«Ғаламат» қоғамдық бірлестігі жергілікті жерлердегі жастармен пікірлесуге шықты. Бірлестік қолға алған «жастардың қоғамдағы саяси белсенділігін арттыру» жобасы 3 бағытта іске асады. Ол жастардың қатысуымен семинар-тренингтер, сол пікірлесу барысында белсенділерді іріктеу және «Өңірдегі саяси ахуал жастар көзімен» атты саяси лагерьге қатысу.
Кентау көпсалалы колледжінің студенттері «менің негізгі ұстанымым. Мақсатыма жету үшін жүзеге асырар ойым» деген тапсырмаларды белсенді орындауға тырысты. Тест сауалдарына да біркісідей жауаптарын берді. Соңында өз пікірлерін қағаз бетіне түсіріп, көпшілікке жария етті.
Ислам Рахманқұлов, колледж студенті: «Өз пікірімді білдіріп, ойымды ашық жаза алдым деп ойлаймын. Маған барлығы ұнады».
Ұлжан Күмісбек, колледж студенті: «Өзімізді танып білдік деуге болады. Бізге сенім артуға болатынына көзіміз жетті. Өз ойымызды еркін айта аламыз».
«Жастардың қоғамдағы белсенділігін арттыру» атты семинар-тренингке Түркістан қалалық көпсалалы медициналық колледжінің студенттері де қатысты. Түрлі топтарға бөлініп, өз ұстанымын нақты жазуға ұмтылған ұл-қыздар онысын қорғауда да белсенді болды.
Тренерлермен пікірлесіп, өз ойын ортаға салған жастар қатары молая түсуде. Себебі, ОҚО Жастар мәселесі жөніндегі басқарма мен «Ғаламат» бірлестігінің бұл жобасы барлық аудан-ауылдарда қолға алынған.