Халқымыздың мақтанышы, маңдайға біткен аспан астындағы жалғыз мұражай шаһарымыз Түркістанның бас-ты құнды жәдігері Қожа Ахмет Яссауи кесенесінің қазіргі жағдайы алаңдатарлық жағдайға жетіп отыр. Бұлай деуіміздің себебі бар.
Таяуда Түркістан қаласына сапар шегіп, Яссауи бабаның басына барып, құран бағыштап қайтқанбыз. Кесенені аралай жүріп, бірнеше жүздеген жылдар бойы сақталып келген дуалдардың, кірпіштері мен оған жапсырылған өрнекті безендірулердің бүліне бастағанын көрдік. Суреттен байқап отырған да боларсыз, қайта жаңғырту бойынша жасалынған жұмыстардың сапасы сын көтермейді. Кірпіштері мүжіліп, оюлы, бедерлі сыртқы жабындысы түсе бастаған.
Барлықтарыңызға белгілі, кесенені жөндеу, қайта қалпына келтіру жұмыстары тоқсаныншы жылдардан бері жүйелі түрде жүргізіліп келеді. Дегенмен он шақты жыл толассыз жасалынып жатқан аталмыш жұмыстардың нәтижесінен гөрі кері әсері көбірек байқалады. Баба басына зиярат етіп келген туристер де кесененің ішінде емін еркін жүре алмаймыз деп наразы болуда. Себебі кесененің кіреберісіндегі үлкен Ақсарай күрделі жөндеуді қажет етеді деп, бірнеше жылдан бері іші өрмекшінің өрмегіндей болған сатыларға толып тұр.
Тайқазанға ақша салып, садақа беруге дағдыланған келушілер қазір бұлай істеуге рұқсат жоқ дейді. Мұражайға кіре берісте тұрған бір ақсақалды сөзге тартқанбыз. Өзін Бегалы деп таныстырған ол мұндағы істелініп жатқан жұмыстарға көңілі толмайтынын білдірді: «Бітпейтін жөндеу жұмыстарынан мезі болдық, кесененің ішін аралайын десек, кіре берістен-ақ қорқынышты көрініске тап боласың, үстіңнен анталап тұрған сатылар басыңа құлап кететіндей. Бұл жөндеу қашан бітетінін қайдам, 15 жылдай болған шығар, қашан көрсең жөндеуден көз ашпайды. Бұл меніңше кесенені әдемілеп жатырмыз деп сылтауратқан басшылардың жұмысты соза түскен сайын пайданы да көбірек табамыз дейтін арам пиғылдарының кесірі сияқты».
Эмоциямен айтылса да ақсақалдың кейбір сөздерінің жаны бар. Расын айту керек қой, мұндағы қайта жаңғырту, күрделі жөндеу жұмыстары еш толастаған емес. Қорық мұражай аумағындағы Рәбия Сұлтан-бегім кесенесінің күмбезі талай жылдан бері жөнделуде. Жөнделуде дегеніміз жай сөз, тек үстіндегі ағаштан жасалған тор ғана тұр. Төбесінде жұмыс істеп жүрген тірі жанды көрмейсің.
Осыдан біраз бұрын Елбасы Түркістанға келгенде «Қазреставрация» кәсіпорнының директоры Қанат Тұяқбаев Яссауи кесенесіне түріктер қайта жаңарту жұмыстарын жүргізгенін, бірақ олар пайдаланған заманауи оқшаулау материалдарының ежелгі құрылыспен астасып кете алмағанын айтқан еді. Содан да болса керек, біз дабыл көтеріп отырған кесененің табаны ылғалданып, қабырғалары түсе бастаған. Тіпті кесене төбесінің құлап кету қаупі бар көрінеді. Күмбездің төбесі жабындымен оралып, жан-жағына тіреу орнатылуы сондықтан екен.
Біздің айтпағымыз, құзырлы орындар осының бәрін бізден артық біледі, көріп те жүр. Дегенмен нақты жұмыстардың шеті көрінер емес. Кесене де, кесененің түсе бастаған дуалы мен кірпіштері де сол баяғы қаз қалпында. Ең қорқыныштысы, осындай асыл қазынамыз бір күндері опырылып, құлап қала ма екен деген қауіп бар. Олай дейтініміз білетіндердің айтуынша кесененің қабырғасы әбден зәктеніп, мүжіле бастаған көрінеді. Түркістан қаласы 6 балдық жер сілкінісі болуы ықтимал аймақта орналасқанын ескерсек, бұл қауіптің тектен текке шықпағанын байқауға болады.
Дәурен ӘБДІРАМАНОВ