Инсульт – қауіпті дерт

Инсульттің алғашқы бастамасында адамның көңіл күйі бұзылады, басы айналады, тілі күрмеледі, бір жақ аяқ-қолы жансызданады

Облыстық клиникалық аурухана жанындағы инсульт орталығының ашылғанына 1 жыл болды. Осы уақыт аралығында орталықта ем алғандар көп. Орталықтың меңгерушісі Нұрқасым Әбдуәліұлының айтуынша, инсульт алып, орталыққа шұғыл жеткізілетін науқастардың саны артып отыр.

Инсульттің алғашқы бастамасында адамның көңіл күйі бұзылады, басы айналады, тілі күрмеледі, бір жақ аяқ-қолы жансызданады
Инсульттің алғашқы бастамасында адамның көңіл күйі бұзылады, басы айналады, тілі күрмеледі, бір жақ аяқ-қолы жансызданады

Инсульт — бастың қан айналым жүйесінің жедел бұзылуы. Бастағы ми қан тамырларының зақымдануы және қан тамыр жүйесінің түрлі ақаулары инсультке шалдықтырады. Инсульт екіге бөлінеді. Біріншісі – геморрагиялық. Бұл бас миына немесе оның сыртқы қабығына қан құйылуы. Екіншісі – ишемиялық. Бұл бас миының инфаркті. Ең қауіпті түрі – геморрагиялық инсульт. Мұндай кезде адам есінен танып қалады. Инсульттің бұл түріне шалдыққандардың 70%-ы көз жұмады. Ал ишемиялық инсульт алған адамның миына қан дұрыс бармайды. Уақытында дәрігер көмегіне жүгінсе, аурудан толық айығып кетуге болады.

Дәрігердің айтуынша, инсульт тез пайда болады, оны алдын ала сезу қиын. Сондықтан қан қысымы жоғары, жүрегі ауыратын, қант диабеті бар адамдар өз денсаулығына аса жауапкершілікпен қарауы керек. Инсульттің алғашқы бастамасында адамның көңіл күйі бұзылады, басы айналады, тілі күрмеледі, бір жақ аяқ-қолы жансызданады. Егер аталған белгілер білінсе, дереу жедел жәрдем шақырту керек.

Инсультке көбіне алпысты алқымдағандар шалдығатын еді. Бірақ соңғы он жылда ауру көрсеткіші тым өзгеріп кетті. 40 жастағы адамдар да осы дерттің құрығына ілінуде. Тіпті 19 бен 20 жастағы қылшылдаған жастар да инсульт алады. Мұның негізгі себебін дәрігерлер шылым мен алкоголь және экологиямен байланыстырып отыр. Күйзеліс те аталған ауруға душар етеді. Адамдардың жүйке жүйесіне түсетін салмақ көп. Әрі артериялық қан қысымы, қант диабеті, жүрек ауруымен ауы-ратындар көбейді. Қозғалыстың аздығы мен құнарсыз тамақ — барлық аурудың бастамасы.

Облыстық клиникалық аурухана жанындағы инсульт орталығы 28 орынға арналған. Заманауи техникамен жабдықталған. Оңалту бөлмесі де бар. Мұнда қол-аяғы семденіп қалғандар емделеді. Жаттығу арқылы аяққа тұрып кеткендер де бар. Дегенмен зерттеулер көрсетіп отырғандай біздің еліміздегі қан қысымымен ауыратын адамдардың ең басты қателігі дұрыс тамақтанбау болып отыр.

Ақмарал МЫРЗАХМЕТОВА