Жеті жарым миллион теңге ұтып алғыңыз келе ме? Ол үшін елде жоқ жаңалық ойлап табыңыз! Бүгін Шымкентке «Инновациялық форсаж» тележобасының автобусы келді. Астанадан арнайы ат басын бұрған топтың бағыты бөлек. Өңіріміздегі өнертапқыш азаматтарды іріктеп, республикалық байқауға қатыстырмақшы. Инновациялық жобаларды дамытуға арналған бұл бағыт елімізде 2005 жылдан қолға алынған болатын.
Астанадан ат терлетіп келген қонақтар Шымкентке осылай арнайы сән-салтанатымен келді. Біздің өнертапқыштар мен жүйрік ойдың үздіктері ұтымды сәтті дұрыс пайдаланып, елде жоқ жаңалығымен бөлісіп жатыр. Олардың бірі М.Әуезов атындағы ОҚМУ-дің ғалымдары. Сөздеріне сенсек, олар ұсынған жобада зауыт қалдықтарынан түрлі пайдалы өнімдерді шығаруға болады. Бүгінгі кездесуде жоба қолдау тапса, жалпы республикалық телешоуға жолдама алмақ.
Амангелді САИПОВ, М.Әуезов атындағы ОҚМУ-дің аймақтық сынақ зертханасы меңгерушісінің орынбасары: «Шымкент қорғасын зауытынан шыққан үлкен қалдықтар бар. Сол қалдықты өңдеу арқылы біздің зертханада дәрумендер алып жатырмыз. Мәселен, ашутас. Ол денсаулығында кінәраты бар әртүрлі адамдарға күш-қуат береді. Екінші бір қалдықтан өңдегеніміз ол қалдық сулары. Қаладан шыққан суды өңдеп, ауыр металдарды, зиянкестерді түбіне шөктіріп, қалған суды ағынсу ретінде пайдалануға болады. Малға, өсімдікке».
Тележобаға қатысып, қаржы ұтып алсам деген ниетпен Несіпбек Ераханұлы да келді. Мүсіншінің сөзінше, ағаштан түрлі кескіндер жону ісіне қазір тапсырыс көп. Ал жалғыз өзі үлгермей жүр. Сондықтан шағын шеберхана ашсам дейді жобаға қатысып.
«Сенің идеяң, елің үшін маңызды». Инновациялық форсаж жобасының ұраны осындай. Сондықтан олар елдің кез келген түкпіріндегі үздік ойды телеарна арқылы жариялап, жобаны 40 пайызға дейін қаржыландырады. Телешоудың жалғасып келе жатқанына биыл 9-шы жыл.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, жаңа жоба көбіне еленбей, ескерілмей қалып қоятын, дегенмен болашағы зор істі бастауға жақсы мұрындық дейді. Яғни, ашқан жаңалығыңыз арқылы сіз демеуші де таба аласыз. Әрі, биылғы шарттар жеңілдетілген. Тың ұсынысы бар инноваторлардың жобасын жарыққа шығаруға әлі де мүмкіндігі бар. Ол үшін арнайы nif50k.kz сайты жұмыс істейді.