«Самал» шағынауданында көлік апаты орын алды. Осындағы Манат қыз және Анар әже көшелерінің қиылысында «Хендай Старекс» шағын автобусы мен жүк көлігі соғысып қалды. Оқиға таңғы сағат 9 шамасында болған. Куәгерлердің айтуынша, бұл қиылыста мұндай көлік апаттары жиі орын алып тұрады. Өйткені, мұнда ешқашан жол белгісі болған емес.
Сондықтан алдағы уақытта да қайғылы жағдайлардың орын алмауына ешкім кепілдік бермейді. Қазіргі болған жағдайдың ақ-қарасын жол полициясының қызметкерлері анықтап жатыр. Абырой болғанда адамдардың ешқайсыс зардап шеккен жоқ.
Жергілікті тұрғындардың бірі Күлайша апай бұл жолдарда ешқандай жол белгілерінің болмағанын айтады. «Қайсысы басты жол, қайсысы екінші деңгейлі жол екенін ешкім де білмейді» дейді. Жылдамдықты шектейтіні тағы жоқ дейді ашуға булығып. Соның салдарынан аптасына 3-4 көлік апаты орын алатын көрінеді. Қазір олар бала-шағасын көшеге шығаруды да қойған. Ең болмағанда бағдаршам немесе жол кедергісі қойылса екен дейді.