Елбасының бастамасымен қолға алынған «Балапан» бағдарламасын жүзеге асыру елдегі демографиялық өсімге байланысты 2020 жылға дейін ұзартылмақ. Осылайша оның жалғасы ретінде «Балдырған» бағдарламасы бастау алмақшы. Бұл бағдарлама бойынша 2020 жылға дейін 3 жас пен 6 жас аралығындағы бүлдіршіндерді 100% балабақшамен қамту көзделіп отыр.
Шымкент қалалық білім бөлімінің ресми мәліметі бойынша, 189 балабақша жұмыс істеуде. Олардың 73-і мемлекеттік, 84-і жекеменшік. Ал, мектеп жанынан ашылған шағын орталықтар саны 32-ге жеткен. Бүгінде қалада мектепке дейінгі жастағы – 117 438 бала бар. Қалалық білім бөлімінің басшысы Жанат Тәжиеваның айтуынша мектепке дейінгі мекемелермен 31 614 бүлдіршін қамтамасыз етілген.
Ал, «Балапан» бағдарламасы қолға алынғалы қалада 29474 бүлдіршін балабақшамен қамтылған. Бұл қаладағы балалардың 70,8%-ы балабақшамен қамтамасыз етілді деген сөз. Тарқатып айтар болсақ, «Балапан» бағдарламасы бойынша Құрсай елді мекенінде – 320 орындық №36 «Ерке-Наз», Асар елді мекенінде – 280 орындық №42 «Толағай» балабақшасы ашылса, №70 «Бастауыш мектеп-балабақша» кешені, №40 «Нұрлан» бөбекжай-балабақша болып қайта құрылды. Жұмыс істеп тұрған №71,73,74 бастауыш мектеп балабақша» кешендері жанынан жаңадан 200 орындық 8 топ ашылған. №5,24,52 жалпы орта мектептер жанынан шағын орталықтар ашылып, №81 «Бақыт» балабақшасы мен №70 «Шолпан» балабақшасын біріктіру арқылы №70 «Шолпан» бөбекжай-балабақшасы құрылғаны белгілі.
Десек те, балабақшаға барамын деген балаға әлі де орын тапшы. Соның жарқын айғағы болар Шымкент қалалық білім бөлімінде балабақша кезегінде 55 000 бүлдіршін тұр. Содан болса керек, мектепке дейінгі ұйымдар тапшылығын шешу мақсатында қаладағы бірнеше жекеменшік бөбекжайлардың ішінен мемлекеттік тапсырыс бойынша топтар ашылуда. Мысалы, 2011-2013 жылдар аралығында мемлекеттік тапсырыс бойынша 61 жекеменшік балабақшаға қосымша 4395 бала орналастырылған.
Ал 55 мың баланы қайтеміз? Қалалық білім бөлімі мамандарының айтуынша, биыл «Самал-3», «Тұлпар», «Асар» шағынаудандарында 960 орындық балабақша пайдалануға беріледі. Сондай-ақ, 2014 жылы «Қазығұрт», «Самал-2», «Бозарық», «Сәуле» шағынаудандары мен Жангелдин, Гаражная көшелерінде 1970 орындық жаңа балабақша бой көтермек. Ал, 2015 жылы «Қайнарбұлақ», «Нұрсат», «Мирас», «Ынтымақ», «Жайлау» шағынаудандарында да 1600 орындық балабақша ашылады деп жоспарлануда. Оның үстіне ата-ана балабақша кезегіне бала дүниеге келе салысымен тұрып қоюды әдетке айналдырғанын ескерсек, бұл кезек әлі де ұлғая берері сөзсіз.
Айтпақшы…
Бұрынғы №25 «Бүлдіршін», №122 «Золотая рыбка» балабақшаларының ғимараттары мемлекетке қайтарылып, қүрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. №115 «Марал» балабақшасы да қайтарылып, ЖСҚ дайындалуда. Сондай-ақ, 2013 жылы Тұрландағы – 110, Құрманбеков көшесіндегі – 140, Шығыс мөлтекауданындағы-250 орындық балабақша ғимараттары мемлекетке қайтарылмақ. Ал, 2014 жылы бұрынғы №77 «Дюймовочка», №1 «Алмаз», №104 «Қарлығаш» балабақшалары, 2015 жылы №11 «Ленин», №46 «Белоснежка», №53 «Арман» балабақшаларының ғимараттарын мемлекеттің меншігіне қайтару жоспарлануда.
Айжан ЕРМЕКҚЫЗЫ
Артық болмас білгенің…
ҚР Үкіметінің 2012 жылғы 31 тамыздағы №1119 қаулысына сәйкес:
1. Мүгедектер.
2. Ата-ананың қамқорлығынсыз қалған балалар.
3. Жетім балалар.
4. Көп балалы отбасыдан шыққан балалар.
5. Соғысқа қатысқан және соғыс мүге-дектеріне жеңілдік пен кепілдік берілген тұлғалардың балалары, – мектепке дейінгі мекемеге бірінші кезекте орналасуға құқылы.
Балабақшаға кезекке қоюға қажетті құжаттар тізімі:
1. Туу туралы куәліктің көшірмесі.
2. Әкесінің немесе анасының жеке куәлігінің көшірмесі.
3. Өтініш.
4. Жеңілдікті растайтын құжат.