Облыстық клиникалық аурухана жанындағы инсульт орталығының ашылғанына 1 жыл болды. Осы уақыт аралығында орталықта ем алғандар көп. Орталықтың меңгерушісі Нұрқасым Әбдуәліұлының айтуынша, инсульт алып, орталыққа шұғыл жеткізілетін науқастардың саны артып отыр.
Инсульт — бастың қан айналым жүйесінің жедел бұзылуы. Бастағы ми қан тамырларының зақымдануы және қан тамыр жүйесінің түрлі ақаулары инсульке шалдықтырады. Инсульт екіге бөлінеді. Бірінші геморрагиялық. Бұл бас миына немесе оның сыртқы қабығына қан құйылуы. Екінші ишемиялық. Бұл бас миының инфаркті. Ең қауіпті түрі — геморрагиялық инсульт. Мұндай кезде адам есінен танып қалады. Инсульттің бұл түріне шалдыққандардың 70 %-ы көз жұмады. Ал ишемиялық инсульт алған адамның миына қан дұрыс бармайды. Уақытында дәрігер көмегіне жүгінсе, аурудан толық айығып кетуге болады.
Дәрігермен дерті дендегендер туралы сөйлесіп тұрғанымызда жедел жәрдеммен елуді еңсерген әйел жеткізілді. Дәрігерлер шұғыл түрде науқастың қан қысымын өлшеп, басын томографиялық тексеруге алды. 2-ші дәрежелі инсульт. Науқастың денсаулығы туралы дерек қағазда 5 жылдан бері гипертониялық аурумен яғни, жоғары қан қысымымен есепте тұрғаны мәлім болды. Дәрілерді дер кезінде ішпеген, дәрігердің кеңесін алмаған. Нәтижесінде басы айналып, аяқ-қолы ұйып, талып қалады. Алғашқы көмектің барлығы жасалып, бақылауға алынды. Науқас денесінің сол жақ бөлігі толық жансызданып қалған. Сөйлей алмайды. Сол көзі де тартылып қалды. Бұл миға баратын қантамырдың жарылуы салдарынан болатын жағдай. Науқасты қалыпты өмірге қайтару үшін ұзақ уақыт ем алу керек. Бірақ бұл әйел енді мүгедек. Еңбекке жарамсыз. Семіп қалған аяқ-қолының да орнынан келуі екі талай.
Дәрігерлер осы жағдайдың алдын алғылары-ақ келеді. Жоғары қан қысымынан зардап шегетін жандар үшін үнемі дәрі ішіп, қан қысымын бақылап жүру керек. Бұл қағидалар орындалмаған жағдайда жоғарыда айтылған жағдай орын алады.
Дәрігердің айтуынша, инсульт тез пайда болады, алдын ала сезу қиын. Сондықтан қан қысымы жоғары, жүрегі ауыратын, қант диабеті бар адамдар өз денсаулығына аса жауапкершілікпен қарауы керек. Инсульттің алғашқы бастамасында адамның көңіл күйі бұзылады, басы айналады, тілі күрмеледі, бір жақ аяқ-қолы жансызданады. Егер аталған белгілер білінсе, дереу жедел жәрдем шақырту керек.
Инсультке көбіне алпысты алқымдағандар шалдығатын еді. Бірақ соңғы он жылда ауру көрсеткіші тым өзгеріп кетті. 40 жастағы адамдар да осы дерттің құрығына ілінуде. Тіпті 19 бен 20 жастағы қылшылдаған жастар да инсульт алады. Мұның негізгі себебін дәрігерлер шылым мен алкоголь және экологиямен байланыстырып отыр. Күйзеліс те аталған ауруға душар етеді. Адамдардың жүйке жүйесіне түсетін салмақ көп. Әрі артериялық қан қысымы, қант диабеті, жүрек ауруымен ауыратындар көбейді. Қозғалыстың аздығы мен құнарсыз тамақ — барлық аурудың бастамасы.
Инсульт орталығы 28 төсек-орынды. Заманауи техникамен жабдықталған. Оңалту бөлмесі де бар. Мұнда қол-аяғы семденіп қалғандар ем алады. Жаттығу арқылы аяққа тұрып кеткендер бар. Ең бастысы аурумен күресе білу керек. Еңбекке жарымды болады деген кепілдікті ешкім бере алмағанымен, өзі жүріп, өзі тұратын жағдайға жеткізі мұндағы әр дәрігердің басты мақсаты.
Ал қан қысымының алдын алғысы келетіндер жиірек қимыл-қозғалыста болғаны дұрыс. Адам қимылдаған сайын оның ішкі энергиясы да қуаттанып, іске қосыла бастайды. Сондай-ақ ағзадағы қан айналу процесі жақсара түсіп, адамның тәбетін арттырады. Зерттеулер біздің еліміздегі қан қысымымен ауыратын адамдардың ең басты қателігі дұрыс тамақтанбау.