– Аға жақында Елбасымен кездесулеріңіз өтті. Сөзімізді осы кездесуден алған әсеріңізден бастасақ.
– Ия, бұл біздің Елбасымен үшінші рет кездесуіміз. Бұған дейін Теміртауда, одан соң Шымкентте кездескенбіз. Ал, биыл елордамыз Астананың төрінде бас қостық. Алдымен ақ үйде болып, сол жерде Нұрекеңмен әңгімелесіп, шәй іштік. Кешкісін тағы да арнайы дастархан жайылып, жастық шақты еске алдық.
Енді кездесуден алған әсерімді сөзбен жеткізу қиын шығар. Әр басқосуда ерекше тебіреністе боламыз. Нұрекеңнің өзі де бізді көргенде бар шаруасын ұмытып кеткендей болатын сияқты маған. Ол жерде саясатты қозғап, халықаралық қатынастарды сұрап жатқан ешкім жоқ. Керісінше балалық пен жастық шақтың арасындағы 18 бен 20 жастағы бала мінез, еңбекке енді араласқан жігіттердің өзге мемлекетте 2 жыл бойындағы тынысы сөз болады, қызық оқиғалар еске түседі дегендей. Бір қызығы Нұрекең де әр кездесуде ағынан жарылады. Әзіл айтып, ән салады, біздің әңгімемізді тыңдайды. Егер бірге болған кездегі әңгімелер айтылып, оқиғалар Елбасының есіне түссе, өзі қосыла айтып мәре-сәре күй кешеміз. Айта берсең қызық көп қой. Елбасымен курстас болуды бұйыртқан Жаратқанның бізге берген бақыты шығар.
– Әрине мұндай бақыт екінің біріне бұйыра бермейді ғой. Ендеше Президентпен курстас болған соң сізге жас Нұрсұлтанның ерекшелігі туралы сұрақтар көп қойылып жататын шығар. Жас болған соң қызға қырындау, жігіт болып кештетіп көшеге шығу дегендей…
– Оның бәрі өтіп кетті ғой. Украинаға алғаш барған кезде көбіміз ауылдан барған жас баламыз, орысшаны түсінбейміз. Оның үстіне осы оңтүстік аймақтан балалар көп болды. Сонда берілген тапсырманы да ұқпайтын балалар бар еді. Сол кезде Нұрсұлтан түсіндіретін көпшілігімізге. Сөйтіп жүріп үйреніп кеттік қой орысшаны. Ал енді Нұрсұлтанның ерекшелігі сонда оқып жүріп-ақ, оның білімге құштарлығы, ұйымдастырушылық қабілеті өте жоғары болды.
Жаспыз ғой енді. Кейде бөтен жігіттермен келіспеушіліктер болып қалады. Сонда Нұрсұлтан араласып екі жақты татуластыратын. Адамды тыңдата білуі, қажет жерде әзілдеп тұрып мәселені шешуі Нұрекеңнің бала күннен бойына сіңген қасиет деп білемін.
– Аға бос кездеріңізде бірге қыдырған да шығарсыздар?
– Оның қайсы бірі еске түсе берсін. Сол кездегі Нұрсұлтанның бізге айтқан әңгімесін айтайын.
Бір күні бәріміздің басымыз қосылып отырғанда Нұрсұлтан: «Жігіттер мен сендерге қызық әрі қорқынышты жағдайды айтып берейін», – деді. Бәріміз тыңдап отырмыз.
Нұрсұлтан Украинаның біз оқыған жердегі облыс орталығы Днепропетровскіге шаруаларымен барыпты. Сол жерде жүріп, бір қызбен танысады. Сөздері жарасып, қысқасы Нұрекең әлгі жаңа таныс қызының үйіне барады. Бұл жағдай тыңдап отырған жігіттердің барлығына «соңы не болар екен», дегендей қызық болып тұр. Сонымен, Нұрсұлтан: «Қыздың үйіне кірсем, ешкім жоқ екен. Мені бір бөлмеге отырғызды да, өзі шәй дайындауға кетті. Бұл не қылған үй деп ойланамын. Әке-шешесі жоқ па екен деп, айналаға қарай бастадым. Не керек үйдің іші тым-тырыс. Бір кезде отырған бөлмемдегі қарсы алдымда тұрған кереуеттің астына көзім түсіп кетті. Көлеңке жақ беттегі үйдің іші де қараңғылау екен. Көзім жетпей жақын үңіліп қарасам, адамның басы жатыр. Не істерімді білмей, шошып оянып кетіппін. Сөйтсем, түсім екен» – деп, барлығымызды әрі-сәрі күйде қалдырғаны әлі есімнен кетпейді. Мұндай жағдайда не күлеріңді, не жыларыңды білмей қаласың.
– Осындай күндерді бірге өткізген курстасыңыздың бірі Елбасымыз болса, одан басқа Украина жерінде сізбен қатар тәлім алған біраз азаматтар бүгінде ел аузындағы жандардың қатарында жүр. Ал, сізде ондай мүмкіндіктер болмады ма, Теміртаудан мұнда қалай келдіңіз?
– Мен Арыс өңірінің Дермене деген ауылында туып өскем. Қазір де ағайын -туыстарымның біразы сонда тұрады.
Біз, Украинаның Днепродзержинск қаласынан келгенде Теміртаудағы зауыттың іргетасы енді қаланып жатқан болатын. Еңбек жолымыздың басы осы зауытты қалыптастырудан бас-талды. Сөйтіп жүргенде мен қатты ауырып, дәрігерлердің «климат ауыс-тыру керек» деген нұсқауымен осында келдім. Осылайша Теміртауда жұмыс жасау маған бұйырмады. Содан соң тағдырдың жазғанымен Түркістанға келіп, теміржолшы атандым.
Ал, енді ел аузындағы адам болу Жаратушының әркімнің тағдырына берген несібесі шығар. Біріміз елбасы, біріміз заңгер, біріміз демограф, келесіміз қатардағы жұмысшы дегендей өмірдің ағынымен тұрмыс кешіп келеміз. Жалпы өзім осы күніме шүкіршілік етемін.
Сұрағыңа байланысты Нұрекеңнің кездесудегі бір сөзі есіме түсіп отыр. Елбасы барлығымызға ағынан жарылып, «Сендерге ризамын!», деді. Өзім іштей мұнысы несі екен дедім. Бізге риза болатындай, патшаға қандай шапағатымыз тиді дегендей ойда қалдым. Сонда Нұрсұлтан: «Міне, мен қаншама уақыт ел басқарып келемін, осы күнге дейін бірде біреуің жеке бастарыңның мәселесін айтып, көмек сұрамай сырттай қолдау көрсеткендерің үшін дән ризамын», деп шынайы көңілін білдірді.
– Аға, дегенмен Елбасымен кездесу барысында өңірдің тынысы сөз болған шығар?
– Әрине, онсыз бола ма. Ақордадағы кездесуде Нұрекеңе қасиетті қалада атқарылып жатқан жұмыстар мен бірді-екілі мәселені жеткіздім.
Алдымен ол кісіге соңғы бір жылдың көлемінде Түркістанның бойына қан жүгіріп жатқанын баяндадым. Шынын айту керек, бұған дейінгі әкімдер қал-қадірінше жұмыс атқарды ғой. Дегенмен меніңше қаланың 1500 жылдық мерейтойынан кейінгі қарқынды жұмыс енді жүре бастағандай. Көшелер кеңейтіліп, тақыр жерге гүл өсіріліп жатыр. Оның үстіне әкіміміз осы жердің түлегі. Сондықтан шығар, туған жердің гүлденуіне жанашырлықпен қарап, атқарған жұмыстарының барлығы халықтың көңілінен шығып жатыр. Сонымен қатар, қаланың тарихындағы ерекше жағдай жыл сайын әкімдер халық алдында есеп беріп жатыр ғой. 2012 жылдың қорытындысы бойынша Түркістандағы әкімнің халыққа есеп беру кездесуі де ерекше болды. Айтайын дегенім, жылдағы есеп беру жиындарда әкімнің баяндамасынан соң тұрғындар жарыссөзге шығып, өзекті мәселелер айтылып жататын. Ал, бұл жолғы кездесуде қала әкімі Ә.Өсербаев бір қағазға қарамай атқарылған жұмыстарды баяндап, атқарылатын жұмыстардың жобасын арнайы экраннан көрсетіп таныстырды. Баяндамадан кейін әдеттегідей жарыссөзге шығушыларды күтіп отырғанымызда, залда жарыссөз тоқтатылсын деген ұсыныс айтылды. Осы ұсыныс көпшіліктен қолдау тауып, әкімнің есебіне бірауыздан өте жақсы деген баға берілді. Міне, Елбасыға шама-шарқымша осындай жағымды жаңалықтарды жеткіздім. Мені таң қалдырғаны Нұрекең осы әңгімені байыппен тыңдап, маған «Менің атымнан әкімдеріңе сәлем айт! Осы бағытынан танбасын», деді. Патшаның тарапынан мұндай сәлемдеме кез-келген әкімге жолдана бермейді ғой. Осы қуанышты сәлемді әкімнің өзіне де жеткіздім.
– Тағы да қандай ұсыныстар айттыңыз?
– Қаламыздың бас қақпасы темір жол вокзалының қазіргі жағдайын айттым. Осыдан он шақты жыл бұрын темір жол вокзалы жеке меншік иелігіне өтіп, соңғы жылдары қараусыз қалды. Сонымен бірге, медицина саласында аудармасының қалай екенін білмеймін «портал» деген пайда болды. Бұл дегеніңіз, сіз ауруханаға жатуыңыз үшін осы портал арқылы кезекке тұрып, соны күтуіңіз керек. Ол кезегіңіздің қашан келетінін бірінші Жаратушы, одан соң әлгі дәрігерлер біледі. Осы екі мәселені айттым. Нұрекең айналасындағы көмекшілеріне «Мына мәселені жазып алыңдар» деп, маған арнайы талдап жұмыс жүргізетінін айтты. Міне, осылайша өңірдегі мәселелерді патшаға жеткіздім.
– Сұхбатыңызға рахмет!
Мәлік ДӘУЛЕТОВ,
Түркістан қаласы