiк ұйымдардың қызметкерлерi, әскери қызметшiлер, ғарышкерлікке кандидаттар, ғарышкерлер, арнаулы мемлекеттік орган қызметкерлері және мемлекеттiк сайланбалы қызмет атқаратын адамдар. Соңғы төртінші тізімді жалғыз тұрғын үйі заңнамада белгіленген тәртіппен авариялық жағдайда деп танылған азаматтар құрайды.

– Осы тізімдегі халықтың әлеуметтік жағынан әлсіз тобына жататын азаматтарға кімдер жатады? 

– Оларға – Ұлы Отан соғысының мүгедектері мен қатысушыларына теңестірілген адамдар, 1 және 2 топтағы мүгедектер, мүгедек балалары бар немесе оларды тәрбиелеушi отбасылары, Үкімет бекiткен аурулар тiзiмiнде кейбiр созылмалы аурулардың ауыр түрлерiмен ауыратын адамдар жатады. Және жасына қарай зейнет демалысына шыққан зейнеткерлер де осы тізімге кіреді. Сол секілді кәмелетке толғанға дейiн ата-аналарынан айырылған, жиырма тоғыз жасқа толмаған жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар да осы топты құрайды. Оралмандар мен экологиялық зiлзалалар, табиғи және техногендi сипаттағы төтенше жағдайлар салдарынан тұрғын үйiнен айырылған адамдар да әлсіз топ болып танылады. Сондай-ақ бұл топқа көпбалалы отбасылар, мемлекеттiк немесе қоғамдық мiндеттерiн, әскери қызметiн орындау кезiнде, ғарыш кеңістігіне ұшуды дайындау немесе жүзеге асыру кезінде, адам өмiрiн құтқару кезiнде, құқық тәртiбiн қорғау кезiнде қаза тапқан адамдардың отбасылары, толық емес отбасылар жатқызылған.

Алдағы уақытта 126 пәтер пайдалануға беріледі
Алдағы уақытта 126 пәтер пайдалануға беріледі

– Бұл бағыт бойынша баспаналы болғандар бар ма?

– Иә бар. Аталған бағыт бойынша былтырғы жылы тұрғын үй алу тізіміне тіркелген 60 азамат баспанамен қамтамасыз етілді. Биыл жыл басынан бері 45 пәтерлі 3 тұрғын үй пайдалануға беріліп, азаматтарға бөлінді.

– Жыл аяғына дейін неше үміткерді үймен қамтуға мүмкіндік бар? 

– Биыл тағы 2 арендалық тұрғын үй пайдалануға беріледі деп жоспарлануда. Бұйыртса, бұл жоспарымыз іске асса, 126 азамат бірінші бағыт бойынша пәтерлі болып, қоныс тойын тойлайтын болады.

– Ал кезекте тұрған үміткерлер саны қанша? 

– Өткен айдың аяғына дейінгі есеп бойынша ЖАО-да тұрғын үй алу тізімінде 8359 азамат тіркелген. Оның ішінде Ұлы Отан соғысының қатысушылары мен мүгедектерінен – 5 азамат, халықтың әлеуметтік жағынан тіркелген әлсіз тобы бойынша – 4578 азамат, мемлекеттік қызметшілер, әскери және бюджеттік ұйымдардың қызметкерлерінен – 3768 азамат, жалғыз тұрғын үйі апатты жағдайда деп танылған – 8 азамат құжаттарын тапсырды.

– Құжаттар қайда тапсырылады? 

– Кезекке тұру үшін азаматтар қажетті құжаттарды жинап, халыққа қызмет көрсету орталықтарына (ХҚКО) өткізеді. Ол жерден тұрғын үй секторына жіберілген құжаттар «Е-әкімдік» бағдарламасына енгізіліп, сәйкестіктері тексеріледі. Қол қойылған құжаттар негізінде азаматтар кезекке тіркеліп, оларға кезек нөмірлері көрсетілген жазбаша хаттар ХҚКО-на жолданады. Құжаттары толық емес немесе жоғарыда көрсетілген нормативтік-құқықтық актілердің талаптарына сәйкес келмеген құжаттар жазбаша хатпен кері қайтарылады. Кезекке тұру үшін азаматтар төменде көрсетілген құжаттарды халыққа қызмет көрсету орталықтарына ұсынады. Мәделі қожа көшесіндегі ХҚКО-да кезекке қою операцияларымен №1,2,3 залдардағы қызметкерлер айналысады.

– Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан – Мақпал РЫСБАЕВА