Алдаркөселер азайып барады

1394
Айдархан Боранбаев Алдар көсенің рөлін сомдады

Ел арасында Алдаркөселер азайып барады. Халық жанашырларын көбейтуде өңіріміздегі әзіл-ысқақ және сатира театры ұжымы да белсене кіріскен. Көпті жиып, «Алдаркөсе» комедиялық спектаклін ұсынды. Көрермендерін күлкіге қарқ қылған қырғыз қойылымы ең алғаш осы Шымкентте сахналанған. Содан бері театр қоржынының қазынасына айналған туындыны біз де тамашалап қайттық.

Театр әртісі Айдархан Боранбаев өздігінше күбірлеп, сахнаалды дайындығын пысықтауда. Бір қарағанда қобалжып отырғаны да байқалады. Себебі бүгін өнер иесі аты аңызға айналған айлакер Алдар көсені сомдайды. Бет-әлпетін бояп, арнайы киім киюден бұрын, әртіс үшін кейіпкердің образына ену басты орында. Бір қызығы аты шулы тапқырдың табиғаты маған жақын, пайдалы өтірікті жиі айтамын дейді әртіс.

Айдархан Боранбаев Алдар көсенің рөлін сомдады
Айдархан Боранбаев аты аңызға айналған айлакер Алдар көсенің рөлін сомдады

Айдархан Боранбаев, театр әртісі: «Өтіріктің де пайдалы кездері болып қалады. Дұрыс па?! Немесе бір ұрысқан жандарды табыстыруда өтірікің пайдасы болады. Сол секілді өз орнымен қолдана білген жөн болады, өтірікті айтамыз. Ханның алдына барған кезде, енді хан деген бүкіл жұртты басқарып отырғаннан кейін оның алдында артық сөйлесе басы алынады Алдар көсенің. Сондықтан сол бір сәтте ойдың ұщқырлығын көрсететін сәт маған қиындау түсті».

Алатаудың етегіндегі ел көсемі Шаншуханның таңы әйел іздеумен атып, кеші батады. Күн сайын жаңа жар алғанды жаны қалайтын патшаның есіл-дерті осы. Көпшілікті күлкіге көмген комедиялық туынды бізге қырғыз елінен жол тартқан. Бұл – заманауи, шымкенттік үлгісі.

Самат Алтаев "Алдар көсе" спектаклінің өзгеріске ұшырағанын жасырмады
Самат Алтаев «Алдар көсе» спектаклін сахналау кезінде өзгеріске ұшырағанын жасырмады

Самат Алтаев, қоюшы-режиссер: «Қойылымдағы өзгеріс мынау ғана Алдаркөсені біз бүгінгі күннің Алдаркөсесіне айналдырып алып келдік. Бүгінгі күннің тіршілігіне, бүгінгі адамның хам-қарекетіне әкелдік. Аудармасымен айналысқан кезде біраз қиыншылыққа ұшырады. Өйткені біздің театрымызда ешқандай қырғыз тілінің маманы жоқ. Сондықтан да бізге Қырғызстанның өзіне барып, аударып келуге тура келді. Сондағы бір режиссермен тілдесіп те келдік. Пікірлестік, қалай өзгертуге болатынын, қалай аударуға болатынын».

Оқиға желісі бойынша Алдар көсе бай-шонжарлармен қатар, Шаншуханды да алдап соққаны көрініс тапқан. Ақымақ билеушінің теріс әрекеттерін ел алдында әшкере етеді. Серқұлдың жағымпаздығына мысқылмен қарайды. Айлакердің мұндай қадамына көрермендер де дән риза. Бүгінгінің Алдарын көргендей әсерде отыр.

Комедиялық туынды тамашалауға келушілердің де қарасы қалың болды
Комедиялық туындыны тамашалауға келушілердің де қарасы қалың болды

Ләйлә Жұмабай, көреремен: «Бүгінгі қойылымда да осы театр актерларының заман талабына сай қимыл-қозғалыстары да, биді де меңгергені, әнді де меңгергені, сахна тілін меңгергені және де актерлік шеберлігіне тәнті болып отырмыз. Шын мәнінде күлкіге кенелтіп жатыр. Және де бұл Алдаркөсені театр ұжымы бүгінгі заманға лайықтап, басқаша өң беріп, көрермендерге ұсына білген».

Бүгінгі мен кешегі көңілді ел жанашырын көрсете білген әртістер өнеріне көпшілік тәнті болып тарасты. Театр ұжымы осы «Алдаркөсе» комедиялық спектаклімен 6-шы маусымының шымылдығын қайта түретін болады.

[youtube]http://youtu.be/NZMu4T8q-rY[/youtube]