Шымкентте белгілі әнші, халықаралық байқаулардың жеңімпазы, жерлесіміз Бауыржан Исаевтың шығармашылық кеші өтті. Көгілдір экран түгелі, сахнадан көрінбей кеткен әнші кешінің тақырыбын «Ата-анама арнау» деп атапты. Концерттік шараға келушілердің қатары қалың болды. Жерлестерінің сағынышы да бірден байқалды. Әнші сахна төріне көтерілісімен -ақ көпшіліктің қошеметі мен ыстық ықыласына бөленді. Тыңдарман қол соғып, ерекше құрметпен қарсы алды . Бұған дейін, өнердегі 17 жылында Бауыржан Исаев есеп беру кешін орталық қалаларда ғана өткізген.
Бауыржан Исаев , әнші: «Негізі туған қаламдағы қойып отырған бірінші концертім. Бұған дейін концертімді өткізген емеспін мұнда. Ал осы маусым айында концерт өткізуді таңдаған себебім, осы айдың аяғында ғана кішкене бос болғаннан кейін, осы оразаға дейін концерт қояйын, есеп беріп кетейін деп келдім».
Халыққа Төлеген Мұхамеджановтың «Аяулым» әнімен кеңінен танылған өнер иесі биыл жылан жылында 35-ке қадам басты. Кеш барысында талантты әнші эстрада, классикалық ән жанрларымен бірге кең диапазонды туындыларды да нақышына келтіре орындады. Симфониялық-эстрадалық оркестр сүйемелдеуімен. Өңіріміздегі «Оңтүстік Цирк» ұжымы да әншінің алғашқы кешіне өнер-шашуын ала келіпті. Жиналған қауымға ерекше серпін сыйлап, кештің сәнін кіргізді.
Маржан Қуандыққызы, көрермен: «Ия, Бауыржан Исаевтың «Қазақ полициясы», «Аяулым» әндерін жақсы білеміз. Қосыла шырқап отырмыз бүгін. Шынымды айтсам, отбасымызбен осы кешті асыға күттік. Кең тынысты дауысы баурап алады тыңдармандарын. Дариға Назарбаевамен де айтқан талай әндері біздің үйде күйтабақта сақталып тұр. Ризамын өз басым. Нағыз талант қой! Қазақтың мұндай нағыз өнерлілерін бағалау қажет!».
Мақсат Дәуренбеков, көрермен: «Көптен бері Бауыржан баырымыз сахнадан көрінбей кетті ғой. Анда-санда ғана бұрынғы бейнеклиптерін теледидардан көзіміз шалып қалатын. Көпшіліктен «Бауыржан Мәскеуде жүр екен» дегенді еститінбіз. Енді міне, елге келіп есеп беріп, әсем әндер сыйлап жатыр. Мейді қайда жүрсе де қазақ әндерін жүрегінен өшірмей, өнерімен шыңдарға шыға берсін дейміз».
Бауыржан Исаев 1979 жылы Оңтүстікте туған. Араға 19 жыл салып, Оңтүстік Қазақстан музыкалық колледжінің әншілік саласын тәмамдаған. Бүгінге дейін талай дүркін республикалық, халықаралық байқаулардың жеңімпазы болып, талантын дәлелдеп үлгерген. «Арай» жас орындаушылардың облыстық конкурсының Гран-приін, «Жас қанат» республикалық жас орындаушылар конкурсының көрермендер сүйіктісі сыйлығын және II жүлдесі, Түркияда өткен «Памукале» халықаралық фестивалінің дипломын, «Азия — дауысы — 96» халықаралық фестивалінің Гран-приін қанжығасына байлаған.
Айта кетейік, жуырда өнер жұлдызы осы концерттік бағдарламамен еліміздің бар өңіріне гастрөлдік сапарын жоспарлап отыр. Және «Ата-анама арнау» күйтабағының тұсаукесерін әнсүйерқауыммен бірге тойламақшы. Сонымен қоса, жақын күндері Атырау қаласында жаңа бейнебаянның түсірілімін де бастайтынын хабарлады.