Байғараевтар отбасы. Шымкент қаласындағы интернационал жанұяның бірі. Отағасы Шадбәлі осыдан 40 жыл бұрын мардован қызы Раисаға ғашық болып, туған еліне келін етіп түсіреді. Екі ғашық содан бері бірге. Бүгінде үбірлі-шүбірлі болып, 5 немеренің сүйікті атасы мен әжесі атанып отыр. Мереке қарсаңында біз осы шаңыраққа бас сұғып, сұхбаттасып қайттық.
— 1970 жылдары ІІМ қарасты әскери училищеде оқып жүрген кезім болатын, – дейді өткенді сағынышпен еске алған Шабдәлі ағамыз. – 1972 жылы 2 айлық іс-тәжірибеден өту үшін Мордовия астанасы Саранск қаласында болдым. Кешқұрым көңіл көтеруге би кешіне баратынбыз. Сол жерде Раисамен таныстым. Мен оны бір көргеннен-ақ, өзімнің екінші жартым екенін түсіндім. Оқуымды аяқтаған соң қайтып келіп үйленетінімді айтқам. 2 ай деген зымырап өте шықты. Мен қайтып училищеге оралдым. Емтихан тапсырып, офицер атандым. Тамыз айында Саранскіге қайтып барып, Раисаға үйлендім. Ол кезде оның жалғызілікті анасы ғана бар еді. Ол кісі бізге рұқсатын беріп, шамасы келгенше кішігірім той жасады. Келіншегімді алып елге, Қазақстанға оралдым. Мен бұрынғы «Ленин жолы» ауылында туылғанмын. Анамнан 7 жасымда айрылдым. Жанұямызда 12 ағайынды едік. Әкем кейінгі екінші анам екеуі жиған-тергенін беріп, той жасады. Беташар болып, мұсылманша некемізді қиды. Ауылда екі апта ғана тұрдық. Жоғарғы жақтан Архангельск қаласына жолдама келген соң, келіншегімді алып сонда кеттім. Мен онда шұғыл топта жұмыс істедім. Раиса телефонистка болып жұмысқа тұрды. 1973 жылы тұңғышымыз Сергей туылды. Ол сол жақтағы балабақшаға барды. Бірде, демалыс алып ауылға келсем, әкем ауырып, төсек тартып қалыпты. Қарап отырсам, маған өкпелі. Сосын жұмысыма қайтып оралған сәтте-ақ, Қорғаныс Министрлігіне Шымкентке ауыстыру мәселесі бойынша өтініш-хат жаздым. Менің өтінішім қанағаттандырылып 1977 жылы Шымкентке ауыстым. 1979 жылы екінші ұлымыз Мұрат туылды. Содан бері осындамыз. Өкініштісі сол, Раиса қазақ тілін меңгере алмады. Алайда, салт-дәстүріміз бен әдет-ғұрпымызды өте жақсы біледі.
Осы кезде Раиса апай әңгімеге араласа кетті.
– Сіз білесіз бе, мен қазақ тілінде сөйлей алмасам да, жақсы түсінемін. Әттең, көкірегім қазақша сайрап тұр ғой, алайда соны шығарып айта алмайтыныма қынжыламын. Мен небәрі 16 жасымда үлкен әулетке келін болып түстім. Ақ жаулық, беташар, сәлем салу деген мен үшін таңсық болды. Қолмен тамақ жеуді де алғаш рет осы жақтан көріп, үйрендім. Енеммен тату тұруға тырыстым. Ол кісі не айтса да «мақұл» дейтінмін. Қандай мереке болмасын, ағайын-туыс, бала-шаға, құда-жекжат қара-шаңыраққа жиналады. Сол кезде абысын-ажындардың басы қосылып, қазақтың ұлттық тағамдарын дайындаймыз. Мақтанғаным емес, менің дайындаған тағамдарым өте дәмді шығады. Барлық ағайын, «Раиса келініміз қазақтың он келінінен артық» деп мақтау айтады. Өзімнің келіндерімді салт-дәстүрді ұстана отырып, түсірдім. Немерелерімнің де шілдехана, бесік той, тұсау кесер, сүндет тойын өткіздік. Балаларымның жұбайлары қазақ. Сергейдің келіншегі Оралдың қызы. Есімі Вера. Мұраттың үйіндегі келіннің аты Шолпан. Сергей жеке кәсіпкерлікпен айналысады. Ал, Мұрат болса әкесінің жолын қуып әскери қызметті таңдады. Қазір әскери прокуратурада қызмет етеді, әйелі Шолпан ҰҚК-де жұмыс істейді. Сергейдің Бауыржан, Аилита, Саламат есімді балалары бар. Бауыржан мен Аилита орыс сыныптарында оқиды. Саламат үйдің кенжесі. Ол тек қазақша түсінеді. Оның тілі де қазақша шығып келеді. Ал, Мұрат пен Шолпан Алина, Аделина есімді қыз өсіріп отыр. Олар болса қазақ сыныптарында оқиды. Келіндеріме шексіз ризамын. Жұмыстарында да абыройлы, үйдің шаруасын да дөңгелетіп отыр. Үйде қазақша да орысша да сөйлесеміз. Бізде тіл мәселесіне келгенде ешқандай қиындық тумайды. Ең бастысы бір-бірімізді түсінеміз, сыйлаймыз.
Жанұя қоғамның ең маңызды құрылымы екені баршамызға белгілі. Әрбір отбасында сүйіспеншілік пен түсінік қаншалықты мықты болса, қоғамның діңгегі де соншалықты берік болары сөзсіз. Ендеше, 41 жылдан бері жұптары жазылмай келе жатқан Шабдәлі аға мен Раиса апайдың шаңырағынан шаттық кетпесін дейміз.
Айжан Ермекқызы