Көш соңында тағы да Сарыағаш пен Қазығұрт түлектері

Облыстық білім басқармасының бастығы- Альбина Елшиева
Облыстық білім басқармасының бастығы- Альбина Елшиева
Облыстық білім басқармасының бастығы- Альбина Елшиева

Оңтүстікқазақстандық мектеп түлектерінің биылғы ҰБТ-де қол жеткізген көрсетікштері былтырғы жылмен салыстырғанда 5,61 балға жоғары. Бұл туралы осыдан бірер сағат бұрын облыстық білім басқармасының бастығы Альбина Елшиева мәлімдеді.

Алдын-ала берген мәліметі бойынша, облыстың орташа балы 72,5 құрап отыр. Биылғы тестілеуде алдыңғы қатардан Сайрам, Түркістан аудандары мен шымкенттік мектептер көрінген. Ал Шардара, Қазығұрт, Сарыағаш аудандары екі жыл бойы соңғы орындардан көтерілмей келеді. Қазығұрт ауданында бір талапкер тестілеуден 7 балл ғана алған.

Бүгін күн соңына дейін өтетін аппеляциялық тексерулерден соң, оңтүстік өңірі бойынша толымды мәліметтер белгілі болады.

Жалпы айтқанда, ҚР Білім және ғылым министрлігі баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, 10-рет өткізіліп отырған биылғы ҰБТ үлгілі түрде өткен.

Биылғы жылы ҰБТ 155 тест тапсыру орталықтарында өткен. 2013 жылы демографиялық себептерге байланысты былтырғы жылмен салыстырғанда 14 мың оқушыға аз болыпты. Сондықтан, ҰБТ-ға 95,5 мың түлек немесе өтініш бергендердің 96 пайызы қатысқан. Тест тапсырмаларының сапасы жетілдірілді, бұған апелляция нәтижелері дәлел. 700 сұраққа апелляция берілсе, олардың 156 қанағаттандырылған.

Республика бойынша орташа балл — 74,5 құрады. Ол былтырғымен салыстырғанда, 3,6 баллға жоғары.  50 балл шектік көрсеткішке қол жеткізе алмағандардың саны 16 мыңға азайыпты. 2013 жылы — 27 465, немесе 28,8 %, 2012 жылы — 43 163 (37 %).

100-ден астам балл жинаған үміткерлер 400-ге көбейді. 2013 жылы — 11 167 ( 2012 жылы — 10 756).
125 балл — ең жоғары көрсеткішке 7 түлек қол жеткізді (2012 жылы — 3 түлек). Оның бірі шымкенттік түлек.

«Алтын белгіге» үміткер 4489 түлектің 1474, немесе 33,6 % өз білімдерін дәлелдеп шықты (2012 жылы — 25 %), оның ішінде қазақ тілінде — 1059, орыс тілінде — 391, қалғандары — өзбек және ұйғыр тілінде.

Яғни, ведомоствада барлық басты көрсеткіштер бойынша 2013 жылғы ҰБТ былтырғы жылдардағылармен салыстырғанда жоғары болған.

Білім және ғылым министрлігі басшысының пікірінше, басты себебі — оқушылар мен ұстаздардың оқуға деген көзқарасының өзгеруі. Мектеп оқушылары мен ұстаздары жоғары көрсеткіштерге қол жеткізу үшін мектеп пәндерін жаттау емес, терең әрі мұқият зерттеу қажеттігін түсіне бастағандығы екен.