“Есірткісіз болашақ”. Ел ертеңін есірткісіз елестетуге үгіттейтін үнқату алаңында мектеп оқушылары. Маңызы мол шараны “Тұран” талантты жастар одағы” қоғамдық бірлестігі мен Қазығұрт аудандық “Жастар орталығы” МКМ ұйымдастырған. Олардың бұл бастаманы қолға алуына есірткінің Шымкент, Қазығұрт, Сайрам аудандарында кеңінен белең алуы себеп болып отыр. Ақтық мәреге “Кәусар” және “Ғибрат” фракциялары жолдама алыпты.
Қатысушы жастар бүгінде нашақорлыққа салынғандарды тез табуға болады деп отыр. Себебі олардың саны артқан деп ашынады. Мектеп оқушыларынан құралған «Кәусар» және «Ғибрат» фракциялары өзара пікір-сайыс дебатта ғасыр дерті — нашақорлықты жеңу жолдарын қарастырды. Бірі оларды күштеп емдеу керек дегенді қолдаса, екіншісі адам құқығын таптауға болмайды деп отыр.
Есірткіге еліткендердің емделіп, жарқын өмірге қадам басуы екіталай. Дегенмен оларды күштеп емдеуге тура келеді мұндайда. Дәл осы ойды “Кәусар” фракциясы 5 минут ішінде құрғақ сөзбен емес, дәлелді мысалдармен жеткізуі керек. Топтың спикері Ақмарал Батырханова жасөспірімдердің нашақорлыққа бой ұруына бірден-бір себеп — қаржы деп есептейді.
Ақмарал Батырханова, “Кәусар” фракциясының спикері: “Оның отбасына байланысты, екіншіден өзінің не бай, не кедей екенімен. Мәселен, ол кедейліктен тапшылық көрсе мүлдем сол нашақорлықтың соңына кіріп кетеді, ал бай отбасында болса сол байлығын пір тұтып, есірткімен мас болып жүреді. Менің осы пікір-талас алаңындағы ойым — нашақорлықты мүлдем Қазақстаннан аластату еді. Сол идеямды толық айттым деп білемін. Өз тұжырымымды жеткізе алдым деп айта аламын”.
Бір жылда дүние жүзі бойынша синтетикалық нашақорлықтан 275 мың адам қайтыс болады. Айта кетейік, құмарпаз нашақор 35 жасқа жетпей өледі. Ал жасөспірім нашақорларлардың да өмір сүру ұзақтығы жан түршігерлік! Есірткіні пайдалана бастаған соң небәрі 5 жыл өмір сүреді. Ал облысымызда 2012 жылы 2992 нашақор тіркеуде тұрса (жасөспірімдер — 5), бүгінде 2854 нашақорды құрап отыр. 8-і жасөспірімдерге тиесілі. Есірткі пайдаланушылар саны ресми түрде осылай жарияланғанымен, іс жүзінде 10 есеге артық. 1-2 рет анашаны байқап көрудің өзі есірткі тасымалдаушылардың құлы етеді, өлімге жетелейді.
Дамир Жүнісов, қазылар алқасының төрағасы: “Былтырғы статистикамен салыстырған кезде, бізде осы қазіргі кезде есірткі арқылы қылмыстың ошағы ретінде Шымкент қаласы, Қазығұрт және Сайрам аудандары қаралады. Сол себепті осы жерлерге барып түсіндірме жұмыстарын жүргізіп келдік біз. Бірінші осы қарапайым кездесулер, дебат, тәрбие сағаттары, тренингтер. Бір жағынан қатысып отырған адамдар өздері де мәлімет алады. Өзіндік ой қалыптастырады. Осылайша дұрыс мақсат қояды. Дәл осылай күресті жалғастыра берсек 5-10 жылдың ішінде нәтиже береді деп сенеміз. Ал мұндағы пікір-сайыстың барысы құндылық форматта өтті. Екі жақта өзінің филисофиясын ұсынды. Бір жағы қазіргі кездегі елімізде болып жатқан жәйттарға сәйкес, нашақорларды күштеп емдеуді жолға қоятын болса, екінші жақ ол адам құқығын бұзушылық деп айтты. Бірақ бұл жердегі негізгі айтылмай өткен ой – жеке адами факторлық қабылданған жоқ. Яғни, ортаның, қоғамның осы ойын қосымша ретінде айтып өтетін болса, жөн болатын еді”.
Адамдық қалыптан айыратын есірткі 1 ғана бізді емес, бүкіл елдің ертеңін бұлыңғыр етеді. Болашағына балта шабады. Осылай пікір қосқан жастолқынның ойы өзгелерге де үлгі болады деген үміт те жоқ емес. Ал дебат қатысушылары арнайы дипломдармен мараптталды.