Шымкентте «Айгөлек» балалар шығармашылық фестивалінің қорытынды кеші өтті. Ауыл-аудандардан топ жарған балалар сайыстың ақтық мәресінде өнер көрсетіп, жүзден жүйрік атануға асықты. Облыстық Білім басқармасы ұйымдастырған фестивальге 3 және 6 жас аралығындағы бүлдіршіндер жолдама алған.
Бала арманы. Талай өнер тарландары осы «Айгөлектің» кішкентай сахнасынан түлеген. Бұл бүлдіршіндердің өнер баспалдағындағы алғашқы қадамы болса керек. Қатысушылардың қобалжуын көрермендер де сезініп отыр. Сахнаға алғаш көтерілгендердің бірі Ұғылжан Әбдуқадырова. 6 жасар үміткер бас жүлдені жеңетініне сенімді.
Ұғылжан Әбдуқадырова, үміткер: «Мен Төлеби ауданынан келдім. Достарыммен бірге ән салдым. Бірінші орын аламын. Себебі мен әнді тамаша айттым. Баршасы риза болып, билеп отырды. Менің көйлегім де әдемі, шашым да әдемі».
3 кезеңнен құралған фестивальде балалар ой ұшқырлығымен қатар, өнерімен де ерекшеленеді. Бірі ән орындаса , екіншісі ақындар жырынан монолог оқыды. 3 пен 6 жас аралығындағы бүлдіршіндердің өнеріне ата-аналар да дән риза. Бірақ шарттың аты шарт дейді қазылар алқасы. ОҚО Білім басқармасының бас маманы Ж.Елемесова төрайымдық еткен қазылар алқасының құрамында Б.Ешенқұлов (облыстық мектеп олимпиадаларын өткізу орталығының директоры), Э. Дмитриевна (балаларға арналған өнер мектебі, музыкалық бөлімнің меңгерушісі), З.Бекходжаева (Шымкент қалалық өнер мектебінің мұғалімі) болды.
Жүзімкүл Елемесова, қазылар алқасының төрайымы: «Би, ән, күй – әкелген өнерлеріне баса назар аударамыз. Сонымен қатар ойлау. Өздерінің шығармашылық қабылеттеріне де қараймыз. Соның ішінде Шардара ауданынан келген 5 жастағы Дариға деген қызға көңілім толып отыр. Бұған қоса Шымкент қаласындағы Рамазан деген бала да тамаша өнер көрестіп жатыр. Отырар ауданынан келген бүлдіршін қыздың қабылет-дарыны басым екені байқалып тұр».
15 үміткердің өнері мен білімін сарапқа салған «Айгөлек» фестивалінің бас жүлдесін (Бала бақшаға арлналған асханалық жабдық) 5 жасар шымкенттік («Інжу-маржан» бөбекжай бала бақшасы) балақай Рамазан Имаммазам жеңіп алды. Бірінші орынды (интерактивті тақта) шардаралық («Балапан» бала бақшасы) Дариға Шаймерден мен Созақ ауданынан («Созақ» ясли-бақшасы) келген бүлдіршін Раушанхан Әлішер өзара бөлісті. 2-орынды (ұялы телефон) Түркістан қаласының («Айгөлек» бала бақшасы) кішкентай өнерпазы Динара Мансұрқызы мен Кентаудың («Қамқор» бөбекжай балабақшасы) сұлуы Мәдина Әбдумүтәлі иемденді. Ал 3-орынды (компьютерлік ойыншықтар) Отырар ауданынан («Балдәурен» балалар бақшасы) Арайлым Амалбек, Бәйдібек ауданынан («Аружан» балабақшасы) Жайырбек Ақжол және түлкібасық («Жан-нұр» жекеменшік балабақша) бүлдіршін Дария Қуандық місе тұтты. Дәстүрлі шара өнерлі кішкентайларды іздеуін жалғастырмақ. [youtube]http://youtu.be/-inY8u2ngaA [/youtube]