«Өнерлі балаларға демеушімін»

Марат Омаров, ҚР еңбек сіңірген әртісі, әнші-композитор
Марат Омаров,  ҚР еңбек сіңірген әртісі, әнші-композитор
Марат Омаров,
ҚР еңбек сіңірген әртісі, әнші-композитор

– Бір кездері көгілдір экраннан түспейтін Марат Омаров сахнадан көрінбей кетті. Сіз қайда жүрсіз? 

– 1998 жылы «Арман қала – Астана» деген әнім шыққанда Елбасының арнайы шақыртуымен Астанаға қоныс аудардым. Онда барғанымда маған көптеген жоғары лауазымды қызметтер ұсынылды. Алайда, шығармашылықтың, өнердің адамы болғандықтан мәдени іс-шаралармен айналысқанды қаладым. Өзгеге ұқсамайтын жаңа дүниелер жасағым келді. Абай атамыздың «Сен де бір кірпіш дүниеге, Кетігін тап та, бар қалан» дегеніндей, талантты балалар үшін өнер шаңырағының кірпішін қалап, 2010 жылы Астана қаласынан Халықаралық «Талант» өнер орталығын аштым. Бүгінде балапандардың өнеріне қанат бітіруге күш салып жатырмын.

– Бұған не түрткі болды?

– Бесінші сыныпта оқып жүргенімде, анам гитара, баян сатып алып берді. Сол аспаптарда Шәмші ағамыздың әндерін орындап жүрдім. Бірде «Ана туралы жыр» әнін айтқанымда Шәмші аға тыңдап, маңдайымнан сүйіп: «Осындай шалғайда тұратын, ауылдан шығатын балалар үшін, шіркін-ай, өнер мектебі ашылса ғой» деді. Сол сөз санама қатты әсер еткен болуы керек. Бойында таланты бар, алайда қаржы тапшылығының салдарынан өнерін шыңдай алмай жүрген бүлдіршіндерді қанатымның астына алғым келді. Осы мақсатым алға жетелеп, Астананың төрінен өнер орталығын аштым. Онда – 150-ге жуық бала оқиды. Бүгінде бес қабаттан тұратын орталықта 300 орындық зал бар. Балет, хореография, би өнері, ұлттық аспаптарға баулу бөлімдерінде жас таланттар дарынын ұштайды.

– Марат аға, оңтүстікке келіп 30 жылдық есеп беру концертіңізді өткіздіңіз. Концертте ұлыңыз Азаматты сахнаға шығарып, көпшілікпен таныстырдыңыз. Халық арасында «ата-анасының арқасында жұлдыз болып жүр» деген ой қалыптасқан. Сіздің ұл-қызыңызға «Марат Омаровтың» беделі қаншалықты әсер етуде?

– Оңтүстікке келудегі бірінші мақсатым – өзіңіз айтқандай 30 жылдан бергі шығармашылығыма есеп беру кешін ұйымдастыру еді. Сахна төрінде жанды дауыста 25-ке жуық ән орындалды. Халық менің әндерімді сағынып қалыпты. Концерт барысында ұлым Азаматты сахнаға шығардым. Қыздарымның да бойынан талант пен өнерді байқағандықтан, олардың сахнаға шығуына мұрындық болғанмын. Алайда, бұл жерде «әкесінің беделі» деп қарастырғаннан гөрі, «бойында әкесінің қаны бар» деген дұрысырақ болады. Өнер адамының сыншысы халық емес пе? Халықтың көзі қырағы, одан ешнәрсені жасыра алмайсың. Егер Зарина мен Бибімәриям, Азамат талантсыз болса, әкелерінің тегі бұл жерде оларға көмектесе алмас еді.

– «Марат Омаровтың үш әйелі бар», – дейді жұрт. Сол рас па?

– (Күлді). Үш әйелі бар деген қаңқу сөз ғана. Бірінші әйеліммен дәм-тұзымыз жарас-пай 1994 жылы ажырастық. Одан соң қазіргі жарым Перизатқа үйлендім. Бүгінде екеуміз тату-тәтті өмір сүріп жатырмыз.

– Алдағы уақытқа жоспарыңыз қандай? 

– Биыл шығармашылықпен айналысуды мықтап қолға аламын. Жуырда Кипр елінде ашылған Амфитеатрға арнайы бағдарламамен барып, шәкірттеріммен бірге өнер көрсетемін. Астана күніне орай ұйымдастырылған мерекелік концертке қатыспақшымын. Сондай-ақ Катар, Малайзия, Индия, Түркия елдеріндегі қазақ диаспорасының арнайы шақыртуымен сол елдерге гастрольдік сапарға шығу жоспарда бар. Испанияның Барселона қаласында өтетін фестивальға да шақырту алғанмын. Сондай-ақ, қыс кезіндегі демалыста мектеп оқушыларының бос уақытын тиімді ұйымдастыру мақсатында Түркиядағы Клеопатра аралында «Балалар фестивалін» ұйымдастыруды қолға алып отырмын. Алайда бұл әзірше жоба ғана. Дегенмен осы бағытта жұмыстар жүргізілуде. Жақын арада 100-ге жуық жаңа әнім жарыққа шығады.

– Әңгімеңізге рахмет, шығармашылықта табыс тілеймін!

Сұхбаттасқан – Айжан Ермекқызы