-
Шымкент қалалық жедел жәрдем ауруханасы жанынан өткен жылдың маусымынан бері инсульттік орталық ашылып, миына қан кеткен науқастарға көмек көрсетіп келеді. Орталықта 33 жылдық тәжірибесі бар Мамыр Төленбайұлы Дайрабековтің айтуынша, соңғы кездері науқастарға пайдаланып жүрген актилизе дәріден айығып кетушілер көп екен. Бұл дәрінің қасиеті сол, егу жасалған соң 24 сағатта науқастың семіп қалған қол- аяғы қимылдап, жан бітеді.
- Дәріні тек уақытылы дәрігер көмегіне жүгінгендерге ғана салады. Егер қол аяғыңыздың ұйып, салдана бастағанын байқасаңыз 4 сағаттың ішінде салынған осы Актилизенің пайдасы көп. Ауыр халдегі науқас та аурудан толық айығып кете алады. Өткен жылы осылай 12 ауруға актилизе салынып, олар мүгедектік пен өлімнен аман қалған көрінеді.
- Ми қан тамырлары ішіндегі тромбтарды ерітетін «актилезе» мемлекет тарапынан бөлінген қаржыға сатып алынған. Бір ампуласының құны-150 мың теңге тұрады. Бұл тегін медициналық көмектің ішіне кіретін дәріні аурудың инсульттің белгелері біліне бастағаннан 4 сағат ішінде егілуі қажет деп қайталаудан жалықпады дәрігерлер. Өйткені, көп науқас аяқ-қолы істемей қалған соң бірталай уақыт өткен соң, ауруханаға келетін көрінеді.
- Әсіресе, құбылмалы ауа-райы қан қысымының көтерілуіне әсер етпей қоймасы анық. Созылмалы аурулар, артериялық гипертензия, яғни жоғары қан қысымы бар, шылым шегіп, алкогольді ішімдіктерге әуестенетін, жүрек аурулары бар, қант диабеті мазалап, май алмасуы бұзылған адамдар инсульт алуы мүмкін топқа енеді.
Инсульттің жиі кездесетін белгілерін сізде байқауыңызға болады. 1-ші — бетте, қолда, аяқта, шынтақта көбінесе бір жағынан әлсіздік, ауырлық сезімі кездеседі. 2-ші — сөйлеудің бұзылысы — керекті сөздерді айтуға қиналады, анық айта алмайды. 3-ші — көрудің бұзылысы — қосарланып көріну, бұл бұзылыс көбіне бір көзде болады. 4-ші — тұрақтылықтың бұзылысы — теңселу, айналу, жүрістің тұрақсыздығы орын алады.
Инсульт бар деген күдік туған жағдайда, науқас дәрігерге қаралғанға дейін өз жағдайын осылай бағалай алады: Мәселен, науқас тісін көрсете ала ма және күле ала ма? Егер патология болса, беттің бір жақ беті екіншісінен төмен қозғалады; Науқас көзін жұмып, екі қолын алдыға ұстап тұруы. Инсультте бір қолы қозғалмайды немесе төмен түсіп кетеді.