«Қолжетімді баспана-2020» бағдарламасы талай қазақстандық азаматтың үмітін оятқаны анық. Қаншама жыл пәтер кезегінде тұрып, үйлі-жайлы бола алмай жүргендер үшін бұл расында да тамаша мүмкіндік. Елбасы тапсырмасын орындау үшін мүдделі органдар әкімдіктермен бірлесіп, тұрғын үй құрылысының негізгі бағыттарын анықтады. Сонымен қатар, қаржы ресурстарына қажеттілік есебі жүргізіліп, 2020 жылға дейін құрылыстың болжанған көлемі есептелген. Бағдарламаны іске асыру үдерісінде құрылыс салушылар мен жеке инвесторлардың қаражатын тарту да көзделмек. Бұл пайдалануға енгізілетін тұрғын үйлердің жалпы көлемін ұлғайта отырып, бюджет инвестицияларының мультипликативтік тиімділігіне қол жеткізуге мүмкіндік бермек. Нысандар салудың негізгі тетіктері жобаларды іске асырудың үш нұсқасын қарастырады. Атап айтқанда, нысандардың құрылысын жылжымайтын мүлік қорының жобалық-сметалық құжаттамасы бойынша және жеке инвесторлардың (құрылыс салушылардың) инвестициялық өтінімдері бойынша, сондай-ақ екінші деңгейлі банктерге нысаналы депозиттер орналастыру арқылы ұйымдастыру болып табылады.
Бұл ретте халыққа тұрғын үйлер сату, сатып алу құқығымен және жалға беру арқылы тікелей сату жолымен жүзеге асырылмақ. Ай сайын жалгерлік төлемнің бір шаршы метр үшін базалық мөлшері сатып алу құқығымен жалға беру арқылы үй-жайды сатудың бірінші жылы (2014 жыл) өтеудің аннуитентті әдісі кезінде 1 280-нен бастап 1 500 теңгеге дейін болады. Жылжымайтын мүлікті сатып алу құқығымен жалға беру арқылы халыққа сату осы өңірде тұрғын үйі жоқ және тұрғын үй жағдайын жақсартқысы келетін адамдарға жүргізілмек. Осы тұрғыда өтініш беруші өзінің төлем қабілетін растауы тиіс. Қор халықтың қажеттілігін қанағаттандыру үшін еліміздің барлық өңірлерінде қолайлылығы 3 класты қолжетімді тұрғын үйлер салуды жоспарлауда.«Қолжетімді баспана-2020» бағдарламасы бұйыртса, жұмыс орындарын құру, шағын және орта бизнесті, ілеспе салалар мен өңірлерді дамыту арқылы бірқатар әлеуметтік проблемаларды да шешеді деп күтілуде. Қорытындысында еліміз бойынша шамамен 50 мың отбасына тұрғын үй пайдалануға берілмек. Ал біздің облыс-та биыл «Баспана жылы» болып аталды. Жалпы, бүгінде баспанаға мұқтаж 14 мың азамат үй кезегінде тұр. Сала мамандары алдағы уақытта осы азаматтардың жартысына жуығын тұрғын үймен қамтуды көздеп отыр. Бұған биыл қолға алынған «Қолжетімді баспана-2020» бағдарламасының септігі де зор болмақ. Аталған бағдарлама екі бөлімнен тұрады. Жас отбасыларды баспанамен қамту бағдарламаның екінші бөлімінде қарастырылған. Ал бірінші бөлім бойынша кімнің үйлі болуға мүмкіндігі бар?
Кезекке тұру үшін азаматтар қажетті құжаттарды жинап, халыққа қызмет көрсету орталықтарына(ХҚКО) өткізеді. ХҚКО-нан тұрғын үй секторына жіберілген құжаттар «Е-әкімдік» бағдарламасына енгізіліп, сәйкестіктері тексеріледі. Қол қойылған құжаттар негізінде азаматтар кезекке тіркеліп, оларға кезек нөмірлері көрсетілген жазбаша хаттар ХҚКО-на жолданады. Құжаттары толық емес немесе жоғарыда көрсетілген нормативтік-құқықтық актілердің талаптарына сәйкес келмеген құжаттар жазбаша хатпен кері қайтарылады.
Мақпал РЫСБАЕВА
Гүлнар ӘШІРБАЕВА, Шымкент қалалық әкімдігінің тұрғын үй секторының меңгерушісі
– «Тұрғын үй қатынастары туралы» Заңының 67-74 баптарына сәйкес, коммуналдық тұрғын үй қорынан тұрғын үйге мұқтаж азаматтардың кезегі төрт тізім бойынша жүргізіледі. Олар: Ұлы Отан соғысының мүгедектері мен қатысушылары, халықтың әлеуметтiк жағынан әлсіз топтарына жататын азаматтар. Бұл азаматтар (жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды, мүгедек-балаларды қоспағанда ) құжат тапсырған уақытта орташа айлық табысы отбасының әрбір мүшесіне ең төменгі күнкөріс деңгейінің 3,1 еселенген мөлшерінен төмен болуы тиіс. Үшінші кезекте — мемлекеттiк қызметшiлер, бюджеттiк ұйымдардың қызметкерлерi, әскери қызметшiлер, ғарышкерлікке кандидаттар, ғарышкерлер, арнаулы мемлекеттік орган қызметкерлері және мемлекеттiк сайланбалы қызмет атқаратын азаматтар. Сондай-ақ, жалғыз тұрғын үйі заңнамада белгіленген тәртіппен авариялық жағдайда деп танылған азаматтар. Халықтың әлеуметтік жағынан әлсіз тобына жататын азаматтарға Ұлы Отан соғысының мүгедектері мен қатысушыларына теңестірілген адамдар, 1 және 2 топтағы мүгедектер жатқызылған. Сондай-ақ, мүгедек балалары бар немесе оларды тәрбиелеушi отбасылары, Үкімет бекiтетiн аурулар тiзiмiнде аталған кейбiр созылмалы аурулардың ауыр түрлерiмен ауыратын адамдар да осы санаттағылардан саналады. Жасына қарай зейнет демалысына шыққан зейнеткерлер мен кәмелетке толғанға дейiн ата-аналарынан айырылған жиырма тоғыз жасқа толмаған жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар да қоғамның әлсіз тобының өкілдері болып табылады. Бізде сондай-ақ, оралмандар, экологиялық зiлзалалар,табиғи және техногендi сипаттағы төтенше жағдайлар салдарынан тұрғын үйiнен айырылған адамдар, көпбалалы отбасылар, мемлекеттiк немесе қоғамдық мiндеттерiн, әскери қызметiн орындау кезiнде, ғарыш кеңістігіне ұшуды дайындау немесе жүзеге асыру кезінде, адам өмiрiн құтқару кезiнде, құқық тәртiбiн қорғау кезiнде қаза болған адамдардың отбасылары, толық емес отбасылар да заңнама арқылы осы топқа жатқызылған.