Қазығұртқа құйын келді. Секундына 19 метр жылдамдықпен соққан жел Жаңабазар ауылын жайпап өтті. Екпін қаттылығы сонша, өзен суын тасымен қоса көтеріп бағаналарды құлатып кеткен. Бірнеше көше тұрғындары жарықсыз қалды.
Жұлқынған жел аяқ асты басталыпты. Жайбарахат жатқан ауылдың шаңын ұшырып қана қоймай шатырын да көтерген. Терезе әйнектері қирап, әп-сәтте жамағатты абыржытып тастады. Дауылдан кейінгі жөндеу жұмыстарын тұрғындардың өздері күйттеп жүр. Бірақ көбі көмек сұрайды.
Убайдулла Мәуленов, Жаңабазар ауылының тұрғыны: «Көрмей де қалдық, айналдырған бір минут ішінде өтіп кетті, былай қарай бір сызықтың бойымен. Не қыламыз енді, көмек сұраймыз, өзіміз жұмыс істемейміз».
Екпінді желдің өтінде қалған отбасының бірі Байтасовар жанұясы. Құйын үйі мен асханасының шатырын жұлып, қорасын тұтастай ұшырып әкеткен.Егде тартқан енесі мен шиеттей бала -шағасын жалғыз зейнетақысымен асырап отырған Рая апай ендігі жағдайының келісті болмасын біліп кемсеңдейді.
Рая Байтасова,Жаңабазар ауылының тұрғыны: «Жердегі, төбедегі құйын қосылды да сыпырып кетті. Біздің ауылда ақша жоқ шынын айтқанда. Өте нашар халықпыз. Білмеймін әйтеуір күнімізді зорға көріп отырмыз.Енді мынандай жағдайға тап болдық. Сарайымызды қайтіп жауып аламыз,ағаштарын 20-30 метрге дейін ұшырып кетті».
Ал тоқсанға келген кейуана өмірімде талай қиындық пен зұлмат жылдарды бастан өткерсем де, мынандай алапатты көрген емеспін дейді.
Гүлсара Байтасова,Жаңабазар ауылының тұрғыны: «90-ға келдім мұндай сұмдықты көрмегем. Міне отырмыз бәріміз,ел-жұрт абдырап отыр. Жалпы мұндай болмаған, бірінші рет көріп отырмын бұндайды. Ой-тоба суға шейін көтеріп жіберген аспанға».
Төтенше жағдайға байланысты ауданда арнайы штаб құрылып, комиссия мүшелері жалпы шығын көлемін анықтап жатыр.Жергілікті билік өкілдері бірінші кезекте аз қамтамасыз етілген отбасы мүшелері мен шатыры толықтай зардап шеккен тұрғындарға көмек көрсетеміз деп отыр.
Болатбек Қыстауов, Қазығұрт ауданының әкімі: «Бірінші, үйдің толық шатыры ұшқан жағдайда соған бірінші назар аударып отырмыз. Екінші, аз қамтамасыз етілген отбасылар яғни әлеуметтік қорғалған топтарды. Соған жұмыс күшін жұмылдырып, солардың шатырын ретке келтіреміз. Ал үшінші кезекте өз күші жететін азаматтарға тиісті құрылыс материалдарын жеткізіп беру».
Қазір жаңабазарлықтарға демеушілердің көмегімен 1200 дана шатыр жабынғысы мен 900 метр рейка ағашы жеткізілген.
[youtube]http://www.youtube.com/watch?v=-2lHQvwNpyA[/youtube]