10 баланың жүрегіне ота жасалды

1924 бала жүректің туа біткен ауруымен есепте тұр

Оңтүстік Қазақстан облысында жыл сайын шамамен 350-400 бала жүректің туа біткен ақауымен дүниеге келеді. Оның ішінде 150 балаға ота жасау қажет. Қазіргі уақытта 1924 бала жүректің туа біткен ақауымен диспансерлік есепте тұрса, осы дертпен ауыратын бір жасқа дейінгі балалар саны 400-ге жетті. Олар ота жасатуға мұқтаж. Бұл аз десеңіз, салмағы 10 кг-нан аспайтын балалар тағы бар. Олар да отаны күтуде.

1924 бала жүректің туа біткен ауруымен есепте тұр
1924 бала жүректің туа біткен ауруымен есепте тұр

Жақында Алматыдағы Ұлттық ғылыми кардиохирургиялық орталығынан келген мамандар оңтүстіктегі әріптестеріне шеберлік сабағын өткізді. Шеберлік сабақ барысында олар балалар кардиохирургиясы бойынша біршама тәжірибелер жүргізіп, жас маман-дарға отаның қыр-сырын түсіндірді.

Мастер-класс барысында жүректің күрделі ақаулары бар балаларға және салмақтары 8 кг-нан төмен, жүрек ақауы бар 10 балаға ота жасалып, екі орталықпен өзара меморандумға қол қойылды.

– Аталмыш іс-шара балалар кардиохирургиясын әрі қарай дамытуға ықпалын тигізеді және біздің орталықтағы медициналық көмектің сапасын жетілдіруге мүмкіндік береді. Облысымыздағы жүректің туа біткен ақаулары бар балаларға ауадай қажет маңызды және күрделі оталардың қолжетімділігін арттырады, – дейді мамандар.

Оңтүстік Қазақстан облысында жыл сайын шамамен 350-400 бала жүректің туа біткен ақауымен дүниеге келеді
Оңтүстік Қазақстан облысында жыл сайын шамамен 350-400 бала жүректің туа біткен ақауымен дүниеге келеді

Айта кетейік, облыстық кардиологиялық орталықта 2011 жылдың 18-наурызында балалар кардиохирургиялық бөлімі ашылған болатын. Бөлім 12 орынға есептелген. Ашылған соң 1 жылдың ішінде орталықта 350 балаға ота жасалды. Осы уақыт аралығында Польшадан келген мамандардың қатысуымен 2 шеберлік сабағы өткізілген. Ол кезде де 90 балаға ота жасалды.

Ұлттық ғылыми кардиохирур-гиялық орталық мамандарының айына 2-3 рет осылай өзге облыстарға шығып, ота жасауды жоспарлап отыр екен. Бұл біріншіден тәжірибе алмасу болса, екіншіден әлеуметтік тұрмысы төмен отбасыларға күрделі оталардың қолжетімділігін арттырады.

Айжан ЕРМЕКҚЫЗЫ